Жаңалықтар

«Қыз-келіншектерге дуа жаттатып, адастырды»: Психолог өзін айыптаған әншіден кешірім сұрады

ашық дереккөзі

«Қыз-келіншектерге дуа жаттатып, адастырды»: Психолог өзін айыптаған әншіден кешірім сұрады

Дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева психолог Құралай Ошақбаеваны қыз-келіншектерге теріс дуа жаттатып, адастырды деп айыптаған болатын. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында зардап шеккендердің хаттарын да жариялады. Психолог Құралай Ошақбаева Аман Тасығанға берген сұхбатында өзінің қателескенін мойындап, әншіден кешірім сұрады, деп хабарлады turkystan.kz. Сұхбат барысында психолог осы тақырыпта ойланып, қателігін түсінуге екі жыл уақыт кеткенін айтты. «Бастапқыда оның сөздерін қабылдай қоймадым. Мен өзімді адал, момын, қателік жасамайтын адаммын деп санап, пендешілікке салдым. Мені көре алмай жатыр деп ойладым. Кейін бұл ойымнан күмәндана бастадым. Уақыт өте өз әрекеттерімнен ұялдым. Негізі, әрбір қазаққа, оның ішінде танымал адамдарға, билікте бір-бір Айеке болса, Қазақстан дамып кетер еді. Себебі Айгүл Елшібаева маған көп көмек берді. Мүмкін мен 90 жасқа келіп, адасып жүрер ме едім. Ол менің есімді жиғызды. Етек-жеңімді жинап, көп қателіктерімді түсіндім. Меккеге барып келгеннен кейін Айгүлге алғысымды айттым. Мен сөйтіп адасып жүріп, өліп қалғанымда не болар еді? Құдайдың алдына не деп барар едім? Ол кісіге ризамын», – деді Құралай Ошақбаева. Психолог өзіне айып тағылғанда талай түнді жылаумен өткізгенін айтады. «Көп жыладым. Таңды таңға ұрып, ұйықтамаған кездерім болды. Өте қатты қиналдым. Соңында менің денсаулығым сыр берді. Сол кезде өз-өзіме келдім. Себебі мені жолдасым қолдады. Сол жағдайдың бір жақсы жағы, жанымдағы достарым тазаланды, кімнің кім екенін білдім. Сонда жанымда отбасым мен бір-екі досым ғана қалды. Қатты құладым. Өзімді әрең жинап алдым. Айгүлге жазба арнау үшін екі жыл керек болды. Мен 20 жыл Брайан Трейсиді оқысам да, Айгүлден сабақ алғандай сабақ алмадым. Бірақ менің жолдасым «Сенікі дұрыс, ниетің де дұрыс. Сен өз өміріңдегі болып жатқан нәрсені айтасың. Ештеңені ауадан алып жатқан жоқсың. Мен бармын ғой» деп ештеңеге қарамастан маған сенім білдірді. Айгүл ханыммен әлі бетпе-бет кездескен жоқпыз. Бірақ кездесуден қашпаймын. Ол кісіге ашықпын, жақсы көремін. Жазбамда ат мінгізетінімді айтқан болатымын. Осы сәтті пайдалана отырып, қырсық, қыңыр мінезім үшін, көрсеқызарлығым мен пендешілігім үшін, ол кісінің мазасын алғаным үшін Айгүл Елшібаевадан кешірім сұраймын», – деді психолог.