– Жастайынан ескек есу секілді ерекше спорт түрімен айналысқан спортшы спорттан өзге нәрсені қаламайтын болар деп ойласам, қателесіппін. Оқуды спорт мектебінде емес, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғастырамын деп өзің шешім қабылдадың ба әлде ата-анаң қолқалады ма?
– Мен инженерлер отбасында тәрбиеленіп-өстім. Атам Әнуар Ақчурин – КСРО-ның еңбек сіңірген академигі, профессор. Әкем – инженер-механик, ғылым кандидаты. Осындай отбасылық династияны жалғастыру үшін мен де осы салаға бет бұруды жөн санадым. Одан бөлек, бала күнімнен математика мен физика пәндеріне ықыласым ерекше болды. Жалпы, математика кез келген салада қажетіңе жарайды. Байқамаймыз, бірақ адам өмірінде үлкен рөл ойнайтын ғылым. Сондықтан бұл ғылымға қызықпау мүмкін емес.
– Спортсүйер қауым ескек есу бір сарынды емес, тартысқа толы айрықша спорт екенін айтады.
– Айрықша спорт екені рас. Ауа райының құбылуына байланысты, мұнда барлығы үнемі адамға байланысты болмайды. 2000 жылы Сидней Олимпиадасының соңғы жарыс күнінде қатты жел көтеріліп, ескек есу сайысы өтпейтін болып келісілген еді. Алайда, Олимпиаданың соңғы күні болғандықтан, ол сайыс ақыры өткізіліп, ең мықты деген чемпиондардың өзі желге қарсы есуден қиналған. Ағысқа қарсы жүзсеңіз, қашықтық да ұлғая түседі ғой. Сондықтан оңай емес. Біз қай жарысқа барсақ та, ауа райына бағынамыз. Кейде жел арқаңнан соқса, жарысу оңайға соғады. Ал кейбір кездері жел саған қарсы соғады. Тіпті, кейде бүйіріңнен еседі. Әсіресе, каноэде есу кезінде жел соқса, концентрацияңды жоғалтып алу қаупі бар. Дегенмен кәсібилер мұндай кедергілерді тез еңсереді. Орта жолда жел соқса, амал-айласын «ауыстырып», мәреге тез арада жеткізетін тәсілдерін қолданады. Мұның бәрі уақытымен келеді.
– Елде әрі оқуға, әрі жаттығуға баса көңіл бөлгендіктен, бапкерлер болашағым туралы менімен риясыз әңгіме айтуға тырыспаған секілді. Бұл – менің өз ойым. «Тыңда. Сен жақсы нәтижелер көрсетіп жүрсің. Әлем чемпионатында вице-чемпион атандың. Осы қарқында жалғастыра бер» деп ешкім тіс жармады. «Тіпті, Олимпиаданы көздейік» деп те ешкім айтпады. Дегенмен мен әлі де Олимпиада ойындарында өнер көрсетуді ойлап жүргенімді жасырмаймын. Келесі жылы Парижде өтетін емес, 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылатын Олимпиада ойындарында ел намысын қорғағым келеді. Қазір мен өз бабымды жоғалтпау үшін тыңғылықты жаттығып жүрмін. Жергілікті регаталарға қатысамын. Кейде әлем чемпионаттарына барамын. Дегенмен оқу, жұмыс бабына байланысты онда бақ сынауға мүмкіндік бола бермейді.
– Жасың 23-те. Қаласаң, екі-үш Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бар ғой.
– Әлбетте, мен де әлі мүмкіндік бар. Тек білесіз бе, маған ол үшін демеушілер қажет. Қазақстанда атлеттер қолдаудан кенде емес. Үкімет көп көмек көрсетеді. Ал мұнда басқаша. Өзің демеуші іздеуге тиіссің. Демеушің болса, жұмысты, нәпақа табуды ойламай, емін-еркін жаттығуға болар еді. Сол кезде көпшілік армандап жүрген мақсатқа қол жеткізермін, бәлкім. Біздегі басты мәселе – Қазақстанда ескек есуден Олимпиада чемпионы жоқ. Егер мені біреу қаржылай қолдап отырса, Олимпиада төрінде атой салу үшін төрт жыл өмірімді сарп етуге дайынмын. Ал оқуды неліктен таңдағанымды сөз етер болсам, қанша жерден спортпен «ауырсаң» да, бәрібір білімсіз күнің қараң. «Тек, спорт, спорт. Басқа ештеңе қажет емес» деп тек спортқа көңіл бөлу дұрыс емес. Еуропалық спортшыларды алып қарасаңыз, олар спортта да алдыңғы шепте әрі қосымша мамандықтары бойынша жұмыс істейді. Олимпиада аралығында төрт жыл тек шынығып қоймай, көкжиегіңді кеңейтіп, санаңа салмақ түсіретін рухани азық болуға тиіс. Ал сен бұл азықты білімнен, ізденістен ғана таба аласың.
– Бұл – ойландыратын мәселе. Спортшы білімін молайтуды әсте естен шығармауға тиіс. Мен ескек есу спортын айрықша ұнатамын, дегенмен басқа саланың қыр-сырын меңгеруді оқушы кезімнен көздедім. Сөйтіп, Флорида технология университетінің инженер-механик мамандығына оқуға түстім. Басында бұл аймақта NASA, Blue Origin секілді аэроғарыш және ірі әскери-өндірістік компаниялар орналасқанын білмедім. Мұның маңызын енді түсініп жатырмын. Негізінен, бұл оқу орынды таңдауыма екі себеп бар. Мұнда мен ұтып алған грант бағдарламасы бойынша қомақты шәкіртақы төленеді. Екіншіден, ескек есуден әлем бойынша көшбасшы құрама саналатын неміс командасы жыл сайын осы аймаққа келіп, жаттығу жұмыстарын өткізеді. Мен сол кезде «Ешкімге дес бермейтін немістер қалай жаттығады екен? Ал олармен бірге жаттығуға бола ма екен?» деп қатты қызығатынмын. Аллаға шүкір, осында олармен бірлесіп жаттығып, көп нәрсені үйрендім. Жалпы, мұнда оқу бітірген соң екі жыл жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Қазір гидравлика саласында инженер болып жұмыс істеймін. Оған қоса, магистрантпын. Университетте геодезиялық тестілеулер жүргізіп, қосымша зертханада тағы жұмыс істеймін. Мұның бәрі мен үшін тың нәрсе, сондықтан оқу барысындағы, жұмыстағы процестерге қызыға қараймын. Дегенмен бәрібір Олимпиада ойындарында Көк байрағымызды желбірету арманым қол бұлғап тұрады. Мен «Олимпиадаға дәл қазір дайындал» десе, бас тартатын едім. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілік. Әлем көз алмай қарайтын байрақты бәсекеде лайықты өнер көрсетіп, елімді абыроймен таныстырғым келеді. Содан соң Қазақстанда көпшілік бокс, ауыр атлетика, күресті қалай аузынан тастамай айтса, ескек есуді де дәл сондай деңгейге жеткізгім келеді.
– Бұйырса! Шынымен Баландиннің сол жеңісінен кейін елімізде балаларын жүзу үйірмесіне бергендердің қатары күрт көбейді ғой, есіңізде ме? Қараңызшы, бір қадам, бір медаль қандай өзгеріс алып келеді?! Бір шетінен Лос-Анджелес Олимпиадасына да сол үшін барғым келеді. Бізге де Баландин секілді неге жарқ етпеске?!
– Үш жыл қатарынан АҚШ чемпионатына қатысып, үшеуінде де жеңіс тұғырына көтерілдің. Биыл тіпті Олимпиада чемпионына ғана жол беріп, алты бірдей жүлдені қоржыныңа салдың. – Негізі, мен 2019 жылы Қазақстан чемпионатына қатысқанмын. Алайда, Америкадан келіп қатысу оңай емес. Қыруар қаржыны талап етеді. Сол кезде бапкерлерім қолдау білдіріп, көмектесті, бірақ олар маған үнемі құны қымбат билетті алып бере бермейді ғой. Содан соң әлемді пандемия жайлады. Сөйтіп, мен ұлттық құрама сапына іліге алмадым. Сөйтіп, ойлана келе АҚШ чемпионатында бағымды сынап көрейін дедім. Алғаш рет 2021 жылы қатысып, 1 алтын жүлде иелендім. 2022 жылы 2 алтын медаль жеңіп алдым. Ал биыл командамен 4 алтын, жекелей сында бір күміс және бір қола жүлде иелендім. Бір айта кетерлігі, әлгі күміс жүлде мен үшін алтынмен пара-пар. Себебі ол сайыста мәреге Токио Олимпиадасында чемпион атанған атлеттен миллисекундқа ғана кеш жетіп, екінші орынды місе тұттым. Мен мұнда жарыстарға Washington Canoe Club-тың атынан қатысамын. Клубтағылар мені ағылшынша engine, яғни двигатель/қозғалтқыш деп атайды. Олар маған үлкен сенім артады. Дегенмен жарыстарда жауапкершілік екі есеге күшейеді. Себебі мен онда тек ол клубты емес, Қазақстан есу мектебін таныстырамын. Қазақстандағы бапкерлер менің іргетасымды «қалап», есу техникасын қойып берді. «Мынау әлсіз екен ғой. Орта жолдан қайтып кетті. Мәреге жетпеді» деген ауыр сөз естірткім келмейді. Сондықтан бәріне мұқият қараймын. Күніне бір рет жаттықсам да, режимді жіті қадағалаймын. Бір жаттығу көмектеспейді. Ол үшін режимің тұрмыс салтыңа айналуға тиіс.
– Америкалықтар өзара «Түп-тамырыңды ұмытпа» дегенді жиі айтады. Сол секілді біздің үлкендер де «Шыққан тегіңді ұмытпа» деп үнемі айтып отырады ғой. Мен америкалық емеспін. Өзгелерді несіне алдаймын? Өтірік оқиға құрастырғаннан не пайда? Мен Қазақстанда туып-өскеніме өте қуаныштымын. Бағым жанып, жақсы ортаға түсіп, Үкімет үнемі қолдайтын спорт түріне қызықтым. Керемет мектептен өттім, отбасымдай болған командаластарымнан қолдау көрдім. Ал мұның бәрін берген Қазақстанға қайдан өкпем болсын?! Басыма мұндай бақ берген Қазақстан туралы үнемі неге жақсы сөз айтпасқа?! Әлем қызыға қарайтын еліммен неге мақтанбасқа?! Мен шетелдіктерге өз үйімді үнемі өте әдемі етіп сипаттауға тырысамын. Мысалы, Америкада тұратын африкалық өз туған жерін аузының суы құрығанша мақтаса, мен оны құрметтеймін. Себебі ол ертең басқа ұлттар туралы жаман сөз айтпайды. Осылайша, ол өзінің де, өзгенің де Отанын құрметтейді. Тағы қайталап айтамын, мен ескек есу спортын қатты жақсы көремін. Жастар құрамасында өнер көрсеткеніме айрықша қуанамын. Екі ел арасындағы уақыт айырмашылығына бола, күн сайын араласпасам да, олар менің көңілімде. Дегенмен жоғарыда айтқанымдай мереке кезінде оларға жылы лебізімді білдіріп, ағынан жарылу мен үшін маңызды. Осылайша, мен жастар құрамасындағы жарқын сәттерімді еске аламын. Әрі бұл мені алға қарыштауға, «Қазақстанның азаматтары осал емес» деп айтқызуға желпіндіреді.
– Әңгімеңе рахмет! Ойлағаның іске ассын!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ