Нұрлан Исатаев дзюдодан жасөспірімдер арасында алтын алды
Нұрлан Исатаев дзюдодан жасөспірімдер арасында алтын алды
Қазақстандық Нұрлан Исатаев (55 келі) дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды, деп хабарлады turkystan.kz.
Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Нұрлан Исатаев дзюдодан жеңіс тұғырына көтерілді. Ол финалда грузиялық Мераби Самадашвилимен кездесіп, қосымша уақытта қарсыласын қапы қалдырды.
Қазақстандық балуан жарыста іріктеу кезеңінде Шахруз Шаназаров (Түрікменстан), Лиова Спариян (Армения), Янг Жонатан (АҚШ) секілді қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда тағы бір отандасымыз Оралбек Байзақтан басым түсті.
Ал қыздар арасында 40 келіге дейінгі салмақта Сабина Юлдашбекова күміс алса, ұлдар арасында Оралбек Байзақ қола жүлдені еншіледі.
Еліміздің жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлдемен медальдар кестесінде көш бастап тұр.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 27 тамызға дейін жалғасады.