Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң
Конституция – мемлекетіміздің ең жоғары күшке ие заңдар жинағы. Ата Заң мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институт ретінде адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастыратын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Ал қолданыстағы Ата Заң 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Сол кезде референдумға «Жобасы 1995 жылдың бірінші тамызында баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Жаңа Конституцияны сайлаушылардың 90 пайызы қолдады. Содан бері 30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні мерекеленеді.
Содан бері Ата Заңымыз төрт рет өзгерсе де (1998, 2007, 2011, 2017 жылдары) конституциялық түзетулерге қатысты жалпыұлттық референдум болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Былтырғы референдум нәтижесінде Конституциядағы 33 бапқа 56 түзету мен толықтыру енгізілді. Ата Заңның үштен бір бөлігі өзгеріп, елдегі ең басты құжат жаңа сипатқа көшті. Осылайша, билік институттарының тепе-теңдігін күшейтуге арналған Конституция саяси жүйені жаңғыртты. Еліміздің болашағын айқындауға бағытталған реформаның мақсаты – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Ел болашағын айқындайтын, демократиялық қоғамның, кез келген құқықтық мемлекеттің ең маңызды құралы саналатын Конституциямыз туралы сарапшылардың пікірін тыңдаған едік.
Ерлан САИРОВ,
Мәжіліс депутаты:
Жаңа Конституция – әділетті жүйенің іргетасы
– Конституцияға жасаған өзгерістер – елімізді демократияландырудың ең басты аспектісі. Аталмыш өзгерістер мен толықтырулар еліміздің Конституциясын халықаралық стандарттарға сәйкес жасап берді. Өйткені бізден басқа бірде-бір мемлекеттің Конституциясында бір адамның жеке басына табынушылық фактілері кездеспейді. Ал бізде 30 жылдың ішінде бір адамның, топтың мемлекеттің билігін жекешелендіріп алу фактісі болды. Осы фактілер Қазақстанның жаңа Конституциясынан алынып тасталды. Жаңа Конституция мәтінінде президент тек қана бір мерзімге, 7 жылға сайланады. Бұл билікке саяси монополия жасаудың алғышарттарын алып тастайды. Сонымен бірге Конституцияда Парламентті, аймақтардағы мәслихаттарды сайлауда үлкен либерализация жасалды. Яғни, партиялық тізіммен бірге халықтың өзі тікелей сайлайтын депутаттар Мәжілісте де, мәслихаттарда да болады. Мұның барлығы еліміздегі демократияның жүзеге асуының нақты көріністері. Сонымен қатар Конституциялық сот институты пайда болады. Бүгінде соттардың ісіне бірде-бір институт, мемлекеттік орган араласуына құқы жоқ. Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы, табиғат ресурстары халық меншігі» ұғымы енгізілді. Конституцияның жаңа постулаты жер асты ресурстарынан халықтың пайда табуына, әлеуметтік-тұрмыстық мәселесін шешуіне, жер қойнауы байлығын пайдалануда әлеуметтік әділет принципінің жүзеге асуына кепілдік береді. Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар «Жаңа Қазақстанды» құрудың нағыз көрінісі. Оған мысал ретінде ауыл әкімдерін сайлау, кей мәселе бойынша Парламент Мәжілісінің құзыретін күшейту туралы өзгерістерді айтуға болады. Президенттің құзыреті азайып, Парламент, оның ішінде, Мәжілістің құзыры артты. Конституция халық пен биліктің арасындағы бұрынғы ара қашықтықты жақындатып, билікке, Парламентке, мәслихаттарға халықтың нақты өкілдерінің келуіне, сонымен бірге еліміздегі саяси жүйенің әділетті экономикалық моделін жасауға алып келді деп айтуға барлық негіз бар. Конституцияға енгізілген өзгерістер халқымызға «өз билігін қайтарды». Болашақта жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастыру, әрбір шешімнің халықпен ақылдаса отырып, азаматтардың мұң-мүддесі тұрғысынан қабылдайтын жүйеге келеріміз анық. Жаңа Конституция – болашақтың, жаңа әділетті, саяси плюрализмге бағытталған жүйенің іргетасы. Толықтырылған Конституция саяси реформалардың эволюциялық нақты қадамы деуге толық негіз бар.Асан ИМАШЕВ, Жетісу облысы Қаратал ауданы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі:
Конституция – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі
– Тарихта кез келген елдің, тайпалық одақтың мемлекет болып қалыптасуының бірнеше алғышарты болған. Ол шарттарға шекарасы белгіленген жерінің, халқының, әлеуметтік топтардың, әскердің және заңының болуы жатады. Мемлекеттің қуатты болуы сол елдің басқару жүйесі негізделген заңдарына байланысты. Еліміз тәуелсіз республика болып жарияланғанға дейін кең-байтақ даламызда мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттер қалыптасып, өмір сүрді. Сол мемлекеттердің әрқайсысының өз кезеңіне негізделген, далалық әдет-ғұрыптарға үйлестірілген заңдары болған. Мысалы, Шыңғысханның «Жасағы» (Яса), Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы». Бұл заңдар да бастауы, негізі бір болғанымен мемлекеттердің өмір сүру кезеңіндегі тарихи, саяси жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырап отырған. Қазіргі құрылымдағы конституцияның қайнар көзі – XVIII ғасырдағы Еуропа (Адам және азамат құқықтарының декларациясы) мен АҚШ (АҚШ Конституциясы) заңдары. Елімізде конституциялық заң шығару өткен ғасырдың басында басталды. Алаш қайраткерлері тәуелсіздіктің бастамасы ретінде Алашорда үкіметін құрар кезде Алаш партиясының бағдарламасын конституциялық міндеттемелер негізінде жасаған. Одан кейін РСФСР құрамында болған кезде ҚазАКСР Конституциясы (заңдық күші болмаса да), КСРО-да одақтас республика болған кезде 1937 жылы, 1978 жылы Қазақ КСР Конституциялары қабылданды. КСРО ыдырағаннан кейінгі Конституциялық заңдарымыз 1990 жылы 25 қазандағы «Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы декларация», 1991 жылы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңы», 1993 жылы 28 қаңтардағы және 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциялары. Ата Заң – мемлекеттегі барлық заңдық, нормативтік құжаттардың бастауы. Конституция – мемлекеттің тұрақты дамуының, елдегі әр азаматтың толыққанды өмір сүруінің кепілі. Сондықтан да Ата Заңымызда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Конституцияның І бөлімінің 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілген. Біз бәсекеге қабілетті, мықты мемлекет боламыз десек, құқықтық және саяси сауаттылығымызды көтеруіміз керек. Ол үшін барлық заңды жатқа білу міндетті емес, тек Конституциялық құқықтарымыз бен міндеттерімізді біліп, орындап жүрсек жеткілікті. Кейбір жағдайларда осыларды білмегендіктен, мәнін жете түсінбегендіктен де қоғамда кикілжіңдер орын алып жатады. Ата Заңымыздың бірінші бабында жазылған демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік деген ұстанымдарды кейбіреулеріміз дұрыс түсінбей немесе дұрыс қолданбайтын кездеріміз де бар. Әлі демократияның не екенін біле бермейтіндер де бар. Оны еліміздегі саяси науқандар кезінде жиі байқаймыз. Зайырлы мемлекетпіз деп алып, кейбір діни фанаттардың мектеп формасына қатысты ережелерге қарсылық көрсетіп, өз ұстанымдарын тықпалауына жол береміз. Унитарлы мемлекетпіз деп алып, көпұлтты елміз дейміз. Көпұлтты мемлекет дегеніміз унитарлы емес, федеративті деп аталады. Сондықтан тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін көпшілігіміз, әсіресе халыққа қызмет етуі тиіс биліктегілер Конституциялық заңдарды біліп қана қоймай, құрметтеп, олардың орындалуына ықпал жасауымыз керек. Сонымен алда келе жатқан Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні құтты болсын! Ата Заңымыз толыққанды тәуелсіздігіміздің кепілдігі болсын.