Еліміздегі жатақханаларда 19 мың орын тапшы
Еліміздегі жатақханаларда 19 мың орын тапшы
Жатақханалардың жаңа оқу жылына дайындығын тексеру, заң бұзушылықтарды анықтау, тиісті нормаларға сай келуін бақылау мақсатында «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты ел аумағында ЖОО және техникалық, кәсіптік білім беру мекемелеріне мониторинг жүргізуде.
«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жастар ұйымы 12 тамыздан бастап жергілікті атқарушы органдармен, депутаттармен және белсенді азаматтармен бірлесіп жатақханалардың жағдайына мониторинг жүргізуді бастады.
««AMANAТ» партиясы соңғы 3 жылда еліміздегі жатақхана жағдайын реттеуді бақылап отыр. Бүгінгі күнге дейін 237 жатақхананы қарап үлгердік. Осы аптаның соңына дейін тағы 426 жатақханаға мониторинг жүргізіледі. Жағдайы көңілден шықпады. Су, жылу және электр энергиясымен жабдықтау мәселелері, санитарлық талаптарға сай келмеу фактілері бар. Кейбір жатақханада мүлдем тұруға болмайтынына көз жетті.
Студенттік жатақханаларға мониторинг жүргізу алгоритмі алдымен оқу орындарымен қағаз немесе ауызша келісім алудан басталады. Кейін мониторинг жүргізуге қатысты арнайы кретерийлермен, талаптармен таныстырып, жатақханаға тексеріс жүргіземіз.
Егер белігілі бір кемшіліктер байқалса, аталмыш білім мекемесіне және мемлекеттік мүдделі органға 15 күн ішінде түзетуге талап қоямыз. Берілген уақыт аралығында олқылықтармен жұмыс істелмесе, қайта мониторинг жүргіземіз.
«Қазір жатақханаларда 19 мың орын тапшы. Оның ішінде 13 мыңы Алматы қаласы бойынша, Астанада 2 200, СҚО-да 2 318, Абай облысында 1 100, Түркістан облысында 987 орын тапшы», - деді омбудсмен.
Оның айтуынша, жатақханаларға орналасу мен олардың жағдайына әр өңірдегі омбудсмендер бақылау жүргізіп жатыр.
«Мысалы, Алматыдағы 50 хостелді араладық. Омбудсмендер бұл хостелдерді бақылауға алады. Себебі оларда санитарлық жағдай мен өрт сөндіру қауіпсіздігі талаптары жоғары болуы керек. Сондай-ақ ЖОО белгілі бір хостелмен келісім орнатса, онда студенттерден өзге адамдардың тұрмауы қамтамасыз етілуі керек. Себебі, бұл - ең алдымен студенттердің қауіпсіздік жағдайы», - деді Айсұлу Ерниязова.