Байланыстың бағасы сапасына сай ма?
Байланыстың бағасы сапасына сай ма?
Тамыздан бастап ұялы байланыс операторлары тарифтің бағасын қымбаттатты. Бағаның өсетіні туралы шешімді барлығы бір уақытта хабарлады деуге болады. Ал әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі халықтың кейінгі кезде интернет сапасына деген наразылығы да қатар өсіп жатқанын байқатады.
Интернетке де үнем керек пе?
Finprom аналитикалық ресурсының дерегіне сәйкес 2023 жылдың басындағы жағдай бойынша елімізде 25,1 миллион ұялы байланыс абоненті бар. Интернетті қолданатындардың үлесі де жыл санап өсіп келеді. Data Reportal сайтының 2023 жылдың басындағы мәліметіне сүйенсек, елімізде интернет қолданатындардың саны – 17,73 миллион. Бұл – жалпы халықтың 90,9 пайызы, ал 2022 жылдың басында көрсеткіш 85,9 пайыз, яғни 16,41 миллион пайдаланушы болған. Десек те, сан өскенімен, сапа төңірегінде сұрақ көп. Кейінгі кезде интернет қана емес, байланыс сапасы да жиі сыналып жүр. Әлеуметтік зерттеу нәтижелері де ел тұрғындарының сапаға байланысты шағымы өсіп жатқанын нақтылап отыр. Мәселен, қоғамдық саясат институтының биылғы маусымда жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес халықтың 35,4 пайызы интернеттің сапасына, ал 29,7 пайызы телефон және мобильді байланыс сапасына көңілі толмайды. 2021 жылғы қарашада бұл көрсеткіш сәйкесінше 24,1 пайыз және 21,3 пайыз болған. Өңірлер бойынша жіктесек, интернет сапасына көңілі толмайтын аймақтардың көш басында Алматы, Жамбыл, Ақмола, ШҚО және Ақтөбе облыстары тұр. Ал интернет қолжетімді емес деп Шымкент қаласы, Абай, Қостанай, ШҚО, Маңғыстау облыстарының тұрғындары көбірек шағымданған. Зерттеу қорытындысында интернет сапасына көбінесе ауыл тұрғындары шағымданатыны көрсетілген: шамамен 40,6 пайызының көңілі толмайды. Ал қалалықтардың 32,1 пайызы интернет сапасын сынаған. Ауылдағы интернеттің сапасы қандай екені ешқандай сауалнамасыз-ақ белгілі нәрсе, жылдамдығын былай қойғанда, мүлде интернет желісі жетпеген елді мекен қаншама? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жыл басында берген есебіне сүйенсек, елімізде ауылдардың 22,7 пайызға жуығы мобильді интернетсіз отыр. Дегенмен кейінгі кезде үлкен мегаполистердің өзінде интернет шабандап қалды. 11 шілдеде өткен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен Астанада интернет сапасы қашан жақсаратынын сұраған болатын. – Интернет пен ұялы байланыстың тұрақтылығына көп нәрсе байланысты. Мұның бәрі тұрғындарға ыңғайсыздық тудырады және қала экономикасына елеулі зиян келтіреді, – деді Президент. Бағдат Мусин бұл мәселені радиофобиямен және халықтың интернетте шамадан тыс көп уақыт өткізетінімен байланыстырды. – Біз мобильді интернетті өлшедік. Байланыс толығымен жоғалып кететін 67 орынды анықтадық. Ол тұрғын үй кешендерінде базалық стансаларды орнатудан қорқатын радиофобтар тұрады, – деді Бағдат Мусин. Сонымен қатар министр тарифтің бағасына да сын айтты. Оның сөзінше тариф арзан болғандықтан, халық желіде өте көп уақыт өткізеді, ал интернет те су секілді сарқылатын ресурс болғандықтан, жүктемені көтере алмай қалады. – Екінші мәселе – тариф бағасының арзан екені. Біздің интернет қолданушыларымыз интернетте үнемі бас алмай отырады және бұл үлкен жүктеме. Ал шетелде, мысалы Еуропада, Америкада интернетті қолданушылар қандай да бір контентті ашпас бұрын «бұл қажет пе, жоқ па?» деп ойлайды, өйткені мегабайты кетіп, ақшасын жоғалтады, – деді Мусин. Кейін министр осы мәлімдемесі үшін үлкен сынға қалды. Комментарий сараптама платформасының дерегінше, Tele2/Altel желісінде бір пайдаланушы шамамен 25 гигабайт трафик қолданады екен, ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда биыл трафик 24 пайызға өскен. 2022 жылы ұялы байланыс операторларының абоненттері барлығы 4 596 петабайт мобильді дерек жұмсапты. Ал 2023 жылдың 6 айында – 2 693 петабайт. Ал интернет жылдамдығына келер болсақ, Speedtest Global Index-тің биылғы маусымдағы рейтингінде Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша бір жыл ішінде 14 орынға көтеріліп 140 елдің ішінен 68-орынға тұрақтаған. Орташа жүктеу жылдамдығы – секундына 34,07 мегабит. Посткеңестік елдерден бізден жоғары тұрғандар тек Латвия (36 орын) мен Әзербайжан (59). Ал кабельді кең жолақты интернет бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 94 орында. Орташа жүктеу жылдамдығы секундына 44,94 мегабит. Бізден жоғары тұрған елдер – Молдова (34 орын), Ресей (56), Латвия (62), Эстония (65), Украина (68), Моңғолия (73), Қырғыз Республикасы (84), Өзбекстан (85). Кейінгі кезде ұялы байланыстың да сапасы сын көтермей тұр. Бұрын жекелеген тұрғын үй кешендерінде байланыс нашар немесе мүлде ұстамайтыны туралы айтылатын. Қазір тіпті көшеде де байланыстан ажырап қалуыңыз ғажап емес. Соған қарамастан, ұялы байланыс операторлары тарифтерінің құнын жарыса қымбаттатып жатыр. Әсіресе, министрдің «тариф арзан» деген сөзінен кейін оператордың барлығы бағаны өсіретіндерін айтып «сүйіншіледі».Бағаға да, сапаға да шағым көп
Осылайша, тамыздан бастап ұялы байланыс операторлары тарифтерінің бағасын 10-30 пайыз аралығында қымбаттатты. Кей тарифтің құны өзгеріссіз қалғанымен, кей әлеуметтік желілерде шектеусіз кіру мүмкіндігін шектеді. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 2022 жылдың үшінші тоқсанында халықтың барлық тұтыну шығысының ішінде байланыс қызметінің үлесі 3,3 пайыз болған. Құнын мемлекет бақылайтын коммуналдық қызметтер 2022 жылы тұтыну шығысының 4,5-6 пайызы болса, азық-түліктікі 50 пайыздан асқан. Бұл орташа көрсеткіш болғандықтан, байланысқа кететін шығыстың үлесі бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескере кеткен жөн. Себебі азық-түлікке табыстың жартысы жеткіліксіз екені мәлім. Немесе, еліміздегі мобильді операторлардың тарифтерінің бағасын саралап көруге болады. Операторлар ұсынып отырған ең арзан тарифті алатын болсақ, жан басына шаққандағы орташа бағасы айына 3 208 теңге шығады. Бұл – ең төменгі жалақының 4,5 пайызы (ең төменгі жалақы – 70 000 тг.). Ал кабельді интернеттің орташа бағасы айына – 4 813 теңге. Осылайша, үш адамнан тұратын отбасы интернетке айына кем дегенде 14 500 теңге, төрт адамнан тұратын отбасы 18 000 теңге жұмсайды. Британдық cabel.co.uk сайты әлем елдеріндегі мобильді интернет бағасын салыстыру арқылы жыл сайын Worldwide mobile data pricing атты рейтинг жариялайды. Сол рейтингтің 2022 жылғы дерегі бойынша елімізде 1 гб мобильді интернеттің құны 177,22 теңге, бұл – 233 елдің ішінде 16 орын, бізден бір саты жоғары тұрған Өзбекстанда – 177,21 теңге. Салыстыру үшін мысал келтіретін болсақ, Ресейде 1 гб – 229,91 теңге (30-орын), Молдовада 124,53 теңге (8-орын), Қырғыз Республикасында 81,42 теңге (6-орын). Бір айта кететін нәрсе – ең арзан тарифтің сапасы көңіл көншітпейді немесе аса қолайлы емес. Тариф тез таусылады, қоңырауға бөлінетін минут саны да аз, үнемдеймін деп екі төлеуге тура келеді. Кей операторлар тариф уақытын 30 күн, яғни бір ай емес, 28 күнге бекіткен. Ай сайын 2-3 күн «үнемдеп» қалатын операторлар үшін бір жылда 12 емес, 13 ай бар екені бұған дейін БАҚ-та көтеріліп жүрді. Дегенмен пікір біржақты емес. Мысалы, экономист Андрей Чеботарев министр Бағдат Мусиннің пікірін жөн санайтынын айтады. Сарапшының сөзінше, шынымен де біз тарифке аз төлейміз, интернетті үнемдеуге тырыспаймыз. – Шынында біз интернетте көп отырамыз. Қазақстандағы интернет-трафикті тұтыну әлемдік орташа көрсеткіштерден 46 пайызға жоғары деп жазды Ranking.kz. Бұл – 2022 жылғы дерек, қазір тұтыну көлемі бұдан да өсті. Біз мобильді интернетті үйдегі интернет ретінде пайдаланамыз, трафикті үнемдемейміз, оған мүлдем назар аудармаймыз. Суға ысырап қалай жасасақ, интернетті де дәл солай пайдаланамыз. Қазақстандағы интернет-трафикті тұтыну көлемінің жоғары деңгейі – біздің азаматтар үшін дүниежүзілік желінің қолжетімділігінің белгісі және ел экономикасын табысты цифрландырудың негізгі факторларының бірі, – дейді ол. Сарапшының сөзінше, бүкіл әлем бойынша интернетке қол жеткізу құны әдетте масштабқа, ауданға, елге тікелей пропорционал, яғни географиялық ауқым неғұрлым үлкен болса, бүкіл аумақты қамту соғұрлым қымбатқа түседі және сәйкесінше пайдаланушылар үшін тариф соғұрлым қымбат болуы керек. –Шын мәнінде, телекоммуникация қызметтерінде дефляция орын алып отыр, – дейді экономист. Десек те, байланыс саласындағы баға мен сапаға қатысты шағымға құзырлы органдар көңіл бөліп, зерттеу жүргізіп, нарықтағы мәселелерді қадағалауға қадам жасап көрген екен. Тарифтердің өсуі және ұялы байланыс қызметінің сапасы төмендеуіне байланысты қыста Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс саласындағы қызмет көрсету ережелеріне өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жіберген. Ұсыныстың себебі – ұялы байланыс операторлары абоненттерге қажет емес, қолданыла бермейтін қызметтер пакетіне аздаған өзгеріс енгізу арқылы тарифтердің бағасын өсіреді. Агенттік негізі бар өзгерістерді қоспағанда, жалпы тариф жоспарларының шартын өзгертуге тыйым салуды ұсынған. Шілде айының басында Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында «Бәсекелестік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат жарияланды. Құжатта еліміздегі ұялы байланыс қызметінің бағасын мемлекет тарапынан реттеу және осы саланы қоғамдық маңызы бар нарыққа жатқызу ұсынылған. – Монополия және нарықтағы бәсекелестіктің төмендігінен операторлар арасында клиент үшін бәсекенің төмендеуі байқалады, бағаның өсуіне, тұтынушыларға талап етілмеген қызметтерді жүктеуге, сондай-ақ байланыс және интернет қызметтерінің сапасына жиі шағым түсетін болды, – деп жазылған құжатта. 2022 жылы және биыл байланыс қызметінің сапасына байланысты ұялы операторларға 1 492 тексеру жүргізілген және 3 миллиард 44 миллион теңге айыппұл салынған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне 2022 жылдан бастап биыл жыл басына дейін тарифтерге байланысты қатысты 350-ден астам шағым түсіпті. Сонымен қатар, осы кезеңде Агенттіктің атына халықтан тарифтің бағасына қатысты 100-ден астам шағым түскен. Мысалы, «Жарқын+» тариф жоспарының бағасы 52,4 пайызға өсуіне байланысты Beeline операторына, «Қоңырау шалу» тариф жоспары 100 пайызға қымбаттағанына байланыста Теле2 операторының үстінен көп шағым түскен. – Нарықта монополия толық жойылғанға дейін ұялы байланыс қызметінің бағаларына мемлекеттік реттеу енгізу ұсынылады, – деп жазылған құжатта. Құжат 28 шілдеге дейін көпшілік талқысында болды. Яғни, баға мен сапаның сәйкессіздігі, тұрғындардың шағымы жауапты мекемелердің назарын аудартып отыр. Дегенмен операторлардың өз айтары бар.Операторлардың өз айтары бар
Операторлар тарифтің бағасын неге өсіретіндерін өздерінше түсіндіріп бағады. Атап айтқанда, инфляция, валюта бағамның әлсіреуі, телекоммуникация жабдықтарының бағасының өсуі, жалға алу, электр энергиясы, трансмиссия, мобильді желіге қызмет көрсету шығындары сияқты факторлар. Мәселен, 2023 жылғы бірінші тоқсандағы электр энергиясының бағасы шамамен 27 пайызға қымбаттаған. Бір базалық станса шамамен 20 пәтерге кететін электр қуатын тұтынады. Сонымен қатар мобильді деректерге сұраныс соңғы жылдары бірнеше есе өскен, яғни операторлар интернет қолданушыларының саны көбейгені инфрақұрылымға ауыртпалық түсіріп отырғанын алға тартып отыр. Бұл қосымша базалық стансаларды орнатуды қажет етеді. Радиофобия қалалардағы желілердің дамуына айтарлықтай кедергі келтіретінін де айтылады. Яғни, әуелде айтып өткен министр Бағдат Мусиннің сөзін операторлар растап отыр. – Біз де азық-түлік, жанар-жағармай және жылжымайтын мүліктің бұрынғы бағасын сағынышпен еске аламыз. Бірақ әлем бір орында тұрмайды және жақсы қызмет көрсету үшін біз де өзгеруіміз керек. Бағаны көтеруге жауапкершілікпен қараймыз. Біз нарықтағы орташа деңгейден барынша төмен бағадағы тариф жоспарларына ғана өзгеріс енгіземіз. Қолайсыздық туындамас үшін бір ай бұрын абоненттерді хабардар етеміз, – деп айтылған Beeline-нің ресми жауабында. Ал Tele2 «бірқатар факторға, соның ішінде экономикалық жағдайға байланысты біз тариф жоспарларының бағасын аздап өзгерту туралы шешім қабылдауға мәжбүр» екенін айтады. Оператордың мәлімдемесінше, «өзгеріс инфрақұрылымға негізделген шығынның өсуіне, жаңа технологияның іске қосылуы мен дамуына, жаһандық логистика тізбектерінің бұзылуына, инфляцияға, электр энергиясының қымбаттауына, жаңа технологияны енгізу жиіліктерінің қымбаттауына және белгілі бір сын-қатерлер тудырған басқа жайтқа байланысты». Сонымен қатар операторлар қызмет құнының өсуі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің тарифтердің арзан екенін айтқан мәлімдемесінің арасында мүлде байланыс жоқ екенін айтады. Ал VEON (еліміздегі ВымпелКом, Beeline) жылдық есебінің дерегіне сүйенсек, 2022 жылғы компанияның Қазақстандағы кірісі 20 пайызға, ал пайыз, салықтар, тозу және амортизациялық аударымдар шегерілгенге дейінгі пайда 7 пайызға өскен. Бұл мәлімет сектордағы кіріс төмендеді деген мәлімдемемен сәйкеспейді.Бет алған «белес» – 5G
11 тамызда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері мен байланыс операторлары байланыс сапасын жақсарту және саланы дамыту мәселелерін талқылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, Астанада қосымша құрылғылар орнатуды қажет ететін 600-ден астам орын бар. Оның 39-ы бойынша мәселе шешілген. Тиісті жұмыстар өңірлерде де атқарылып жатқаны айтылды. – 250 және одан артық тұрғыны бар барлық елді мекенде келесі жылдың соңына дейін барлық 3 ұялы байланыс операторы болады және халық өз таңдауын жасай алатын болады. Біз 6 облыс пен 250-ден аз адам тұратын елді мекендерге мобильді интернетті қалай тартуға болатыны туралы Жол карталарына қол қойдық. Бұл өте қиын шаруа, осы ретте мемлекеттік бағдарламалар бізді айтарлықтай ынталандырады, – деді Beeline Қазақстанның бас атқарушы директоры Евгений Настрадин. Бұл мәлімдеменің өзі ел халқын интернетпен қамту туралы статистикаға күмәнмен қарауға итермелейтіні анық. Ауыл халқының интернетпен қамтылуы туралы мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтерген болатынбыз. Қағаз жүзінде бар болғанның өзінде, сапа мәселесі бәрібір алаңдатпай қоймайды. Әйтсе де, қазіргі ахуал толық реттелмей жатып, көздегеніміз – алыс, межеміз жоғары болып тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов елімізде 5G желісінің таралуы туралы айтып берді. Дегенмен комитет төрағасының айтуынша, министрліктің жалпы реттеуші ретіндегі басты мақсаты – бәсекелестік орнату және оны одан әрі дамыту. – Осыған қатысты екі мәселені айтып кеткен жөн. Біріншіден, Үкіметтің «Қазақтелекомның» ішінен екі мобильді оператордың біреуін шығару туралы нақты тапсырмасы бар. Қазір ақпарат ретінде айтатыным – инвесторлармен жұмыстар жалғасуда», – деді ол. Сонымен қатар төраға жыл соңына дейін 5G желісін сату мақсатында тағы да аукцион ұйымдастыру жоспарланып отырғанын, егер сол жақта басқа бір инвестор жеңіп алса, жаңа бір байланыс операторының пайда болуы әбден мүмкін екенін айтты. «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков Қазақстан бойынша 5G желісі бойынша бес жыл ішінде 3 мыңнан астам базалық станса құрылуға тиіс екенін жеткізді. – Биыл біз республиканың үш қаласында 5G желісін құрамыз. Қазір 200-ден астам базалық станса Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа қалаларда құрылған, – деді «Кселл» АҚ басқарма төрағасы. «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас директоры Сергей Коньков компания өткен жылы аукционда жеңіске жетіп, 5G технологиясын орнатуға мүмкіндік алғанын айтты. Бірінші кезекте бұл өсіп келе жатқан трафикті тиімді өңдеуге жол ашады екен. – Трафиктің сапасына қатысты проблемалар болмас үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл тұрғыда ең перспективтісі – 5G. Бүгінгі таңда 5G желілерін пайдалана алатын клиенттер саны шамамен 15 пайыз. Бұл көрсеткіш ай сайын өседі, – деді С. Коньков. Министрлік те, операторлар да интернетті тұтыну деңгейі өсетініне, ал 5G технологиясын енгізу бұл процесті үдете түсетініне сенімді. Қос тарап та бұл жаңа перспективалар мен мүмкіндіктер ашады деген пікірде. Сонымен қатар қазір қордаланып отырған мәселені 5G шешетінін де айтады. Яғни, көздегеніміз – 5G. Дегенмен шағын ауылдардағы халық қарапайым интернетке келесі жылдың аяғында ғана қол жеткізе алуы мүмкін. Тұтыну деңгейінің өсуі нақты статистикамен дәлелденіп отыр, дегенмен бас қаланың өзінде қарапайым байланыс сапасының күрт нашарлауы – түсініксіз. Операторлар мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің айтары – бір. Ал баға мен сапаның сәйкессіздігіне назар аударған құзырлы органдар саланы мемлекет реттесе дейді. Онсыз да монополияланған салаға бұл қаншалықты оң әсер ететіні беймәлім.Ділда УӘЛИБЕК