Жаңалықтар

Қайраткер тұлға, зерделі ғалым

ашық дереккөзі

Қайраткер тұлға, зерделі ғалым

Еліміздің білім, ғылым саласында, саяси өмірінде мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Бақытжан Жұмағұловтың алатын орны ерекше. Өмірден түйген тәжірибесі мен бі­лі­мін, іскерлік, ұйымдастыру­шы­лық қабілетін тәуелсіз мемлекетіміздің қалып­тасуына, отандық ғылымның дамуына ар­на­ған зиялы азаматтың қоғам игілігі жо­лында атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Қапалдағы қарапайым ауыл мектебін бі­тірген Бақытжан Тұрсынұлы табанды із­деніс пен еңбекқорлығының арқасында уа­қыт өткен сайын шыңдалып, ғылым жо­лында межелі белестерді бағындырды. Хакім Абайдың «Сен де бір кірпіш дү­ниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген өсиет сөзін өзінің өмірлік ұстанымы ретінде қа­­былдады. Осылайша, қатардағы мұғалім­нен университет студенті, жастар лидері, көр­некті ғалым, мемлекет және қоғам қай­­раткері атанды. Ұлт қайраткері Дін­мұха­мед Қонаевтың ой-толғамымен айт­қанда, «жаман жерді баспай», ірі мемлекет жә­не қоғам қайраткері дәрежесіне кө­терілді. Бақытжан Жұмағұлов Ұлттық ғылым ака­демиясы, Халықаралық инженерлік ака­демия және Ұлттық инженерлік ака­де­мияның академигі. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының ғылым, техника және білім сала­сын­дағы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері. Бақытжан Тұрсынұлы өзінің та­бысты жетістіктеріне бойындағы ізгі қа­сиет­тері мен білім және еңбекке деген ұмты­лысы арқылы, ұстаздарының өнегесі арқылы жеткені сөзсіз. Мектеп бітірген соң, әскери борышын өтеп келіп, С.Киров атындағы Қазақ мем­ле­­­кеттік университетінің дайындық бөлі­мін­де бір жыл оқып, жаңадан ашылған қол­­­­данбалы математика факультетіне оқу­ға түсті. Университетте үлкен мектептен өтіп, жаңадан құрылған студенттік құ­ры­лыс отрядтарының жұмысына белсене ара­ласып, жетекшілік жасады. Сөзі ісіне сай жас студент қазақтың бағына біткен мем­лекеттік университеттің ректоры, академик Өмір­бек Жолдасбековтің назарына ілікті. Осы­лайша, ұстаз бен шәкірт арасындағы ұзақ жылға жалғасқан достық орнықты. Университетте комсомол комитетінің же­текшісі болып, ұйымда белсенді жұмыс ат­қарды. Әйгілі «КазГУ»-дің даңқын білімді, та­лантты жастар арқылы халықаралық дең­гейде танытуға талпыныс жасап, бірқа­тар игі жұмыстарды іске асырды. Өкінішке қарай, 1986 жылғы жаралы Желтоқсан оқи­ғасы сол кездегі қоғамды дүр сілкін­ді­ріп, әсіресе, жастардың үмітіне көлеңке тү­сірді. Коммунистік жүйе жастардың де­мократиялық жолға бағытталған қарсы­лы­ғын жаншып, таптап, тас-талқан етті. Олар­ға «нашақорлар», «басбұзарлар» деген жа­ла жабылды. Жаппай студенттерді оқу­дан шығарып, қылмысқа тарту жолы бас­талды. Бұл кезде Бақытжан Тұрсынұлы уни­верситет партия комитетінің хатшысы болатын. Желтоқсан оқиғасы кезінде Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық ко­ми­тетінің бірінші хатшысы болып, сырттан кел­ген Колбин студенттерді жаппай қуда­лау саясатын ұстанды. Әр жоғары оқу ор­ны­нан кем дегенде 100 студентті оқудан шы­ғару міндеті қойылды. Қазақ мемле­кет­тік университетінен де 100 студентті оқу­дан шығару талап етілді. Осы сәтте Ба­қыт­жан Жұмағұловтың ұлтжандылық қасиеті анық көрінді. Ол кезде партия комитетінің шешімінсіз ректор студентті оқудан шы­ғара алмайтын. Осы кезеңде Бақытжан Жұмағұлов за­ман­дастарын қорғап, өзінің кесімді сөзін айтты. Мәселенің мәнін білмей, ешкімді оқу­дан шығаруға болмайтынын алға тар­тып, үлкен саяси күшпен бетпе-бет келді. Ол ұлттық ұстанымы мен азаматтық көз­қара­сынан айнымады. Бірақ коммунистік жүйе ­шындық үшін күрескен жас Бақытжан Жұмағұловты ақыры жұмыстан шығарып, ешқандай қызметке алмау туралы нұсқау бергенін кейін білдік. Жақсылық ешқашан ұмытылмайды. Осын­дай сын сағаты кезінде Бақытжан Тұрсынұлының курстас досы, бүгінде ірі мем­лекет және қоғам қайраткеріне айнал­ған Жақсыбек Құлекеев өз кафедрасына – Алматы халық шаруашылығы институтына қызметке шақырады. Алайда партиялық аппарат жас қайраткерді қудалауын қойған жоқ. Бұл жерден де кетуге мәжбүр болып, біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Кейін қазақ­тың атақты математигі, Новосібір ғылыми мектебінің ірі өкілі Шалтай Смағұлов өз ка­федрасына қатардағы инженер қызм­е­тіне қабылдайды. Оған да қысым көрсеті­леді. Бірақ Шалтай Смағұлұлы бұл қысымға бой бермей, жас ғалымның тағдырына ара­ша түсті. Осы жылдарда Бақытжан Тұрсынұлы тұтас­тай ғылымға бет бұрды. Уақы­ты­ның бар­лығын ғылыми тақырыбын же­­­тілдіруге ар­нады. Он жыл ішінде ғылым кандидаты, ғы­лым докторы, профессор, ғылым сала­сын­дағы Мемлекеттік сыйлық­тың лауреа­ты атанды. Бұл оңай келген же­тістік емес. Жанашыр ұстаздардың, қол­дау­шы әріптестердің көмегімен, ең бас­тысы, талап пен еңбек арқылы ол ғылым жо­лында елеулі табыстарға жетті. Академик Бақытжан Жұмағұлов – сұйықтар мен газдарды есептеу механика­сының математикалық әдістері ғылыми мектебінің жетекшісі, мұнай өндіру және тасымалдау процестерін талдау, болжау жә­не оңтайландырудың автоматтандырыл­ған жүйелерінің негізін қалаушылардың бірі ретінде ғылыми ортада мойындалды. Іргелі зерттеулерінің нәтижесінде ака­демик Б.Жұмағұлов математикалық және компьютерлік модельдеу бойынша ғылыми мектеп қалыптастырды, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-да арнайы кафедра ашты. Ба­қытжан Тұрсынұлының мұнай-газ са­ла­сына арнап жасаған автоматтандырылған ақпараттық жүйесі әлемге әйгілі Tigress, Schlumberger компанияларының ақпарат­тық жүйелерінен тиімділігі мен қолжетім­ділігі жағынан кем түспейді. Қазақстанда және шетелдерде жария­ланған 430-дан астам ғылыми жұмыстың және 15 іргелі монографияның авторы атан­ған ғалым мұнай-газ өнеркәсібіндегі ма­тематикалық модельдеу мәселелерін зерт­теп, осы саладағы технологиялық про­цестерді басқарудың ақпараттық жүйе­ле­рін құрды. Осы ғылыми нәтижелердің бар­лығы Бақытжан Жұмағұловтың 2001 жылы жарық көрген «Мұнай өндірудің гидродинамикасы» атты монографиясында жинақталған. Бұл кітап тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерде де есеп­теу және жерасты гидродинамика­сы­ның мәселелерімен айналысатын мамандар мен ғалымдар үшін анықтамалық кітап бол­ды. Әлемнің мұнай компаниялары ғы­лыми нәтижелерге және ИСАР ақпараттық жүйесіне қызығушылық танытып, AgipKCO компаниясының қаражаты есебінен «The Fluid dynamics of oil production» Elsevier (Ни­дерланды) баспасында 2013 жылы ағыл­шын тілінде қайта басылып шықты. Ол қолданбалы математиканың ірі өкі­лі, Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, ұлы ұстазы Өмірбек Жолдасбеков­пен бірігіп инженерлік академияны құрды. Бүгінде академия ірі ғылыми орталыққа айналды. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін жаңа бетбұрыс, жаңа заман, жаңа өр­кениет жолы басталды. Бақытжан Тұрсынұлымен қоғамдық-саяси өмірде көп жыл Президент Әкімшілігінде қатарласа қыз­мет атқардық. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындайтын, іскер ұйымдастырушы болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінің ректоры қызметін атқар­ған жылдары білім ордасын жаңа белеске көтерді. Ол кезде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі ретінде Ба­қыт­жан Тұрсынұлымен өте тығыз байланыста болып, нәтижелі жұмыстарына куә болдым. Жаңашыл ректор ретінде ҚазҰУ қа­ла­шығын көркейтуге ерекше еңбек сіңірді. Кезінде академик Өмірбек Жол­дасбековпен бірге проректор қыз­метінде құрылыс саласын басқарған тә­жіри­бесі арқылы өзі ректор болып келген кезеңде университет дамуына жаңа леп әкелді. Жаһандық үрдіс, еуропалық білім жүйесі орныға бастаған сәтте ректор Б.Жұ­мағұлов Болон талаптарына сай білім беру­дің заманауи кезеңдеріне сәйкес, оқу мен білім үдерісін жаңғыртуға басымдық берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетін әлемдік білім талаптарына сәйкес, интеграцияға және әлемдік рей­тингке өту жөнінде жаңа қадам жасады. «Жаңа менеджмент арқылы мамандар даярлаудың жаңа сапасына қарай» атты даму стратегиясы қабылданды. Ондағы мақсат: бірінші – басқару, екінші – оқыту үде­рісі, үшінші – ғылыми жүйенің жаңа ба­ғыттары мен базалық міндеттерін ай­қын­дау еді. Бұл миссия жоғары деңгейде жүзеге асырылды. Алғаш рет Қазақстанда әлемдік стан­дарт­тарға сәйкес, білім менеджменті мен сапасының ортақ жүйесі қалыптасты. Кре­диттік оқыту технологиясы жаңа талап­тарға сай қолданысқа енгізілді. Декандар, кафедра меңгерушілері жаңа білім беру жүйесін жетілдіруге ерекше үлес қосты. Факультеттер арасында конкурстар өткізу тәжірибесі орнықты. Болон жүйесіне сәйкес, тұңғыш рет уни­верситетте үш деңгейлі оқу эксперименті жүзеге асырылды. «Бакалав­риат – магистратура – PhD докторантурасы» ойдағыдай сынақтан өтті. Бұл жаңашылдық кейін Қазақстанның бүкіл жоғары оқу орындарына енгізіліп, күні бүгінге дейін жүйелі жүргізіліп келеді. Оқыту бағдарламаларының академия­лық ұтқырлығы мен халықаралық деңгей­дегі үйлесімділігіне жол ашылды. Универси­тетті жоғары зерттеу оқу орнына айнал­дыру үрдісі басталды. Осылайша, ғылыми-инновациялық қызмет орнықты. Әлемде қалыптасқан үрдіске орай, уни­верситет терең білімі бар талантты, қа­бі­летті студенттерді оқуға шақыру әлеуе­тін қалыптастырды. Білім мен ғылым талабы жаңа арнаға ұласты. Ол Қазақстанда тұң­ғыш рет мектеп оқушылары үшін «Әл-Фа­ра­би» кең ауқымды университеттік олим­пиадасын өткізді. Игі шара қоғам тара­пы­нан да қолдау тапты. Республиканың бар­лық аймақтарында оқушылардың шы­ғар­машылық әлеуетін танытатын «Әл-Фараби» олимпиадасы республиканың облыс орталықтарында бір мезгілде, бір уақытта өткізілді. Ал оның соңғы шешуші кезеңі университет қабырғасында ұйымдастырыл­д­ы. Осылайша, талантты жеңімпаздарға университетте оқуға гранттар бөлінді. Бұл студенттердің сапалық деңгейін өсірді. Қолданбалы математика және мате­ма­тикалық модельдеудің жоғары деңгейлі маманы ретінде профессор Б.Жұмағұлов «Univer» атты электрондық уни­верситет жүйесін іске қосты. Ол оқыту­дың жаңа технологияларын қалыптас­тыру­ға және жаңа сапалық деңгейге жетуге, оқу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге, емтихандар алу кезіндегі кемші­лік­терді жоюға мүмкіндік берді. Мұндай жүйе Қа­зақстанда тұңғыш рет енгізілген бола­тын. Сондай-ақ 300 орынға арналған Жас­тар интернет-орталығы құрылды, Wi-fi сым­сыз желісі орнықты. Осы жүйемен ҚазҰУ қалашығы және барлық жатақ­ха­налар қамтамасыз етілді. Бұл – студенттерді оқытудың жаңа заманауи желілік әдісте­ме­сі. Екінші жағынан, студенттердің ата-ана­лары интернет арқылы жоғары оқу ор­нының порталына кіріп, балаларының ака­демиялық жетістіктерін біліп отыруына жол ашылды. Жаңашыл тұлға ретінде Б.Жұмағұлов сту­денттердің өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдірді. Ол ректор болған кезде химия, физика, механика-математика фа­культеттерінің жаңа оқу корпустары мен уни­верситет кітапханасының жаңа ғима­раты салынды, теңдесі жоқ мұражай құры­лы­сы аяқталды. Ұлттық университеттің қа­лашығы кең көлемде абаттандырылды. Қорыта айтқанда, Қазақ ұлттық уни­верситеті білім мен ғылымның әлем таны­ған халықаралық орталығына, халықара­лық бәсекелестікке қабілетті кадр даярлау­дың жоғары мектебіне айналды. Ректорлық қызметті абыроймен атқар­ған­нан кейін Бақытжан Тұрсынұлы 2010 жы­лы еліміздің Білім және ғылым министрі лауа­зымына тағайындалды. Осы кезеңде де ол өзінің тәжірибесі мен біліктілігін, ұйым­дастырушылық қабілетін танытты. Ғылым мен білім саласына сараптама жа­сады. Солай, 2011 жылы Қазақ­стан Респуб­ликасындағы «Ғылым туралы» жаңа заң қа­былданды. Оның бастаушысы әрі әзірлеушісі Б.Жұмағұлов болатын. Рес­пуб­лика бойынша жаңа жүйе – ғылым, жо­ғары, кәсіби және мектепке дейінгі бі­лім­ді үйлестірудің жаңа жаңғырған жолы бас­талды. Ғылым саласын басқарудың жаңа тип­тегі үлгісі қалыптасты. Ғалым, зерттеуші ма­­ман мәртебесі, ғылыми зерттеулер ба­сым­дықтары мен ғылыми тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстарды қар­жы­лан­дыру жүйесі түбегейлі өзгерді. Бұл өзге­ріс­терді үйлестіру Білім және ғылым ми­нистр­лі­гінің Ғылым комитетіне жүктелді. Өкі­лет­ті орган ретінде Ғылым комитеті әкім­ші­лік және сараптамалық қызметтерді шек­теді. Үкіметтің жанындағы жоғары ғы­лыми-техникалық комиссия ғылымды да­мытудың басым бағыттарын бекітті. Осы өзгерістерді дайындап, сараптап ұсынған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов болатын. Алға қойған мақсатты іске асыру үшін ар­найы ғылыми кеңес құрылды. Бұл мем­ле­кеттік ғылыми-техникалық сараптама жүр­гізгеннен кейін салаларды бюджеттік қаржыландыруға, ғылыми жобаларды іріктеуде шешуші рөл атқарды. Мемлекеттік ғы­лыми-техникалық сараптаманың ха­лықаралық жүйесі енгізілді. Оның ұлттық ор­талығы құрылды. Шетелдік сарап­шы­ларды тарту арқылы ғылыми жұмыстардың сапасы мен тиімділігі артты. Ғылымды қаржыландырудың жаңа жүйе­сі де академик Жұмағұловтың тұ­сын­да енгізілді. Базалық – ғылыми ұйымдардың ағымдағы қызметін қам­тамасыз етуге бағытталған, гранттық қар­жыландыру – заңды және жеке тұлға­лар­дың конкурстық негізде ұсынған ғылыми зерттеулерін қаржыландыруға жіберіледі. Бағдарламалық мақсатты-стратегиялық маңы­зды мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру мәселесі оңтайлы шешілді. Ғылыми дәрежелер мен атақтардың әлем­де қабылданған жаңа жүйесі Қа­зақ­станда толықтай орнықты. PhD доктор, қауым­дастырылған профессор, профессор. Бұл ғалымдар мен профессорлық-оқыту­шы­лар құрамының академиялық ұтымды­лы­ғын дамытуға мүмкіндік берді. Ғылыми жо­баларды орындауға ЖОО үлесі 2010 жы­лы 33 пайыздан 2012 жылы 57 пайызға өсті. Университеттер ғылыми дамудың бас­ты міндеттерін атқара бастады. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі артты. ТМД аумағында алғаш рет ғылыми-тех­никалық ақпараттың шетелдік қорына ену жұмысы қамтамасыз етілді. Tomson Reuters (АҚШ) компаниясымен ұлттық лицензияға және Springer (Германия), Elsevier (Ни­дер­ланд) баспаларымен келісімшарттарға қол қойыл­ды. Сол екі жыл ішінде қазақстандық ға­лым­дардың жоғары рейтингтік журнал­дар­дағы жарияланымдары бірнеше есе өсті. Білім сапасын бақылаудың ұлттық дең­гейдегі тетігі енгізілді. Педагог­тер­ді даярлап, біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жүзеге асырылды. Мемлекеттік жи­нақтаушы оқыту жүйесі жұмыс істей бас­тады. Оқу жетістіктерін сырттай бақы­лау мүмкіндігі орнықты. Аралық мемле­кет­тік бақылау енгізілді. Біртұтас ұлттық және кешенді тестілеу жүйе­сі жетілдірілді. Электрондық оқыту жүйе­сі енгізіле бастады. Жоғары оқу орындарын аккре­дитация­лау­дың жаңа тетігі енгізілді. Ұлттық акк­ре­ди­тациялық агенттіктер реестрі жұмыс іс­тей бастады. Министр қызметінен кейін Бақыт­жан Тұрсынұлы Сенат депутаты болып, білім, ғылым саласының дамуына жаңа жол ашатын бірқатар заңдардың қа­был­дануына үлес қосты. ТМД мемле­кет­тері­нің Парламентаралық ассамблеясының бі­лім және ғылым жөніндегі комис­сия­сының мүшесі болды. Сондай-ақ Халықара­лық жасыл технологиялар және инвести­ция­лық жобалар орталығы жанындағы ғы­лыми-технологиялық кеңестің төрағасы болды. Үкіметтің жанындағы жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде жинақтаған тәжірибесі мен біліктілігін білім ордаларын дамытуға бағыттады. Бүгінде мерейлі 70 жастың белесіне кө­терілген университетіміздің үздік түлегі, көрнекті ғалым, академик Бақытжан Тұр­сынұлы отандық ғылымның дамуына әлі де елеулі үлес қоса береді деп сенеміз.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры