Қоғамның дертіне айналған орамал дауы
Қоғамның дертіне айналған орамал дауы
Өткен аптада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың оқушылардың хиджаб мәселесіне байланысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде біраз талқыға түскен болатын. Министрдің жауабына қанағаттанбағандар оның «иә» не «жоқ» деп нақты жауап бермеуін сан-саққа жүгіртті. Тіпті, бұрынғы министр Аймағамбетовтің хиджаб туралы кесімді пікірімен салыстырып, Ғани Бейсембаевты солқылдақтық танытты деп сынағандар да болды.
Алайда осы аптада өткен Үкімет отырысында министр өзіне қатысты айтылған сынға жауап беріп, хиджаб дауына қатысты нүктесін қойды.
– Конституция бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Енді біз көтеріп отырған сұрақ, яғни оқушылардың мектепке хиджаб киіп келуі осы мәселені шеше ала ма? Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуге тиіс. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауымыз қажет, – деді министр.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей соңғы он жыл шамасында жыл сайын тамыз айында мектеп оқушыларының хиджаб кию мәселесі көтеріліп келеді. Бұл ескі дауға қатысты министрлік арнайы бұйрық бар екенін, оның күшін жоймағанын жыл сайын мәлімдеп келеді. Оқушы сабаққа мектеп формасымен келуі керек деген бұйрыққа бағынғысы келмеген ата-аналар шетелде оқытамыз деп балаларының құжаттарын мектептен алып кетеді. Алайда олар Қазақстаннан асып ешқайда бармайтын көрінеді. Ал шетел мектептерінде онлайн оқытуды барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Осылайша, мектепте оқымай, білім алмай жатқан қыз балалар саны жылдан жылға көбейіп барады. Тіпті, көрші елдердің онлайн мектептерінде тіркелген қыздардың шын мәнісінде оқыған, оқымағаны белгісіз. Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы қылтияды. Елімізде құжат жүзінде жәй мектеп, бірақ іс жүзінде діни білім беретін мектептер пайда бола бастады. Олардың білім беру бағыты қаншалықты дұрыс екенін анықтап жатқан ешкім жоқ.
«Мектептерде хиджаб дауы өте асқынып кетті. Бұл бала құқын бұзу деген уәж екі жақтан да айтылып, балалардың сабақ процесіне кедергі келтіріп жатыр. Мектепке бармай, білім алмай надан күйінде қалатын қыз балалар саны жылдан-жылға көбейіп отыр. Бұл мәселені елемей қоюға болмайды» дейді QazBilim Group компаниясының басқарма төрағасы, қоғам белсендісі, білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы. Оның айтуынша, мектепте бірыңғай мектеп формасы қатаң сақталуы керек. Мектеп формасы жәй киім емес. Ол – тәрбие, сондай-ақ мектептегі әлеуметтік теңсіздіктің, ала-құлалықтың алдын алатын басты фактордың бірі.
– Біріншіден, біз зайырлы мемлекетпіз. Әр дін өз киімін білімге араластырмай, нақты ортақ тәртіпке бағынуы керек. Екіншіден, мектеп формасы елде біртұтас болуы керек. Жалпы, бірыңғай мектеп формасы деген стандарт толық сақталғаны дұрыс. Үшіншіден, адам дін ұстануын толық ақылы толғанда өзі шешуі керек. Бастауыш сыныптың оқушысына хиджаб кигізуді ақылым қабылдай алмайды. Төртіншіден, баланы білім алу құқығынан айыруға ешкімнің құқы жоқ. Сондықтан мектепте баласын оқытпай надан еткен ата-аналарға қатаң жаза болуы керек. Біздің елге ұлттық идеология, сапалы білім мен ғылым, дұрыс тәрбие керек, – деді білім сарапшысы.
Хиджаб киген қыздарға мектеп есігін жабу мәселенің шешімі емес, бұл баланың құқығын шектеу дейтіндер де бар. Еліміздің «Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі» ҮЕҰ жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова бұл туралы: «Мемлекет хиджаб киген қыздарды мектепке кіргізбеу арқылы олардың барлық құқығы мен бостандығын шектейді. Егер мемлекет ата-аналарға қарсы барлық сот процестерін жеңсе де, оларды әкімшілік жауапқа тартып, қамаса да, мұны жетістік деп санау қателік. Жекеменшік мектептер мен мемлекеттік мектептердегі бөлек кластар да бұл мәселенің шешімі емес, себебі мұның өзі бөлу», – дейді.
Спикердің айтуынша, мемлекет бір шешімге келіп, аталған жағдайдан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай шығатын жол іздеуі керек. «Мемлекет пен ата-аналар бір келісімге келмейінше бұл мәселе оқтын-оқтын көтеріле береді» дейді сарапшы.
Елімізде 2000 жылдардың алғашқы ондығында дінге бет бұрғандар саны күрт көбейгенін білеміз. Дәстүрлі және дәстүрлі емес уағызшылардың белсенділігі артып, мешітке баратын, діни рәсімдерге қатысатын жастардың қарасы көбейді. Бүгінде сол жастардың балалары мектепке баратын жасқа келді. Қоғамда орамал мәселесінің жиі көтерілуінің бір себебі осында болса керек.
– Біздің қоғамда исламды экстремизм, терроризммен байланыстыратын түсінік қалыптасқан. Олардың пікірінше орамал діннің емес, экстремизм, радикализмнің атрибутикасы. Екіншіден, тәңіршілдік көзқарастамыз дейтіндер саналы түрде исламофобиямен айналысып жатыр. Яғни, мұсылманға қатысты дүниелердің барлығын қазаққа жат, ислам – арабтарға тән деп, мұсылмандарға тән атрибутиканың бәрін орта ғасырға тарту деп, өздері орта ғасырдан да ертеге тартып жатқанын түсінбейді. Сондықтан орамалға рұқсат берген жағдайда қоғамда үлкен резонансты жағдай туындауы мүмкін. Қарсы тараптың айтатын уәжі орамалмен шектелмейтінін ескеруіміз керек. Ұл балалар мен қыз балаларды бөлек оқыту, ән-күй, бейнелеу өнері сабақтары жүргізілмеуі керек деген мәселелер пайда болады. Бірақ менің ойымша, бұл қоғамның алдын ала ойлап тапқан гипотезасы. Яғни, қорқыныштан туындаған дүние. Әйтпесе, Еуропаның көптеген демократиялық елінде,
Малайзия, Индонезия елдерінде орамал – конфессиялық ерекшелік. Әр адам қандай конфессияға тиесілі екенін өзі анықтайды. Еуропаның кейбір мемлекеттерінде діни сабақ жүргізіледі. Христиан діні туралы сабаққа мұсылмандар қатыспауға құқылы. Демократиялық құндылықтарға бейімделген мемлекеттерде ондай үрей байқалмайды.
Әрине, экстремизм, терроризммен құқық
қорғау органдары айналысады. Ал жаппай халық ол нәрсемен басын қатырып жатқан жоқ, – дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы.
Орамалға қатысты білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы да өз ойын білдірген екен. Оның айтуынша, біз бүгін қыз балалардың мектепке хиджабпен келуіне рұқсат берсек, ертең ұл балалар сабақтан босатып, мешітке намазға жіберуге сұранады.
– Ары қарай кейбір ата-аналар «балалардың қауіпсіздігі» деген сылтаумен мектепте намаз оқитын зал ашуды талап етпесіне ешкім кепілдік бермейді. Құқықтануда «прецедент» деген ұғым бар. Қазақстанда мұсылмандардан өзге христиан-православтар да жетерлік. Оларға да икона іліп, шоқынатын бұрыш ашып береміз бе? Сосын елімізде тыйым салынбаған өзге діни сенім өкілдері – католиктер, иудейлер, буддашылар да бар. Ертең олар да өз наным-сенімдерін орта білім саласына тықпалайды, – дейді сарапшы.
Қазақстан – мемлекеттің зайырлылығы мен қауіпсіздік мәселесін алға тартып, мектепте хиджаб киюге тыйым салған жалғыз ел емес. Орталық Азия елдері исламдық экстремизм билікке қауіп төндіруі мүмкін деген сеніммен діни фанатизмді қатты бақылауда ұстап отыр. Қырғыз республикасы мен Тәжікстан үкіметтері хиджаб киетін қыз-келіншектер көбейген соң орта және жоғарғы білім беру мекемелерінде орамал тағуға тыйым салды. Өзбекстан Үкіметі де қоғамдық орындарда хиджаб киюге рұқсат бермейді.
Елімізде барлық азаматтардың сенім бостандығына еркіндік берілген. Мектептен басқа жерлерде хиджаб киюге тыйым салынбаған. Сондықтан орамал мәселесінде асығыстыққа салынбай, жан-жақты сараптап, ақылмен шешім қабылдағанымыз жөн секілді.
Арайлым БИМЕНДИЕВА