Жаңалықтар

Балабақшада бір жасар қыздың денесін тістеп тастаған

ашық дереккөзі

Балабақшада бір жасар қыздың денесін тістеп тастаған

Алматы облысындағы балабақшада 1 жас 8 айлық қызды балабақшада тістеп тастаған. Тәрбиешілер бұл оқиғаға ата-анасын кінәлап отыр. Қыздың анасы қоғам белсендісі Дина Таңсәріге болған жағдай туралы айтып берді. Кешке қарай анасы баланың киімін ауыстырып жатқан кезде бүкіл денесінің тістелгенін көреді. Олардың тереңдігі соншалық қансырап кеткен. Әйел оларды балалардың жасауы екіталай дейді. «Балабақшада тәрбиешілер мен күтушілер қызымды кім тістегенін байқамағандарын айтты. Күтуші тістеген жер 8:00-8:30 аралығында болды деді. Сонымен қатар балабақшада 8:00-10:00 аралығында жарық болмағандықтан, бейнекамерада видео жазылмаған екен. Ал сол аудандағы көршілер ол уақытта жарық сөнбегенін жеткізді. Полицияға хабарласып, арыз жазуды жөн көрдік. Менеджер арыз жазбауымызды өтінді. Ол бізге үлкен көлемде ақша ұсынды. Күйеуім камералардан іздеп жүріп, күтушінің баламды қалай итеріп жібергенін және баламның қатты жылап отырған видеосын тапты», - дейді анасы. Аудандық полиция  тергеуді бастап кетті. «Қазіргі уақытта тәрбиеші А.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-1-бабының 1-бөлігімен «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Осы ретте аталған балабақша директорына қатысты облыстық білім басқармасына ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабының 3-бөлігімен «Қазақстан Республикасының білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша ұсыныс дайындалды», - деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті тарапынан Алматы облысының «Жәния» жеке балабақшасындағы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме жасады. «Алматы облысы білім басқармасының берген ақпарынша, бейнебақылау камераларының материалдарын зерделеу кезінде факт расталды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, оқиға орнында білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттің өкілдері де бар. Тексеру нәтижесіне сәйкес балабақша әкімшілігіне қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұл жағдай Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің бақылауында», - делінген мәлімдемеде.