Жаңалықтар

Серік Теміржанов Махмұд Сабырханнан жеңілген соң қандай жоспар құрып жатқанын айтты

ашық дереккөзі

Серік Теміржанов Махмұд Сабырханнан жеңілген соң қандай жоспар құрып жатқанын айтты

Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі, 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов алдағы мансабына қатысты ақпаратпен бөлісті. Спортшы салмақ ауыстыратынын мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz. Айта кетелік, Астанада өткен «Елорда кубогі» турнирінде 57 келіде сынға түсетін Теміржанов әлем чемпионы Махмұд Сабырханға есе жіберген болатын. Содан соң олимпиадалық салмақ тізгіні Махмұдқа өтті, деп жазды Bassport.kz. «Ташкенттегі әлем чемпионаты мен Астанадағы халықаралық турнирде салмақ жағынан проблема болды деп ойлаймын. 57 келіде сынға түсу үшін 7-8 келі салмақ қуып жүрдім. Бұрын жеңіл еді, қазір қиындап кетті. Аталған екі жарыстағы сәтсіздікке де салмақ себеп болды деп ойлаймын. Өйткені дайындығым жақсы еді. Қазіргі таңда салмақ ауыстырамыз деп шештік. 60 немесе 63,5 келіге ауысуым мүмкін. Олимпиадаға дейін нақты белгілі болады. Азия ойындарына баратын тізім жарияланған жоқ. Кім баратынын мен білмеймін. Егер Азиадаға апаратын болса, 63,5 келіде қатысатын едім. Астанадағы халықаралық сыннан соң Махмұд туралы жиі сұрайды. Махмұд менің бауырым, арақатынасымыз да жақсы. Бәріміздің мақсатымыз бір – елімізді әлемге танытып, көк туымызды желбірету. Сондықтан командадағы барлық жігітке тілеулеспін», - деді Теміржанов.