Сұхбат

Еуропада 1 жылда 100 мәрте топ жарған қазақ жокейі кім?

ашық дереккөзі

Әлеуметтік желіге Бауыржан Мырзабаев деп терсеңіз, «Еуропадағы үздік жокей», «Чехияның үздік жокейі – қазақ», «Германияда рекорд жаңартқан қазақ шабандозы» деген тақырыптарды көзіңіз шалады. Қазақстандағы көпшілікке есімі енді белгілі бола бастаған Бауыржан шынымен Еуропада үздік шабандоз ретінде сұранысқа ие спортшы. Ол – Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ жокейшілердің Еуропа чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, екі рет жеңімпаз атанған. Ат спорты футболмен пара-пар саналатын Еуропадағы ірі жарыстарда топ жарып, қазір Франция чемпионатында атой салуды көздеп жүрген Бауыржанға хабарласып, әңгімелескен едік.

– Жастайынан атқа шапқан сіз­дің бір орында тұрып қалмай, шет­ел асып, жокей мектебінде білі­мін жетілдіріп, шеберлігін шың­­дауға талпынғанын оқып қай­ран болдық. «Шабандоз жай хоб­би емес, бұл – кәдімгідей бе­дел­ді мансап түрі» деп сізді біреу ба­ла кезден же­теледі ме? Әлде ра­сымен бұл спортқа ерте жастан ден қойдыңыз ба?

– Мен Жетісу облысы Кербұлақ ау­даны Шұбар ауылында дүниеге кел­дім. Ауылда тұратындар көбіне мал асырап, шаруашылық ұстайды ғой. Қала берді, бәйгеге қызығады. Ат баптайды. Сол секілді менің әкем де ат баптап, бәйгеге қызықты. Сөй­тіп, жеті жасымнан бастап атқа шап­тым. Бәйгеден оза шауып, жүл­делі орындар алып жүрген соң, әкем мені Ұлыбританияға жо­кейдің мек­тебіне жіберуді үнемі айтатын. Алай­да сол кезде бұл маған орындалмас ар­ман секілді көрінетін. Дегенмен түп­тің түбінде болашағымды осы спортпен байланыстырғым келетін. Бізде бәйгеге балалар ғана шабады ғой. Бәйге десе ішер асын жерге қоя­тын олардың бірте-бірте оқу үлгері­мі нашарлайды. Әдепкіде оқуға ын­тасы болған бала бәйгеден 500 мың теңге ұтып алған соң, «Осы жас­тан бас­тап өз күнімді өзім көре ала­ды екен­мін-ау» деп бәйгеге қа­тысуды ға­на ойлайды. Дегенмен 13-14 жасқа тол­ғанда салмағы ар­тады да, оны еш­кім бәйгеге қосқысы кел­мейді. Ал оған дейін сабаққа көңіл бөлмеген ол оқу бағдарламасын жалғастырып әкете ал­май­ды. Бір жағынан обал-ақ. Үлкендер олар­ды атқа шабуға қызықтырып алады да, кейін ке­рек қылмайды. Содан соң олардың бола­ша­ғы бұлдыр, келешегі күңгірт болып, бір орын­да тұралап қалады. Мен де сол жолмен келе жат­қан едім. Десе де, шетелдегі бәйгені көріп, сыртқа шығып жүргендер шабандоздардың бо­ла­шағы тіпті де бұлдыр емес екенін айту­мен болды. Маған екінші әкемдей болған, Ал­маты ипподромының бұрынғы директоры Нұр­лан Тілеулесов таныстары арқылы ат спор­тының отаны саналатын Ұлыбританияға не­месе Италияға оқуға жіберу туралы ұсыныс айтты. Ақырында ол жақпен келісе алмай, 2009 жылы Чехиядағы жокей мектебіне оқуға түс­тім. Жалпы, ат спорты дамыған елдерде жо­кей мектебінде оқуға қызығатындардың қа­расы көп. Мысалы, Жапонияда жокей мек­тебіне жылына 600-700 бала жазылады, бірақ оның алтауы ғана оқуға қабылданады. Мен Чехиядағы мектепте үш жыл оқып, дип­лом­мен пара-пар кәсіби жокей лицензиясын ал­дым. Сөйтіп, Еуропада өтетін жарыстарға қа­тыса бастадым.

– Бір сұхбатыңызда мектептегі бап­керіңіз бәйгеге қатыстырғысы келмей, қа­сына көмекшісі етіп алғысы келгенін айт­қан едіңіз. Ол ортадан сытылып шы­ғып, ауызымен құс тістеген еуропалық ша­бандоздардың қатарына қосылу ра­сымен қиын болды ма сонда?

– Еуропада туып-өскендерге ондағы жо­кей мектебіне түсу оңайырақ болды. Олар мен секілді алыстан ат арытып, қиналып кел­ген жоқ. Сондықтан мен олардан кем емес екенімді дә­­­лел­дегім ке­ліп, оқуға ерек­ше ден қой­дым. Дей­­тұр­ған­­мен, он­­да­ғы бап­­­кер ме­­ні жо­ға­ры­лат­қы­сы кел­мей, бәйгеге аралас­тыр­ғысы келмеді. Егер жокей болып кетсем, жеті сайын жарысқа кетіп қаламын. Мектептегі жұ­мыстарға ат салыса алмай қаламын. Сон­дық­тан мені тежеп, қасында қалдырғысы келді. Алайда университет бітірген маман қалай жұмысқа орналасуды қаласа, мен де жо­кей лицензиясын алған соң кәсіби ша­бан­доз атанып, жұмыс істеуді көздедім. Десе де, мұнда айта кететін бір жайт бар. Ат иелері бәленбай миллион, тіпті 100 мың долларға сатып алған атына онша ешкім танымайтын, тәжірибесі аз жас шабандозды отырғызбайды. Сонша іздеп, әрі қомақты ақшаға сатып алған соң, олар тіс қаққан, тәжірибелі шабандозды қа­тыстырғысы келеді. Сондықтан бастапқыда жо­кей мансабын бастау қиынға түсті. Сені он­да ешкім танымайды. Еуропалық емессің. Сырт­тан келген қазақсың. Тіпті, қазақ деген ұлт бар екенін білмейтіндер баршылық. Біл­ген күнде де көзқарасы басқаша. Оған қоса, сіз­де тәжірибе жоқ. Бұрын-соңды еуропалық жа­рыстарға қатыспағансыз. Сөйтіп, бірте-бір­те өзімнің кім екенімді дәлелдеуге барымды салдым. – Көп ұзамай Чехияның үш дүркін чем­пионы атанып, ат иелері мен бап­керлер таласатын шабандозға айнал­дыңыз.

– Ат спортында дзюдо, күрестегідей бір күн­де чемпион атанбайсың. Бүгін үш жарыста ешкімге дес бермей келсең, ертең бір сайыста ғана мәре сызығын бірінші болып кесуің мүм­кін. Ал одан кейін ұтылып қалуың мүм­кін. Жыл бойы өткен жарыстарда кім көп ұт­ты, сол шабандоз чемпион деген атқа лайық деп танылады. 2013, 2014, 2015 жыл­дары Чехия чемпионы атандым. Негізі, төрт мәр­те жеңімпаз атанар едім, бірақ ол чем­пио­нат­та екінші ұпайым жетпей қалды. Одан бө­лек, жокейшілердің Еуропа чемпионатында бақ сынадым. Жылына бір рет өткізілетін бұл бә­секеде бір күн ішінде жеті-сегіз сайысқа қа­тысып, Еуропа чемпионы атағына тала­са­сың. Қазақстан атынан қатысуға рұқсат алған мен 2016 және 2018 жылдары сол сайыста чемпион атандым. Сол кезде жеңіс тұғырында тұрғанда біздің ескі әнұран шырқалып, бір қызық болған (күліп). Бұл жарыстардан бө­лек, дербиде топ жардым. Дерби – жылдың үз­дік бәйгесі. Чехия, Германия, Франция дер­биі деп аталатын жарыстар – ат спортында ең беделді жарыстар. Оны ұту – әр жокейдің ар­маны. Жалпы, жокейдің мансабындағы ең үл­кен екі атақ – чемпионат және дерби жеңім­пазы. Бағым жанып, ол дербилерде де бірін­ші келіп жүрдім.

– Содан соң Германияға қоныс ау­да­рып, онда төрт жыл қатарынан чем­пион­дық атағыңызды абыроймен қорғап, та­нымалдығыңыз арта түсті. Жергілікті ба­сылымдар сіз туралы жарыса жазға­нын газет қиындыларынан байқадық.

– Чехиядағы ат спорты Еуропаның басқа ел­деріне қарағанда кенжелеп қалған. Ондағы ат жарыстары жарты-ақ жыл әрі сенбі, жек­сен­бі күндері ғана өткізіледі. Жүлде қоры аз. Бір­ақ бастапқыда жеңімпазға берілетін сыйа­қы маған қыруар ақша болып көрінетін. Че­хия­да жүргенде ірі жарыстардың көбін ұтып ал­ғандықтан, одан да биік межені еңсергім ке­леді. Сосын жасырып не керек, жақсы ақша тап­қым келді. Сөйтіп, 2017 жылы Германияға қо­ныс аудардым. Бірінші жылы 46 жарыс ұтып, чемпионатта он үшінші орынға табан тіре­дім. Келесі жылы он алтыншы орынға тұрақ­тадым. 2019 жылы бағым мен бабым ке­лісіп, чемпион атандым. Содан соң төрт жыл қатарынан чемпион атанып, жыл соңын­да төрт рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Был­тыр Гамбургте өткен дербиде бірінші орынды иелендім.

– Бір жылда жүзге жуық жарыста мә­ре сызығын бірінші болып кесіп, ре­корд орнатқаныңыз көп жерде жазы­ла­ды. Сонда Германия чемпионатында сіз­­ге дейін ешкім мұндай көрсеткіш көр­сетпеген бе?

– Жаңылыспасам, 2007 жылы Германияда бір жокей бір жыл ішінде жүзден астам сайыс­та жеңіске жеткен. Араға он бес жыл са­лып, бұл рекордтың мұртын мен бұздым. Бір жылы 111, одан соң 115 жарыста топ жар­дым. Екі рет жүзден асырғаным есімде. Одан соң бұл көрсеткішке ешкім жете алмады. Жал­пы, Чехияда қанша жерден танымал әрі үш жыл қатарынан чемпион болсам да, Гер­ма­нияға келген кезде бәрін басынан бас­тайсың. «Адам ортаға мінезімен сияды» де­мек­ші, шашасына шаң жұқпайтын шабандоз бол­саң да, көпшілікті көркем мінезіңмен бау­рап аласың. Әрі сенімге кіру де оңай емес. Кей­бір кезде құны қымбат, жүйрік атқа шап­қаныңды бапкер қалағанымен, ат иесі қа­ла­мауы мүмкін. – Футболшылар секілді сіздерде де жеке агент болатыны рас па?

– Иә. Менің жоспарымды құратын аген­тім бар. Күнде жарысқа қатысамын. Жолда бола­мын. Жоспар құруға шамаң болмайды. Қай жерде қандай жарыс өтеді, қандай қа­шық­тыққа шабуға тиіс, қандай аттар қаты­сады, олардың жасы қанша, ең көп шапқаны қайсысы? Ондағы деректерде тіпті аттың ене­сі туралы деректер бар. Агентім осының бә­рін жіті зерттеп, маған ең жүйрігін табуға ты­рысады. Сосын бапкерге хабарласып, «Сіз­дер бәйгеге қосқан атқа Бауыржан шапса бола ма?» деп ұсыныс айтады. Олар ол уақытқа дейін басқа шабандозбен келісіп қойса, екін­ші­сіне хабарласып, ақырында лайығын та­бады. Осылайша, менің әр жарысқа қамсыз қатысуыма жағдай жасайды.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан был­тыр Жапонияда өткен жарыстарға қатысқаныңызды байқадым. Ол елге қалай шақыртылдыңыз?

– Германия чемпионатын ұтып алған ша­­­бандозға Жапонияға үш айға баруға жағ­дай жасалады. Былтыр Күншығыс еліне ба­рып, онда да жоғары нәтижелерге қол жеткіз­дім. Үш айда 21 бәйге ұттым. Жоғарыда айтып өткенімдей, Жапонияда ат спорты қарқынды да­мыған. Тоқсан мыңға жуық халық иппод­ром­нан тамашалайды. Ондағы ең аз жүлде қо­ры – 100 мың еуро. Тек жарыстар Франция­да­ғыдай күнде емес, сенбі, жексенбі күндері өткізіледі.

– Сізді Германияда тұратын болар деп ой­ласам, қазір Францияға қоныс ауда­рып­сыз. Францияның чемпионатын бағын­дыруды көздеп жүр екенсіз. Мұнда да бұрынғыдан биік межені еңсеру үшін көш­­тіңіз бе? Франция чем­пио­на­тының Гер­маниянікінен айыр­машылығы неде?

– Жапонияға келмес бұрын ат спор­тында жоғары беделі бар, 77 жас­тағы француз бапкер сонда өнер көрсету туралы ұсыныс айт­қан еді. Одан бөлек, Франция же­рінде өте­тін жарыстарға тігі­ле­тін жүлде қоры да қомақты. Онда бір жылға 280 млн еуро тігілсе, ал Гер­ма­ниядағы жылдық жүлде қоры – 14 млн еуро. Арасы жер мен көк­тей. Оның үстіне, Германияда бәй­ге тек сен­бі, жексенбі күндері ғана ұйым­дастырылады. Ал Франция­да күн сайын өткізіледі. Тіпті кей күн­дері бір күнде бірнеше жерде жарыс өте­­ді. Ал мұндай қай­на­ған ор­тада бә­секе көркі қыза тү­­сіп, азарт пен ат­мос­фе­ра айрықша екені ай­дан анық. Оған қо­са, ат спор­­­тын­да­ғы­лар Фран­ция­­да­ғы ең үз­дік бап­кер деп мойын­дай­тын бі­лікті ма­ман ұсыныс айт­қан соң, ой­лан­­бас­тан осында қоныс аударуды ұй­ғар­дым.

– Ат спорты – ең қымбат, бай-қуат­ты­лар ақшасын аямай салатын спорт түр­лерінің бірі. Жүлде қо­ры­ның үлкен бө­лі­гін мәреге бірінші болып жеткен аттың ие­сі ала­тыны түсінікті. Ал шабан­доз­дарға жал­пы жүлде қоры­ның қанша пайызы тө­ленеді?

– 5-7 пайызын ала­мын. Жалпы, бұл спорт­­­та тігілетін сы­йа­­қы мөл­­шері әр­түр­лі. Бі­рін­­де бес мың еуро бол­са, ал енді бірінде бес млн еуро көлемінде сыйақы беріледі. Сон­дық­тан осындай қомақты жүлде қоры бар жа­рыс­ты ұтқаның тиімдірек. Алайда мен байқа­ға­ныңыздай, көп жарысқа қатысуға тырысамын. – Сіздің кәсіби бишілерден бетер қа­таң диета ұстанатыныңызды оқып, таң­ғал­дым.

– Иә. Мен ең төмен елу бес келі салмақта қа­­­тысамын. Салмағыңыз неғұрлым жеңіл бол­са, соғұрлым көп жарысқа қатыса аласыз. Ша­бандоздың салмағы үлкен рөл ойнайды. Сон­дықтан дене қалыбымды ұстап тұру үшін спорт­тың түр-түрімен айналысамын. Көп жү­гіремін. Салмақ қуалаймын. Аз тамақ жей­мін. Үш мезгіл тамақ ішу деген жоқ. Көбіне ка­лорийі аз тағамдар мен салаттар жеймін. Де­малыс күндері бір жаққа барып, тынығуға уа­қыт тапсам да, салмағымды қатаң бақы­лау­да ұстауға мәжбүрмін. Өйткені бір демалғанда үш-төрт келі қосып аламын да, апта басында бас­талатын жарысқа қатысу үшін салмақ қуа­лап, әлекке түсемін. Сіз ойлағандай емес, жо­кейлер қатаң режим ұстанады. Қазір Фран­цияда күн сайын жарысқа қатысып жүр­ген­дік­тен, тәулік бойы тек жарысты ойлаймын. Үй­ге түннің бір уағында келсем де, келесі өте­тін жарыс ойымнан кетпейді. Қазір сізге сұх­бат берген соң, ертеңгі жарысқа дайын­да­ла­мын. Үйде отырмаймын. Елге сирек бара­мын. Жеке өмірге де уақыт бөле алмай жүр­мін.

– Сізбен таныспайынша шабан­доз­дың жұмысы осыншалық қиын, күн­де­лікті режимі қатаң деп ойламаппын. Мұн­дай тұрмыс салтына шыдас бермей, шар­шаған кезде немесе ұтылып қалған кез­де қолды бір сілтеп, бәрін тастап, ке­тіп қалғыңыз келетін сәттер болған шы­ғар.

– Әлбетте, болды. Мұнда салмақ қуалау, қа­таң режимнен бұрын сырттан келіп түсетін сын-мінге шыдас беруің қажет. Жапонияда тоқ­сан мың көрермен бақылайды дедім ғой. Сол секілді Францияда да ипподромға келе­тін­дер көп. Қала берді, үйде теледидар ал­дын­да телміріп отырып көретіндер жетерлік. Ат спортына қызығатындар арнайы мобильді қо­сымша арқылы ақша тігіп, тақымын қысып, жа­рыстың басталуын тағаттана күтіп оты­ра­ды. Сіз маған бір сайыста жүз еуро тіктіңіз де­лік. Бірақ мен сол күні ұтылып қалдым. Сіз­дің көңіліңіз түсетіні анық қой. Мұндайда еуро­палықтар «Дұрыс шаппады. Бүйту керек еді. Сөйту керек еді» деп пікірін қарша бора­та­­ды. Кейбірі әлеуметтік желіге пікір қал­дырады. Ал журналистер газет-журналдарға бұл туралы сыни мақала жазады. Мұнда тек ат спортына арналған телеарналар бар ғой. Олар да үндемей қалмайды. Мың жерден чем­пион болсаң да, бәрібір сен бөтенсің. Сен – қазақсың. Кішкене бір қателігің үлкен болып көрінеді. Бейнелеп айтсам, мұндайда жіберген бір қа­те­лігің бес жеңісіңнен жоғары болады. Алай­да, мен сынды дұрыс қабылдаймын. Морт сы­нып қалмаймын. Тіпті, мен туралы не жа­зылғанын оқымаймын. Жалпы, айналаң­ның астан-кестеңі шығып жатса да, бала кезден бері арманыңның орындалуына аз қадам қал­ғанда бәрін тастап кетуге дәтім шыда­май­ды. Екіншіден, басқа салаға бет бұрсам, жа­ла­қым бұдан төмен болатыны белгілі. Мұнда қо­мақты қаржы тауып жүргендіктен, аз ақ­ша­ға жұмыс істегің келмейді. Үшіншіден, бәй­геге шапқанның адреналині бөлек. Сексен мың адам тесіле қарап тұрған кезде мәре сы­зығын бірінші болып кесіп, сосын қайта ай­налып, көпшіліктің алдымен жүріп өткенде ор­найтын атмосфераны, сол кездегі эмоциям­ды ешқандай сын есім сипаттай алмайды. – Бір қызығы, сізді Қазақстаннан гө­рі Франция, Германия, Жапония ел­де­рінде көп таниды. Еуропада атой салып жүр­геніңізге он төрт жыл болса да, біз­дің журналистер сіз туралы бертін келе ғана жаза бастады.

– Мен бұл спортпен айналысқалы бері дү­ние жүзін шарлап шықтым. Білесіз бе, бұл ең әділ спорт түрі болғандықтан әлі күнге дейін маңы­зын жоғалтпай келеді. Футбол­шы­ларды ақ­шаға сатып алуға болады. Казинода ұтылуға әке­ліп тірейтіндей қитұрқы әрекет­тер жасау­ға болады. Ал ат жарысына ақша тік­кен кезде сіз атқа «Бүгін ақырын шап. Ер­тең қарқының­ды үдет» деп айта алмайсыз ғой. Таза, әділ спорт. Спортқұмар байлар да сол үшін көп ақ­ша тігеді. Айналымнан қайт­қан ақшаға қай­тадан бәйге ұйымдастырады. Сөйтіп, жүл­де қоры өз-өзін «ақтап» алады. Ал Қа­зақ­стан­дағы көпшіліктің мені неліктен та­ны­май­тынын сөз етсем, Еуропада жалғыз қа­зақ ша­бандоз болғандықтан аса мән бер­мейтін бо­лар. Жалпы, біздің елде, әсіресе, қала тұр­ғындары бәйгеге қатысқан шабандозды ал­қапта мал бағып жүретін малшыға теңейді ғой. Шаңы аспанға көтеріліп, ойдым-ойдым бол­ған жерлердегі бәйгені көрген олар мұны спорт деп қабылдамайды. Бірақ Қазақстаннан шетелге барып, ат сатып алып жүр­­­гендер, жалпы ат спортының төңірегінде жүргендер шабан­доз­дың мансабы футболшыдан кем емес екенін, Еуропада бұл спорт футболмен бірдей екенін жақсы біледі. Қазақстанда әншілер қалай танымал болса, мұнда жокейлер дәл сондай деңгейде құрметтеледі. Есімі белгілі жокейлерді бағдарла­маға шақырады. Түрлі іс-шараға қатыстырады. Жапонияда жүргенде қолтаңба беруді үйрен­дім (күліп). Одан бөлек, көп хат жазады. Үй­дегі пошта жәшігіне суреттер салып кетеді. Қайыра айтқанда, бізді ерекше құрметтейді.

– Бір әңгімеңізде Қазақстандағы ат спор­тының ахуалына налып, мұны Еуропадан кем емес қылудың жолдары бар екенін айтқан едіңіз. Бұл спорттың Еуропадағыдай беделін асқақтату үшін бізге не істемек керек?

– Осы ретте айта кететін жайт, үлкендер «Біз жылқыны жақсы білеміз», «Жылқыны бізден жақын тартатын ұлт жоқ» деп айтады ғой. Еуропада жүргенде бұлай ойлау қате еке­нін түсінесің. Бәлкім, бірнеше ғасыр бұрын жыл­қыны бізден артық баптайтын адам бол­маған шығар. Дегенмен қазір бізде жылқы баптау ісіне немқұрайлы қа­рай­­тыны рас. Мұндағы ат баптау дәс­­түрі мүлде басқаша. Күллі әлем ағыл­шын тұқымдас жылқыны ға­на жарысқа қатыстырады. Одан жүйрік жылқы жоқ. Қазақ, араб аттары ағылшын тұқым­дас­тарды басып оза алмайды. Ат спорты Англия, Франция, Жапо­ния экономикасына пайда әке­леді. Ол елдің байлары ар­тық ақ­шасын банкте сақтағаннан гөрі ат сатып алғанды құп са­най­ды. Мысалы, бір атқа бір ве­те­ринар, бір жокей, бір бапкер керек. Одан бөлек, оны баптап ұстай­тын атбегі қа­жет. Тағашысы тағы бар. Бұл ті­зімге жем-шөп дайындайтын маманды қо­сыңыз. Ат иесі осы мамандардың түгеліне жа­лақы төлейді. Есесіне ол бұл ақшаны кейін есе­леп қайтарып алады. Бізде Қазақстанда дәл осындай дәстүр қалыптасса, көп адамға жұ­мыс табылар еді ғой. Мың атты баптауға кемі бес мың адам жұмысқа тартылады. Тағы бір айт­қым келетіні, біздегі бәйге өтетін алаң­қай­лардың жағдайы мәз емес. Тесік-шұқыры көп алаңға екі жағына жалаушалар қойып, жа­рыс­тырады. Жазық емес жерде шапқан атқа қарап аяп кетесің. Екі дзюдошыны татамиге емес, асфальтқа шығарып, күрестірсеңіз, бі­реуі­нің басы жарылады ғой. Еуропада газон­ның үстінде шабады. Алаңға, аттың жағдайы­на қатты көңіл бөлінеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, қалалықтар айдалада, отыз гра­дус ыстықта, шаң-тозаңның ішінде отырып, бәй­ге қарауға құлқы жоқ. Кеше елде бір жерде өтіп жатқан бәйгені көзім шалып қалды. Алда ке­ле жатқан атты ғана көресің, ал артында­ғы­лар шаң-тозаңнан көрінбейді. Ал сіз Еуро­падағы ат жарыстары қалай өтетінін қарап көріңізші. Шабандоз түгілі, трибунадағы көрермендердің өзі костюм-шалбар киіп ке­леді. Арнайы циллиндрмен кіреді. Аламан бәй­ге ұйымдастыру – ежелден келе жатқан дәс­түріміз. Дұрыс, жасалсын. Дегенмен мы­надай дамыған заманда бәйгені ұйымдастыру мәдениетін қалыптастырған абзал. Қазақ­стан­дағы бәйгелерде оза шапқан жылқы­лар­дың барлығы – Еуропадан әкелінгендер. Кей­бір атбегілердің «Осында туған. Өзіміз бап­тадық» деп айтқанын естимін. Алайда ол жыл­қылар осында туғанымен, енесі Еуропа­дан әкелінеді. Шынымен ел аузында жүрген­дей жылқыға жақын халық екеніміз рас бол­са, бұл іске немқұрайлы қарамауымыз ке­рек. Бәйгеге қатысып, жүлдеден жүлде қал­дырмай жүрген жастардың кәсіби маман болуына көп мүмкіндік беруіміз қажет. Елі­міз­де Еуропа чемпионаттарына ат қосып, бұ­дан пайда тауып жүрген қалталылар бар­шылық. Олар 500 мың, 1 млн долларға сатып ал­ған аттарын Қазақстандағы бәйгелерге қос­қаннан түк пайда таппайды. Бес жүз мың теңге үшін таласа ма? Әлде жырым-жырым жыртығы көп алаңда аяғын сындырып алсын дейсіз бе? Ал сол ағаларымыз елдегі ат спор­ты­ның жағдайы басқа болса, аттарын сонау Еуропаға тасығанша, өз елімізде баптап, қан­шама адамға жұмыс беретін еді ғой. – Мансабыңыз аяқталған соң, қандай іс­пен шұғылданатының туралы ойлан­дыңыз ба?

– Әлбетте. Спорт, мансап пен ақша өм­і­рің­дегі барлық пазлды жаппайды ғой. Үйдің үл­кені болғандықтан, жауапкершілік көп. Жа­рыстан жарысқа жүгіре бермей, арқамды кең­ге салып демалғым келеді. Қаным қазақ бол­ған соң, ыстық бауырсақ пен қазы-қарта же­гім келеді (күліп). Қазақстанға пайдамыз тиіп, көмектесуге бару керек болып жатса ба­ра­мыз.

– Шынымен «Бауыржан, міне, ат спор­тын дамыту ендігәрі сенің мой­ның­да. Бұл тізгінді саған бердік. Не істеймін де­сең де, өз еркің» деп елге жұмысқа ша­қырса, Еуропада жиған атақ пен жай­лылықты тастап келер ме едіңіз?

– Әрине, ат спортын шынымен жоғары дең­гейге көтеретіндей жағдай жасалса, ой­лан­бастан барар едім. Қазір дәрежем жоға­ры­лап, жеңісім көбейген сайын, өз мүмкінд­ік­терім­нің мол екенін жете түсінемін. «Көмегің қа­жет» десе, аянып қалмайсың ғой. Ал егер кө­ме­гімді керек қылмаса, осында да қызығу­шы­лық танытып, маман ретінде алып қалғы­сы келіп жүргендер жетерлік. Бізге, шабан­доз­дарға бапкер, менеджер, ұйымдастырушы, аук­цион бақылаушы және тағы басқа түрлі ма­ман иесі болып жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Оған қоса, орыс, қазақ, неміс, француз тіл­­­­дерін меңгерген соң, тіл білген адамдарды бірден «ұстап» қалуға тырысады. Алайда Қа­зақстанда Еуропада жоқ бір нәрсе бар. Ол – мүмкіндік. Еуропада өз ісіңнің шебері болсаң да, мұнда тура сен секілді білікті мың маман бар. Бәсеке қызып тұр. Көп ештеңе істей ал­май­сың. Ал мына жақта жиған-тергеніңмен Қа­зақстанға барып жұмыс істесең, бәрінен бір бас жоғары тұрасың ғой. Сондықтан Қа­зақ­станда ат спортын ілгерілеткің келсе, қыр­уар шаруа ақтарып, пайдалы істер жасауға мүм­кіндік жетіп артылады. Ал Еуропада мұ­ның бәрі әлдеқашан істелініп қойған.

Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ