Жаңалықтар

Алғыс арқалаған азамат

ашық дереккөзі

Алғыс арқалаған азамат

Алпыстың асуын бағындырған Талғат Құмарғалиұлын мен танығалы бері 35 жыл уақыт сырғып өте шығыпты. 1988 жылы мен журфактың студенті атанғанда, ол Тарих факультетінің 3 курс студенті болатын. Әрі ҚазМУ қалашығы ОКД-сының басшысы еді. Сол кездегі ҚазҰУ студенттері КСРО-ның Бас хатшысын танымауы мүмкін. Ректордың аты-жөнін білмей қалуы да ықтимал. Бірақ Талғат Мекебаевты түп-тұқиянына дейін түгел танитын. Түнгі сағат төртте түртіп оятып, Тәкеңнің жеті атасын сұрасаң, мүдірмей жауап берері хақ. Өйткені ол кезде ҚазҰУ қалашығында ОКД-сыз шыбын ұшып, маса ызыңдап, мазаңды алмайтын. Қызығы мол студенттік шақтың әрбір мәдени шарасын өткізу үшін, ОКД-ның келісімі керек. Тіпті туған күніңді атап өту үшін де әлгі ұйымның рұқсаты қажет. Сондықтан ОКД басшысының атақ-абыройынан ат үркіп, қолтырауынның өзі қалтырып қоя беретін. Бұл енді сатирик болғандықтан әсірелеп һәм әзілдеп айтып жатқаным ғой. Дей тұрсақ та осы сипаттамам шындықтан көп алшақтай қоймасы тағы анық. Солай бола тұра, Талғаттың қызметін асыра пайдаланып, бақырып-шақырып, біреуге тізе батырып, жапа шектіріп, залал келтіргенін көрген де, естіген де емеспін. Дүйім халық, мұқым елден алғыс алмаса, қарғыс алған жері жоқ. Мен өзі – журфактың ардагер абитуриен­тімін. Осы оқу орнына үш рет келіп, оның екеуінде құлап, үшіншісінде әупірімдеп жү­ріп, әрең түскен қайсар да қайтпас талап­кер­мін. Сондықтан ба, етім тірілеу болып, сол алғаш­қы курстың өзінде-ақ той басқардым. Ұстазым – сол кездегі атақты асаба Шоқан Шөжеев. Рухани кура­торым – айтыскер ақын, таңдайы тақылдаған тер­меші Мұхтар Бөпетаев. Осы үшеумізді желеп-же­беуші һәм қорғаушы – Ұзақбай Серікбаев. Қыс­қасы, осы үш арыстың арқасында екінің бірі­нің қолы жете бермейтін Талғат Құмар­ға­лиұлы­ның қолын алып, пірге қол бергендей күй кеш­тік. Бұл жетістік мен үшін Қытай қамалын ал­ған­нан бір мысқал кем түскен жоқ. Содан бас­тап тарих факультеті студенттерінің, тіпті одан қа­ла берсе, Талғаттың туған-туыс, тамыр-таныс­тары­ның тойын басқарып, келе бере туған бауыр­дай етене араласып кеттік. Осы жылдар ішінде бір-бірімізге өкпе айтқан, ренжіскен кезіміз жоқ. Ол ағалық қамқорлығын көрсетсе, мен інілік ізетімді жасап келемін. Әсіресе, «Айқын» газетінде жұм­ыс істеп жүрген кезімде маған да тыныштық бер­мейтін, өзі де тыным таппайтын. Апта сайын ақ­парат, маусым сайын мақала, жыл сайын жыл­нама жазып, оның жарық көруін маған тап­сыра­тын. Тіпті, басқа басылымға шығуына да мұрын­дық болатынмын. Соның арқасында «Қалам мен қарым» атты кітап жазып тастады. Ол жинақтың құрастырылуына себепкер болғаным да рас. Бұл басылымның дайын болғанына да екі жылдың жүзі болды. Бірақ Тәкең кітаптың тасқа басылуы­на асықпады. Өйткені ол мақтаншақтардың сойы­нан емес. «Ең болмаса, алпыс жылдық ме­рей­тойыңыздың қарсаңында тасқа басайық» деп едім, оған да илікпеді. «Сол мерейтойға бай­ла­нысты тағы да біраз шығармалар жазылады. Со­лар­­дың бәрін қосып, бір-ақ шығарайық» деді. «Оныңыз да жөн екен» деп қостадық. Міне, сол жи­нақ тасқа басылып, өз оқырманына жол тар­тып барады. Бұл кітап «ҚазҰУ – әлем назарында», «Кел­бет», «Болмыс», «Құрмет» атты төрт бөлімнен тұра­ды. Жинаққа автордың соңғы жыл бедерінде рес­публикалық басылымдарда жарық көрген ма­қалалары және ұстаздары һәм әріптестер тура­лы жазған естеліктері мен эсселері топтас­тырыл­ған. Жалпы, осы басылым арқылы Талғат Құмар­ға­лиұлының бүтін болмыс-бітімін білуге болады. Талғат Құмарғалиұлы – тектіден туған тұяқ. Асылдың сынығы. Жақсының көзі. Оның ата-бабалары бай да, би де, көсем де, ше­шен де, қажет болса, қажы да болған екен. Кезінде қа­жы атанған Әлпеш бабасы Меккеден келгеннен кейін дүниеге келген перзентіне Мекебай деп ат қойып, айдар таққан екен. Қасиетті Қағбада һәм Арафатта тұрып сұраған дұғалары қабыл болып, өзі азан шақырып, ат қойған Мекебайдан тараған ұрпақ елге елеулі, халыққа қалаулы болды. Соның бірі – Талғат Құмарғалиұлы болса, екіншісі – Ас­хат Талғатұлы. Мақаланың өн бойында Талғаттың өмірі мен шығармашылығы һәм қызметі туралы егжей-тегжейлі айтылатындықтан, әңгіме ауанын Асхатқа бұрғанды жөн санап отырмын. Асхат Талғатұлы – әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетінің түлегі. Ұлттық қауіп­сіз­дік қызметінің қызметкері ретінде бұйрық шық­қанына қарамастан, ол жерде жұмыс істеу­ден бас тартып, жеке кәсіппен айналысуды құп көреді. Сөйтіп бір емес, бірнеше кәсіп ашып, әб­ден шыңдалады. Соның нәтижесінде ол Zheka's Doner House, Salam Bro, Marmelad bar, Zheka's Ice се­кілді бірнеше кәсіп жүйесін құрып, соны дөң­гелетіп, абыроймен басқарып келеді. Ол да ата-ба­балары һәм әкесі секілді халыққа қамқор бо­лып, елге қызмет етудің үлгісін көрсетуде. Сөзіміз нанымды болу үшін мына бір ғана мысалды айтсақ та жеткілікті. Нұр-Мүбарак университеті өз ауласынан оқу ғимаратын салып жатқаны мұқым елге мәлім. Соның құрылысына қаржы жетпей жат­қанын естіген Асхат құны жүз миллион тең­ге­ден астам тұратын өзінің темір тұлпарын са­тып, бүкіл қаражатты ғимарат құрылысына аудара­ды. Бұл не деген Атымтай жомарттық?! Дәл осылай қайырымдылық жасау – кез келген бай-бағландардың қолынан келе бермейтін мәрттік. Өйткені ол – Әлпеш бабасы, Талғат әкесі, Айша ана­сы секілді қажы. Асхат дәл осы қасиетті парыз­ды бір емес, бірнеше рет орындады. Ал қа­жылар – Алланың сүйікті құлы һәм қонағы, қа­шан­да халық жанашыры! «Дүниең үшін дініңді емес, дінің үшін дүниеңді сарп ет!» деген хадис бар. Сол айтқандай, Асхат – дүниесін дін үшін сарп етіп жүрген азамат. Сондай-ақ ол «Ата-ана­сы­на жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ және ризығы берекелі болады» деген қағиданы басшылыққа алып, ата-анасына ылғи да сый-құрмет көрсетіп келеді. Жыл сайын олардың ем мен дем алуларын ұйымдастырып отырады. Екеуі­нің де қажылыққа баруына ықпал етті. Әкесі Тал­ғатқа темір тұлпардың төресін сыйлады. Қыс­қасы, Асхаттың ата-анасына жасаған жақ­сы­лық­тарын айтып тауыса алмайсыз. Алла Тағала оның дұға-тілектерін қабыл етіп, әрбір ізгі істерін сауап­тан жазсын! Талғат Мекебаев – сегіз қырлы, бір сырлы аза­мат. Мінезі салмақты, өзі салиқалы әрі бай­салды да байыпты. Қандай шаруаны қолға ал­са да, аспай, саспай, таспай һәм тастай қылып іс­тейді. «Асықпаған, арбамен қоян қуып ала­ды­ның» нақ өзі. Анда-санда Алатау қозғалуы мүм­кін, бірақ Талғат қозғала қоймайды. Оған сан емес, сапа қажет. Осы қасиетінің арқасында ол бір­аз асуларды алып, біраз биіктерді бағындырды. Алғашқы қызметін ассистенттіктен бастап, та­рих факультеті деканының орынбасары, Сырттай бөлім деканы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректорының орынбасары, Оқу ісі жөніндегі про­ректордың көмекшісі қызметтерін абыройлы атқарды. 1996 жылы есімі елге мәлім тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің жетекшілігімен «Уа­қытша үкіметтің Қазақстандағы билік орын­дары­ның қызметі (1917 жылдың ақпаны – 1918 жыл­дың басы)» атты тақырыпта кандидаттық дис­сертациясын сәтті қорғады. Өз маман­ды­ғы­ның майталманы ретінде ғылыммен терең айна­лы­сып, індете ізденді, жете зерттеді. Соның нә­ти­жесінде жүзден аса ғылыми мақалалар жазды. Олардың бірі де бірегейі Scopus ғылыми базасы тізіміне кіретін журналдарда жарық көрді. Сонымен бірге ол ондаған оқулықтар мен оқу құралдарының және монографиялардың авторы. Ал 2011 жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қыз­меткерлері «Парасат» кәсіподағының төра­ғасы болып ерен еңбек етіп келеді. Кәсіподақтың негізгі міндеті – қызметкерлерінің әлеуметтік-эко­номикалық құқықтары мен мүдделерін қор­ғау. Олардың сапалы еңбек етіп, ем мен дем алуын ұйымдастыру. Қажет болса, әлеуметтік қо­лдау көрсетіп, демеушілік қызмет жасау. Мұ­ның бәрін атқару оңай шаруа емес. Соған қара­мас­тан кәсіподақ басшысы ізгі де ілкімді іс іс­теу­дің үлгісін көрсетіп келеді. Басқаны айтпа­ған­да, соңғы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 118 қызметкері Талғат Мекебаевтың ұйытқы болуымен пәтер алды. Бұл – жоғарыда айтқан сө­зі­міздің айғағы. Сондай-ақ ол Лепсідегі өзі оқы­ған мектебін оқу құралдарымен және соңғы үлгі­дегі техникалармен жабдықтап, оқушыларға қам­қорлық жасады. Аудан орталығындағы Ал­дияр батырға арналған ескерткіштің тұғырға қонуы­на да Талғат Құмарғалиұлы демеушілік қыз­мет көрсетті. Осы орайда 1986 жылы Черно­быль атом стансасындағы жарылыс кезінде уни­вер­ситетте жасақталған құрылыс отрядына өз еркі­мен жазылып, апат аймағында тұрғын үй салу­ға белсене ат салысты. Ал 2010 жылы Алматы об­лы­сындағы Қызылағаш ауылындағы су тас­қыны кезінде де білім ордасы тарапынан зардап шеккендерге көмек қолын созғандардың бірі де бірегейі – осы Құмарғалидың Талғаты болатын. Талғат Мекебаевтың ел игілігі үшін ат­қар­ған қызметі үкімет және қоғамдық ұйым та­рап­тарынан дер кезінде бағаланып келеді. Ол – «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге – 75 жыл», «Қ­азақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», «М. Тынышбаевтың туғанына 130 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин», Б.Момыш­ұлы­­ның ту­ға­нына 100 жыл толуына орай шыққан «Ша­па­ғат», «Әл-Фараби» күміс медалдарының иегері. Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы». Мәдениет саласының үздігі. Сар­қан ауданының құрметті азаматы. Бұл атақ-абы­ройдың барлығы – адал еңбек пен маңдай тердің өтеуі. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадистерінің бірін­де: «Тату-тәтті тұрған жұбайларды құдіреті күшті Құдай қиямет күні мейіріммен қарап, жән­натқа кіргізеді» дейді. Отыз жылдан астам уақыт бойы Айша ханыммен бірге үлгілі отбасын құ­рып, Асхат пен Рахаттай ұл һәм бірнеше немере сүйіп отырған Талғат Құмарғалиұлының әулетін Алла Тағала екі дүниенің нығметіне бөлесін!

Ермахан Шайхыұлы, Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Мәдениет және Ақпарат саласының үздігі