Қарт теңіздің бергі жағы – Каспий, арғы жағы Хазар аталады. Бергі жағынан көкке көтерілген ұшақ арғы жағына зулай беттеп барады. Тілі туыс, түбі бір екі халықтың арасын жалғап жатқан арнасы кең телегей иллюминатордан да шетсіз-шексіздей көрінеді екен. Ұшақтағы төрт сағат та тез өте шықты. Жарқыраған ақшаңқан әуежайдан-ақ бұрын-соңды табанымыз тимеген алып қаланың жайлы екенін сезініп үлгердік. Әуежайдан шыққанда теңіздің иісі бар дымқыл, ыстық ауа кеудені кернеді. Түннің бір уағы болғанына қарамастан, сансыз шамдары самсаған, екі миллионнан астам тұрғыны бар қаланың тірлігі қыз-қыз қайнап жатыр. Қош көрдік, Баку!
Даулы Қарабақ
Ертесі ертемен Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау орталығының басшысы Фарид Шафиевпен кездесу өтті. Ол Әзербайжан мен Армения арасындағы қарым-қатынас, қазіргі ахуал туралы сөз қозғап, сұрақтарға жауап берді. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Қытай журналистерінің басын қосқан осы сапардың негізгі мақсаты да сол – қанша жылдан бері даудың, қақтығыстың өзегі болған Қарабақ аймағы, оккупациядан кейінгі қалалардың қазіргі ахуалын көрсету, сауалдарға жауап беру. Осыдан шамамен 3 жыл бұрын, 2020 жылғы 27 қыркүйекте Әзербайжанның Қарабаққа шабуыл жасағанын туралы ақпарат жер-әлемге тарады. Әзербайжан билігі бұл операция Арменияның оқ жаудырғанына қарсы жауап деп мәлімдеді. Қос тарап сол жылғы 10 және 18 қазаннан бастап атысты тоқтату туралы уағдаласқанымен, қақтығыс тоқтаған жоқ. Қарашадан бастап Әзербайжан, Ресей, Армения атысты тоқтату және бітімгерлерді Қарабаққа жіберу, сондай-ақ аймақтағы бірқатар ауданды Әзербайжанға беру туралы үшжақты келісімге келген болатын. Осылайша, 30 жыл бойы оккупацияда болған аймақтар 44 күнде Әзербайжанға қайтарылды. Ал үшжақты келісімде екі елдің алдағы қарым-қатынасын айқындайтын, реттейтін негізгі ережелер бекітілді. Соның ішінде шекара, шекарадан өту мәселелері де қарастырылған. Жақында бүкіл әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары армян тарапының «Армения мен Әзербайжанның Қарабақ аймағын байланыстыратын «Лачин» шекара дәлізі әлі бұғатталған» деген мәлімдемесін жарыса жазған болатын. Мұны Армения премьер-министрі Никол Пашинян 3 тамызда Армения Үкіметі отырысында сөйлеген сөзінде айтқан. Оның сөзінше, Армения үкіметі жіберген гуманитарлық көмек Қарабақтағы «Лачин» дәлізінен өте алмай, қаңтарылып тұр. Ол аймақтағы Ресей бітімгерлері гуманитарлық көмек неліктен өтпей тұрғанын түсіндіруі керек екенін де қосып өтті.
– Әзербайжан Президенті Euronews-ке берген сұхбатында «Лачин» дәлізі бұғатталмаған деген мәлімдеме айтты, бірақ Қарабақтағы Ресейдің бітімгерлік контингентінің Армения үкіметі жіберген гуманитарлық жүкті Қарабаққа неге өткізбегені туралы түсініктемені тыңдағымыз келеді, – деді Пашинян.
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бұл айыптауды теріске шығарып, Ереванды жағдайды ушықтыруға тырысты деп айыптады.
– «Лачин» шекара өткізу пунктінің жұмысы, Армения-Әзербайжан шекарасының аумақтық тұтастығы мен делимитациясы мәселелері бойынша халықаралық қауымдастықты тағы да адастыруға тырысуы армян тарапының жағдайды ушықтырмаққа ниетін байқатады, – деп жауап берді Әзербайжан жағы.
Сонымен қатар Бакумен келіспей, жүк тасымалдауға жол берілмейтіні келісімде көрсетілгенін айтты. Олардың сөзінше, бұл – бірнеше рет қайталанған, айтылған, ескертілген жайт. Орталық басшысы Фарид Шафиев осы мәселенің мән-жайын, ол дәліз бейбіт тұрғындарға ашық екенін, ал жүк өткізетін басқа да дәліздер бар екенін түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. [caption id="attachment_231436" align="alignleft" width="344"]
– Бұл – Әзербайжан Арменияға ұсынған бейбіт келісімшарт. Құжат түрінде. Онда екі тараптың шекарасына қатысты мәселелер қамтылған негізгі бес бөлім бар. Яғни, келісім бойынша Армения Әзербайжанның территориялық тұтастығын мойындауы керек. Биылғы мамырда ғана Пашинян мұны қабылдайтынын, яғни Қарабақты Әзербайжандікі деп мойындайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен іске келгенде, армяндар басқа механизм болғанын қалап отыр. Бұл бірқатар қиындық туындауына ықпал етуде. Егер келісімге келсек, экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан көптеген мәселе оң, ұтымды шешілер еді, – дейді ол.
Бірінші Қарабақ, Екінші Қарабақ соғысы дегенімізбен, бұл аймақ үшін қақтығыстың оты жүз жыл бұрын тұтанған. Содан бері Қарабақтың төңірегінде дау, қақтығыс тоқтамай келді. Айтпақшы, Әзербайжан халқы Қарабақ сөзінің алдына «таулы» деген анықтаманы қоспайды екен, бұл – әлімсақтан әзербайжанға тиесілі аумақты бөліп алу үшін қолдан жасалған тіркес дейді олар...
Жоғалғандар мен оралғандар
Жиыннан кейінгі сәл үзілістен соң Әзербайжан Бас прокуратурасы ғимаратына бет алдық. Мұнда Әзербайжан әскери прокуратурасының және әскери тұтқындар, кепілге алынғандар және хабар-ошарсыз кеткен азаматтар істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте бірінші Қарабақ соғысында хабар-ошарсыз кеткен әзербайжандарға қатысты мәліметтер жарияланды. «Армения Қарулы Күштерінің 1988 жылдан бері Әзербайжан Республикасының азаматтарына қарсы жасаған қылмыстары нәтижесінде хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру нәтижелері жарияланады» деп жазды Azertac. [caption id="attachment_231437" align="alignnone" width="1280"]
– Жерімізді басқыншылардан босату осы жерлердегі біздің жұмысымызды күшейтуге мүмкіндік берді. Жаппай жерлеу орындарын тауып жатырмыз. Табылған қалдықтар армян әскерилері тұтқындарды үнемі азаптағанын дәлелдейді. Армениямен көптеген мәселе бойынша, соның ішінде хабар-ошарсыз кеткендерге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Армения бізге хабар-ошарсыз кеткендердің тағдыры туралы мәлімет, сонымен қатар жаппай жерлеу орындарының, жерленгендердің тізімін береді деген үміттеміз. 30 жыл өтсе де олар бұл ақпаратты бөлісуден қорқатын сияқты. Өйткені олар тізім жасаса, соғыс қылмыстары жөніндегі комиссия тиісті шараларды қабылдайтынын біледі. Бұл мәселеде халықаралық деңгейде ынтымақтастық қажет, – деді ол.
Әзербайжан Үкіметінің ресми мәліметіне сүйенсек, Армения Республикасының әскери агрессиясының нәтижесінде 20 мыңнан астам адам қаза тауып, 50 мыңнан астам адам жараланған немесе мүгедек болып қалған. Ел билігі мұны геноцид деп есептейді. Мұнан зардап шеккен миллионнан астам адам 29 жылдан бері босқын болып күн кешіп келеді. Қазір Әзербайжан Республикасының әскери тұтқындар, кепілге алынған және хабар-ошарсыз кеткен азаматтар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы хабар-ошарсыз кеткен 3 874 адамды тіркеген. Оның ішінде 3 126 әскери адам, 748 бейбіт тұрғын бар. Бейбіт тұрғындар арасында 66 бала (44 ұл, 22 қыз), 265 әйел, 302 қария бар. Жоғалған 3 874 адамның ішінде армян әскерилері соғыс кезінде тұтқынға және кепілге алған 871 адам туралы ғана ақпарат бар. Оның 590-ы әскери, 281-і бейбіт тұрғын. Бейбіт тұрғындар арасында 29 бала (22 ұл, 7 қыз), 98 әйел, 111 қарт (49 ер адам, 62 әйел адам) бар. Жиын соңында «Армяндардың тұтқынында: азаптау және кісі өлтіру антологиясы» атты кітап таратылды. Онда босап шыққан 1 440 тұтқын мен кепілге алынған 339 адамның естеліктері, айғақтар жинақталған. «Осы қылмыстарды жасаған адамдар халықаралық құқық нормаларына сәйкес жазаланады деп сенеміз. Армения басып алған Әзербайжан аумақтарында геноцид және этикалық тазарту саясатын жүргізді, қақтығыс аймағынан алыс бейбіт тұрғындарға қарсы арандатушылық-террористік әрекеттер жасады. Тек террористік актілердің нәтижесінде жүздеген адам қаза тауып, жараланды. Жүргізілген тергеу және сот тергеулері барысында террористік актілерді Армения Республикасының арнайы қызметтері, армян террористік ұйымдары және сепаратистік құрылымдар жасағаны дәлелденді. Халықаралық гуманитарлық құқық нормалары бұзылған және барлық адами құндылықтар еленбеген» деп жазылған кітапта.
Бояуы қанық Баку
[caption id="attachment_231438" align="alignleft" width="311"]
Астана – Баку