Маңғыстаулық егіншілерге мемлекеттен қолдау қажет

23 тамыз, 2023 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
Маңғыстаулық егіншілерге мемлекеттен қолдау қажет  Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысы Қарақия ауданында егінмен айналысатын шаруа қожалықтары иелерімен кездесті.

Қарақия ауданында 416 шаруашылық болса, оның 41-і егінмен айналысады. Маңғыстаулық егіншілер бәрін өсіруге дайын, тек мемлекеттен қолдау керек дейді. Бүгінгі кездесуге келген егіншілер осындай ұсыныстарын жеткізді.

​Егін шаруашылығында тамшылатып суаруәдісіне субсидия қарастырылған. Алайда қарақиялық диқандар оны алмаған. Егін өсіру үшін құнарлы жер, тұщы су, электр энергиясыжәне түрлі тыңайтқыш керек. Егіншілер осыған да субсидия бөлуді сұрап отыр.

– Тұрақты өнімді өткізетін жер жоқ. Диқандардан арзан бағада алып, қымбатқа сатады. Өтпей қалса, шіріген жемісті қайта тапсырады. Одан бізге не пайда? 20-30 теңге қосса, халыққа да пайда әрі жылдам өтер еді. Егінмен айналысу оңай шаруа емес. Өздері егеді, өздері тереді. Егін шаруашылығына ешкім келгісі келмейді. Жұмыс күші мәселесі де өзекті болып отыр, – дейді диқан Бауыржан Тулепов.

Қарақиялық диқандар жеміс-жидектер мен көкөністер өсіреді. Бұл орайда осы салаға қолдауды арттырса деген ниетте.

– Азық-түліктің 70-80 пайызы сырттан келеді. Соған қарамастан диқандар Қарақия ауданында егін егіп, түрлі өнім алып отыр. Олардың ұсыныс-пікірлерін, уәждерін тыңдап, мәселелерін көзбен көрдік. Енді шешу жолдарын бірге қарастыратын боламыз, – деді Е.Жаңбыршин.