Жерді жыртпай-ақ дән егіп, мол өнім алуға болады
Жерді жыртпай-ақ дән егіп, мол өнім алуға болады
Қазір әлемде ресурс және ылғал үнемдейтін технологиялар кеңінен қолданылады. Мысалы Mini-Till (минималды) және No-Till (нөлдік) технологияны атауға болады. Бұл дәстүрлі техниканы пайдалана отырып, жерді жыртпай-ақ дәнді топыраққа тікелей себуге мүмкіндік беретін, топырақ өңдеудің заманауи жүйесі. Қазір дүние жүзінде жыртылмаған жерге дақылдарды тікелей егу әдісі бойынша 60 млн, гектарға жуық егіс алқаптары бар.
Бүгінде еліміздің оңтүстік-шығысындағы ылғалы жеткіліксіз аймақтарда да дәнді дақыл өсірудегі мүмкіндіктері айтарлықтай жоғары. Әйтсе де, заманауи агротехниканың толық зерттелмеуінен біздегі дақылдардың өнімділігі бірталай төмендеген және қазіргі сапалық талап деңгейіне толық сәйкес келмейді.
Осыған байланысты дақылдардың аудандастырылған сорттарының өнімділігіне әсер ететін қор сақтаушы технологиялар жөнінде толыққанды ғылыми деректер жоқтың қасы. Сол себепті топырақ-климат жағдайларына байланысты дәнді дақылдарды өсірудің агротехникасын жетілдіретін зерттеулердің қажеттігі туындап, арнайы жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тәлімді жерлерді игеруді ұтымды пайдалану үшін жаздық бидай мен жаздық арпаны өсірудің екі тәсілі зерттелді: жерді жырту және нөлдік өңдеу. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің минималды және нөлдік технологиясы бойынша әлемдік және отандық тәжірибе жинақталды. Қазақстанда бұл бағыттағы алғашқы жетістіктерге Солтүстік Қазақстанда дәнді дақылдар өсіру кезінде қол жеткізілді. БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы – ФАО-ның ресми деректері бойынша 2009 жылы Қазақстан өндіріске 1,5 млн гектарда нөлдік технологияны енгізе отырып, осы тәсілді меңгерген әлемнің он елінің қатарына енді. 2014 жылы бұл көрсеткіш 2 млн гектарға дейін өсті. 2012 жылы Қазақстан Еуропа мен Орталық Азияда бірінші орынды, сондай-ақ no-till технологиясы бойынша әлемде 7-орынды иеленді. Алайда Қазақстанның оңтүстік-шығысында минималды және нөлдік технологияларды әзірлеу бойынша әлі де зерттеулер жүргізілуде. Бұл жағдайда топырақ қорғау және ресурс үнемдеу технологиялары негізінде егіншілік жүйесін жетілдіру ерекше өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында тәлімді жерлерді игеру және ұтымды пайдалану үшін егіншіліктің келесі технологияларын жетілдіру және топырақты қорғау технологияларын енгізу қажет. Оларды игеру үлкен жұмыс, өйткені бір мезгілде топырақтағы органикалық заттарды арттыру, экологиялық проблемаларды азайту және парниктік әсерді азайту мәселелерін шешуде маңызы зор. Минималды және нөлдік өңдеу әдістері жақсартылған жер жамылғысын қамтамасыз етеді.
Топырақ құнарын сақтап бұзылуын азайтады, оның құрамындағы органикалық заттарды көбейтеді және аймақтық егіншілік жүйелеріне оң әсер етеді. Нөлдік өңдеу өнімділікті жылдар бойынша тұрақтандырады, ал әлеуетті іске асыру үшін кем дегенде 4-6 жыл қажет. Жер жыртумен салыстырғанда нөлдік өңдеу кезінде дән өнімділігі алғашқы жылдары айтарлықтай азырақ болып, екінші, үшінші жылдары біртіндеп өсу үрдісі байқалады.
Зерттеулердің нәтижесінде тәлімді аймақта өсірілген жаздық бидай және арпаның жоғары өнімі мен егістік сапасын қамтамасыз ететін ғылыми негізделген агротехникалық тәсілдер жасалды. Осылайша, ресурс және ылғал үнемдейтін агротехникалық тәсілдерді қолдану арқылы жаздық арпа мен жаздық бидайды өсірудің ғылыми негізделген жүйелі жиынтығын жасау – егіннің шығымын көтеріп, жалпы астық өндірісінің тиімділігін арттырары сөзсіз.
Гуля ҚҰНЫПИЯЕВА, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ аға ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты