Еңбегі елге сіңген азамат
Еңбегі елге сіңген азамат
25 ақпанда шілдехана тойын тойлаған әке баласына Мырзан деп ат қойып, екі айдан кейін, яғни 1942 жылы мамыр айының басында отан қорғауға аттанады. Екі айлық нәресте маңдайынан иіскеген әкесін танып, орнында жатып аунағысы келді. Әке мейірімі сәбиінің жымиған күлкісіне тоймаған еді. Осы көрініс соғысқа аттанып бара жатқан Ханділланың көз алдында өзгерізсіз қалып қойды. Сол әке Бекетов Ханділла соғыстан оралмай, мүлдем хабарсыз кетті. Жан жары екі ұл, үш қызбен қалып, елмен бірге қиыншылықтарды басынан өткізіп жатты...
Үлкені Балқия 17 жасқа толған кезде шешесімен бірге колхозда еңбекке араласады. Соңынан ерген бауырларын тәрбиелеп, ержеткізіп қатарға қосады. 1958 жылы онжылдықты бітірген Мырзанды колхоз бастығы ауыл жастарымен бірге бұрынғы Фрунзе ауданының орталығы Шорнақ селосындағы СПТУ-31-дің филиалына жіберіп, механизатор мамандығын алғызады. «Сол кезде Дип-200, Дип-300 деген қозғалтқыштар бар болатын. Дип дегені – догнать и перегнать соединенных штатов Америки» дегенді білдіретін», – деп есіне алып отырады Мырзекең.
Сол механизатор мамандығы бойынша Абай атындағы колхозда төрт жыл трактор айдап, 1962 жылы колхоздың жолдамасымен Қазақ мемелекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсті. 1967 жылы Ғалым-агроном мамандығын алып, Түркістан ауданы Күйбышев атындағы кеңшарға аға агроном болып орналасады.
Осы кеңшарда бір жылдай еңбек еткеннен кейін, партиялық жұмысқа шақырылып, Қазақстан Компартиясы Түркістан аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, 1969 жылдан аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1974 жылдан еңбекші депутаттардың аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1977 жылы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлім меңгерушісінің орынбасары, облыстық мал азығын дайындау және бордақылау өндірістік мамандандырылған бірлестігінің директоры, 1980 жылдан Түркістан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, осы жылдары Алматы жоғары партия мектебін бітіреді. 1985 жылы өзінің сұрауы бойынша және облыстық партбюро шешімімен «Майдантал» Қаракөл қой кеңшарының директоры лауазымдарында қызмет етеді.
1985-95 жылдары ауыл шаруашылығының білгір маманы, іскер басшы «Майданталды» рентабельдігі жоғары шаруашылыққа дейін көтеріп, зор ұйымдастырушылық қабілетін танытты.
Қой басы 35 мыңнан 55 мыңға, 2300 гектар дәндік жүгерінің орташа түсімі 60 центнерге жетті. Жер асты суымен тұрақты қамтамасыз етілген кейбір бригадалар 100-120 центнер өнім алды. Ғылыми институттармен бірлесе отырып жүгерінің «Қазақстан» атты жоғары өнім түрін шығарды.
Мал шаруашылығында ғылыми орталықтармен байланыса отырып, кеңшардың бір бөлімшесінде 25 мың бас қойды асылдандырып, айтарлықтай нәтижеге жетті.
Әр жылы кәрі саулықтарды іріктеп алып, күйекке ерте түсіріп, бордақылау алаңында семіртілді. Жоғары салмақты ет бергенімен қоймай, ішінен «караколча» елтірісі алынып зауытқа өткізілді. Сол тұста «Караколчаның» елтірісі жай қаракөл елтірісінен екі есе жоғары бағаланатын еді. Караколча – жүні толық жетілмеген қаракөл қозының терісі.
Кеңшар Бүкілодақтық социалистік жарыстың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Кеңестер одағы Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің, Министрлер кеңесінің, Бүкілодақтық Кәсіподақтар Орталық кеңесінің және Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік жастар одағы Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын екі рет, Құрмет дипломын бір рет жеңіп алды. КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет кітабына жазылды. Көптеген малшысы, мамандары мен басшысы осы көрменің алтын, күміс, қола медальдарымен, екі рет Қазақ КСР Компартиясы Орталық комитетінің, Жоғарғы Кеңес, кәсіподақ, ЛКЖО Орталық Комитеттерінің Құрмет Грамотасымен марапатталды.
М. Ханділлаевтың ұсынысымен шаруашылықтардағы барлық түйе бір жерге, яғни «Майданталға» шоғырландырылды. Бұл түйе шаруашылығын өркендетуге, оның өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде кеңшардың аға түйешісі Әбу Әшірбеков Кеңес Одағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Ал Мырзекеңнің өзі бесжылдықтың қорытындысы бойынша «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұған дейін де «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иесі атанғаны белгілі. Кейін облыстық кеңестің, облыстық мәслихаттың грамоталарымен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Тың және тыңайған жерлерді игеруге – 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан халқы ассамблеясына – 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
1995 жылы экономикасы тұралаған «Күйбышев» атындағы кеңшардың директорлығына ауыстырылды. Жекешелендіру тұсында аудандық жер инспекциясының бас инспекторы, 1997 жылдан аудандық, одан соң аудан мен қалалық еңбек халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын өткізуге орай құрылған «Парыз» қоғамдық қайырымдылық қорының, 2001 жылдан «Ардагерлер үйі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның директоры, 2003-2006 жылдары Шорнақ, Иассауи ауылдық округтерінің әкімі Лауазымдарында қызмет істеді. Одан соң Түркістан қаласы «Парасат» мемлекеттік қорының президенті қызметін атқарды.
Мемлекет жүктеген осындай міндеттерді мінсіз атқарумен бірге қоғамдық өмірге де белсене араласты. Бірнеше рет аудандық кеңестің, облыстық мәслихаттың депутаттығына, аудандық партия комитетінің мүшелігіне, облыстық партия комитеті тексеру комиссиясының мүшелігіне, Қазақстан комсомолының XII, XIII, Бүкілодақтық Комсомолдың XVII съездерінің делегаттығына сайланды. Кеңес Одағының түйе шаруашылығын өркендету жөніндегі Бүкілодақтық ұйымдастыру кеңесінің мүшесі болды. 1999 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атанды. Қазіргі уақытта бір үлкен компанияның кеңесші қызметін атқаруда. Соғыс және ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.
Мырзекең – үш қыз, үш ұл тәрбиелеп, жоғары білім алуына ықпал еткен үлкен қара шаңырақтың иесі. Зайыбы Сәсенбаева Құрбаш білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ұлағатты ұстаз. Екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып немере-шөбере сүйіп отырған ел ағалары.
Мырзан қазір ауыл ақсақалы ретінде жастарды тәрбиелеу мәселелерімен, елдегі шешілмей жатқан көптеген жағдайларды реттеумен айналысып, ақыл-кеңесін беріп, халықтың құрметіне бөленіп жүрген азамат. Мырзакеңді Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Түркістан ауданының «тірі шежіресі» деп әзілдейміз. Өйткені саналы өмірінде осы өлкеде басшылық қызметтерді атқара жүріп, халықпен қоян-қолтық араласып, елмен бірге біте қайнасқан. Сондықтан оған Түркістанның әрбір түйір тасы мен ой-шұңқыры ыстық.
Біз бір ауылдың ауасын жұтып, мөлдір суын ішіп бірге өстік. Осы күнге дейін отбасымызбен араласып тұрамыз. Достығымызға еш сызат түскен жоқ. Еліне аянбай қызмет еткен Мырзекеңдей азаматты 75 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Өскенбай Құлатайұлы,
жазушы,
Түркістан, Кентау қалаларының Құрметті азаматы