Статистика көңіл көншітпейді
Соңғы 20 жылда елімізде некеге тұрушылар саны азайып, керісінше ажырасу саны өскен. Қазақстандағы БҰҰ Тұрғын халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) мәліметтері бойынша 2013 жылдан бастап 2018 жылға дейін жалпы ел бойынша неке саны 18 пайызға қысқарған. 2000-2018 жылдары ажырасу саны орта есеппен екі есе өскен. Елімізде ажыра¬судың жалпы коэффициенті 2019 жылдың соңында 3,23-ті құрады. Ал былтыр 17,7 мың отбасы бұзылған. Статистикаға сәйкес 2020 жылы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет Қазақстанда ажырасу саны күрт қысқарды. Олардың саны 48 002-ге төмендеп, 1 000 адамға шаққанда 2,54-ті құрады. Алайда ажырасу санының, жалпы коэффициентінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан ажырасу бойынша ең жоғары деңгейлі елдердің ондығында қалып отыр. Ажырасу тек ерлі-зайыптылардың жеке мәселесі емес. Оның әсері ортақ балалардың, қала берді қоғамның мәселесі. Ажырасудың салдары елімізде демографиялық жағдайдың нашарлауы, толық емес отбасылардың пайда болуы, жалғызбасты адамдар санының көбеюіне алып келеді. Ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуі балаларға моральдық тұрғыдан ауыр екені анық. Ал ажырасқандардың қайта қалыпты өмір салтына оралуына, апатия, депрессиядан шығуына, қаржылық жағдайының бір қалыпқа келуіне біраз уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, ажырасу – ауырлығы бойынша, жақын адам қайтыс болған секілді эмоциялық күйзеліске алып келеді. Біз ажырасудың ең негізгі 3 салдарын сараптадық, енді себебіне үңілсек. Өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. Некеден кейін жұптардың сөзі, мінезі, әрекеті, тағдыры өзгеріп жатады. «Сүйдім-күйдім» деп қосылған жұптардың арада аз уақыт өтпей бірін-бірі көргісі келмей, ит пен мысықтай жауласуына қандай факторлар әсер ететінін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты зерттеген екен. Зерттеу мен сауалнама нәтижесінде ажырасудың кең тараған себептері анықталған. Респонденттер ажырасуға зиянды әдеттерді (маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық), махаббат сезімінің жоғалуын, қызғаныш, отбасылық міндеттерге жауапсыздықты, қаржының жетіспеушілігін, жұмыссыздықты, ерлі-зайыптылардың опасыздығын, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, мінез-құлықтың сәйкес келмеуін, өмірге деген әртүрлі көзқарастарды, ата-ананың және басқа туыстардың араласуын, балалардың болмауын, сезімдердің салқындауын атап өткен. Сауалнамаға қатысушылар ең көп таралған себеп ретінде ерлі-зайыптылардың опасыздық жасауын немесе басқа отбасының пайда болуын, екінші себеп ретінде туыстарының отбасылық өмірлеріне араласуын атап өткен.Әйелдердің қаржылай тәуелсіз болуы қауіпті ме?
Отбасы құндылық болудан қалды
Елімізде «Отбасылық-демографиялық саясат» тақырыбында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 45,1 пайызы ажырасуды құптамайтынын, бірақ ажырасу тұрақты жанжалдан гөрі жақсы екенін жеткізген. Қазақстандықтардың 43,2 пайыз ажырасуға үзілді-кесілді қарсы болса, құптайтындардың үлесі 8 пайыз екен. Бұл топтағылар ажырасқан дұрыс, ол жаңа отбасын құруға мүмкіндік береді деп санайды. Отбасын құрар алдында некенің қадір-қасиеті түсіндіріліп, ерлі-зайыптылардың міндеттері анықталып, екі жас бірауыздан келісіп, үлкен өмірге қадам басқанымен уақыт өте келе бұл ұмытылып кететін сияқты. Ұрыс-керіс кезінде олар отбасы алдындағы борышын, міндетін емес, құқығын пайдаланады. Екі жақ та жауапкершілікті сезінбегеннен кейін мәмілеге келе алмайды. Елімізде отбасының іргесі сетіней бастаған тұста маман кеңесіне жүгінетіндер өте аз. Психолог кеңесіне жүгініп, ашық сөйлесудің орнына бір-бірін жерден алып жерге салып қаралайтындар көп. Оған себеп – біздегі қалыптасқан таптаурын көзқарас болса керек. Әдетте, отбасылық кеңеске әйелдердің жиі жүгінетінін байқаймыз. Ерлер тарапы мұндай шешімге түбегейлі қарсы болып жататыны жасырын емес. Мүмкін эгоцентристік көзқарастан арылып, бір уақыт психолог көмегіне жүгінген де дұрыс болар. Өйткені ашық сөйлесе алмаған жұптар сырттан тон пішіп, бір-бірін менсінбей, жауласып өмір сүреді. Алайда шыдам шегіне жеткенде, екі жұп бірін-бірі тыңдаудан, естуден қалады да ажырасып кетеді.Келісіп ажырасушылар азая ма?
Ажырасуға әсер етіп отырған тағы бір елеулі фактор бар. Ол – мемлекеттен тегін баспана, әлеуметтік көмек алу мақсатында ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуы. Статистиканың қанша пайызын осындай өтірік ажырасушылар құрайтынын ешбір орган нақты есептеп айта алмайды. Баспана үшін келісіп ажырасқандардың қанша пайызы кейін қайта заңды түрде қосылатыны да белгісіз. Жылдар бойы баспана тауқыметін тартқан отбасылардың мұндай қадамға баруын шарасыздық деп ақтап алуға да болатын шығар. Алайда тұрмысы жақсы отбасыларды, тіпті шенеуніктердің баспаналы болу үшін осындай қадамға баратынын естігенде таңғалғанымыз рас. Бұл тағдырдың жазуымен ерінен айырылған немесе ажырасқан аналардың мемлекеттен алатын жәрдеміне ортақтасу емей, немене?! Әлеуметтік қажеттіліктен туындаған өтірік ажырасушылар елімізде 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы қосылғаннан кейін күрт өскен. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, бағдарлама іске қосылған сәттен бастап әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72 пайызға артқан. Бұл басқа кезекте тұрған санаттардан әлдеқайда көп. Мәселен, өтініштердің 50 пайыздан астамы аталған санат бойынша келіп түскен. Сондай-ақ статистика бойынша 2019 жылы ажырасулардың ең көп саны тіркелген. Сол жылы 59 796 жұп ажырасқан. Былтыр «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттары өзгерді. Оған себеп – кейінгі төрт жылда «Толық емес отбасы» санатының аса жоғары қарқынмен өсуі. Бағдарламаға бұған дейін көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылар қатысып, төмен пайызбен баспана алатын. Ажырасу көбейгендіктен, Үкімет бұл тізімнен толық емес отбасы санатын алып тастады. Дегенмен олар басқа бағдарламаларға қатыса алады. Яғни, әлеуметтік қажеттілік себебінен келісіп ажырасатындар саны азаймайды деген сөз. Өйткені жас отбасылардың баспаналы болуына арналған мемлекеттік бағдарламалар аз, ондағы орын саны да шектеулі. Түймедей нәрсені түйедей мәселе қылатын, ажырасуға асығатын ерлі-зайыптылар қатары көп екенін статистика көрсетті. Ажырасамын деген адамға сылтау да, себеп те жетерлік. Екінің бірі ажырасуды ойлаған қоғамда өмір сүрудің өзі қорқынышты. Ал отбасын сақтап қалуға тұтас отбасы және медиация институты керек. Мамандар ажырасудың алдын алуға тәжірибелі психологтар көмектесе алады дейді. Қалай десек те, отбасы мәселесін оны құрған ер мен әйел шешуі тиіс. Өйткені ашық әңгімеге келген жұптардың ажырасуы сирек.