Жаңалықтар

«Ауыл аманаты» жобасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

ашық дереккөзі

«Ауыл аманаты» жобасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Биыл Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жо­басы сәтті жүзеге асырылуда. Халықтың ауыл­­да еңбек етіп, тұрақтауына, сондай-ақ жұмыс­сыз­дар санының азайып, тұрғындар табысының ар­туына зор серпін берген бұл бағдарлама өңірде ауыл шаруа­шылығы саласының дамуына да өз үлесін қосып келеді. Біз осы орайда жобаның тиімді тұстары мен оны жү­зеге асырудағы артықшылықтар, аудандардағы көр­сеткіштер туралы Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құ­сайын Сәрсембаймен сұхбаттасқан едік.

– Өткен аптада Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет бас­шы­сы Әлихан Смайылов өңірдегі «Ауыл ама­наты» жобасын іске асыру тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін, әсіресе, тауарлық несие беру механизмін рес­публикаға тарату туралы айтқан бо­латын. Осы орайда жобаның жүзеге асы­рылу барысы және тауарлық несие ал­ған тұрғындар жайлы айтып берсеңіз. – Өздеріңізге белгілі, «Ауыл аманаты» пи­лоттық жобасы облыста алғаш рет былтыр қол­ға алынды. Содан бері аз уақыттың ішін­дегі бұл бағдарламаның жемісі көңіл қуан­тар­лық. Жалпы, биыл республика бойынша ауыл­дарды дамытуға, оның ішінде осы «Ауыл ама­наты» жобасын іске асыруға 100 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның есебінен ауыл­дар­да кәсіпкерлік бастамаларды да іске асыру жос­парланды. Бұл мақсатта біздің өңірімізге 19 миллиард теңге қаржы қарастырылған бол­са, бүгінде оның 6,5 миллиард теңгесі бө­лін­ді. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы ая­сын­да 6 миллиард теңгеге 1389 жоба ма­құл­данды. Оның 930-ына 4 миллиард теңге кө­лемінде несие берілді. Қалған ауылдарды дамытуға, оның ішінде ауыл шаруашы­лығы­ның әлеуетін көтеруге бағытталған 12,5 мил­лиард теңге көлеміндегі қосымша қаржы жыл аяғына дейін бөлінуге тиіс. Бүгінде Ақтөбе облысында «Ауыл амана­ты» бағдарламасына 6 шағын қала және 134 ауылдық округ қатысып жатыр. Осы шағын қа­лалар мен ауылдарда жалпы саны 1 122 жаңа жұмыс орны құрылып, 103,4 мыңнан астам құс сатып алынды, 48 жылыжай салын­ды. Атап айтсақ, бағдарлама аясында құс шаруа­ш­ылығы бойынша 404 жоба, ал өсімдік шаруа­шылығы бойынша 137 жоба қолға алын­ды. Сондай-ақ ауылдарда шағын бизнес­ті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәсе­лен, «Ауыл аманаты» бағдарламасының шең­берінде бүгінде ауылдық жерлерде 85,9 гектар алқапқа көкөніс, 60 гектарға картоп егілді. 44 сүт және 32 ет өңдеу нысаны ашы­лып, 35 наубайхана өз жұмысын бастады. Сондай-ақ қазір облыс елді мекендерінде жал­пы саны 280-ге жуық жеке кәсіпкерлік нысаны қарқынды жұмыс істеуде. Мұның бар­лығы осы бағдарламаның жемісі деуге болады. Өткен аптада облысымызға келген жұмыс сапарында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осы жоба аясында қол жеткізген көр­­сеткіштерімізді жоғары бағалады. Премьер-Министр Ақтөбе облысының тәжі­ри­бесін барлық облыс әкімдеріне кеңінен тара­ту керектігі жөнінде тапсырма бергенін жет­кізді. Егер біз жоба аясындағы жұмыс­тар­ды жыл аяғына дейін осы қарқынмен жүзеге асыра­тын болсақ, бағдарлама сәтті іске асып, өңірі­міз республикаға үлгі болары анық. Енді «Ауыл аманаты» жобасының ереже­ле­рі мен тиімді тұстарына тоқталсақ, жалпы бұл бағдарламаға зейнеткерлер мен мемле­кет­тік қызметкерлерден басқа барлық ауыл тұр­ғындары қатыса алады. Жобаға қатысу­шы­ларға несие 2,5 пайыз жеңілдікпен бері­леді. Бағдарлама шартына сәйкес бір тұрғынға бе­рілетін несиенің мөлшері – 8 миллион 625 мың теңге. Ал «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациясы» акционерлік қоғамы ар­қылы ауылшаруашылық өндірістік коопе­ра­тивтеріне берілетін несие мөлшері – 27 ми­л­лион 600 мың теңге. Бағдарламаға қатысатын кез келген тұрғын жеңілдікпен несие алу үшін жеке мүлкін кепілге қоюға тиіс. Қазір ауыл халқы тұрып жатқан үйлерін, техни­ка­ларын кепілге қойып, кәсіп ашу үшін несие алып жатыр. Бұл орайда жобаға қатысу­шы­ларға ешқандай шектеу жоқ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ел­ді мекендерде мал шаруашылығынан гөрі өсімдік, құс шаруашылығын дамытуға ерек­ше көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар атал­ған несие ауылға қажетті шағын бизнестің түр­лерін дамытуға берілуде. Атап айтсақ, жо­ба аясында тұрғындар 2,5 пайыз жеңіл­дік­пен берілетін несиені шағын бизнестің 14 түрі­не рәсімдеп жатыр. Мысалы, олардың қа­тарында монша, тігін цехы, наубайхана, шаш­тараз және тағы басқа нысандар бар. Бағ­дарлама шартына сәйкес, несие азық-тү­лік дүкені мен такси қызметінен басқалардың бәріне беріледі. Сол себепті бұл бағдарла­маның тиімділігі мол. Сондай-ақ қазір облысымызда тауарлық не­сие беру механизмі де барынша жолға қойыл­ған. Үкімет басшысы бұған қатысты да өз пікірін білдіріп, біздің тәжірибемізді өзге өңірлерде жүзеге асыру керектігін айтқан-ды. Енді осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсақ, қазір Ақтөбе облысы бойынша жалпы саны 330 отбасына 4 580 бас мал тауарлық несие беріл­ген. Мұндай қолдау, негізінен, ауылдық жер­лерде тұратын несие алу үшін кепілге қоя­тын мүлкі жоқ, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп отыр. Бұл отбасылар өзі тұратын ауылда немесе көрші елді ме­кен­дегі ірі шаруашылықтардан ірі қара алып, оның төлін көбейтуде. Алған малынан сүт өнім­дерін өндіріп, қосымша табыс та табуда. Ере­жеге сәйкес, қолдау көрсетілетін отба­сы­лар мен шаруашылық басшылары өзара екі жақты келісімшартқа қол қояды. Осы ке­лісімшарт аясында мал алған адам шару­а­шы­лық басшысына екі-үш жылдан кейін алған тө­лінің есебінен қарызын қайтарады. Жалпы, бағ­дарлама шартына сәйкес, кез келген жоба­ға қатысушыға бір жыл каникул беріледі. Бір жылдан кейін өзара келісімге сәйкес қожалық иесіне мал алған тұрғын төлінің 40-50 пайы­зын қайтаруға керек. Қазір бұл орайда облыс­та жақсы үрдіс қалыптасып, жағдайы бар, малы көп шаруалар мен кәсіпкерлер аз қам­тыл­ған отбасыларға ерекше қолдау білдіруде. Бұл, бір жағынан, ауыл халқының ауызбірші­лі­гін білдірсе, екінші жағынан, кәсіпкерлердің өз кәсібін дамытқанының айғағы. Сондай-ақ мұндай қолдау шаралары шаруашылығы бар азаматтардың ауылға деген жанашырлығы мен халықтың өзара ынтымақ-бірлігін көр­се­теді. Мысалы, биыл көктемде көп адам мал­ды буаз күйінде алды, қазір алған ірі қара саны екі есеге көбейді. Бұл – бір. Екіншіден, мал алған отбасылар қазір ауылда сүт өнім­дерін өндіруде. Жасаған өнімдерін сатып, табыс көзін тауып отыр. Міне, түптеп келген­де, тауарлық несиенің жұртшылыққа берері көп. Сондықтан алдағы уақытта жоба жалға­сын тапса, ауылдың жағдайы бұдан да жақсы дамиды деп сенеміз. Шынында, ауыл тұрғын­дарының көбі басында жобаның тиімділігін түсінген жоқ, қазір бұл бағдарлама табыс көзі екенін білген соң, оған қатысуға өтініш білді­ріп жатқандар жетерлік. Бір мысал, облыс­тағы үлкен аудандардың бірі Шалқар ауда­ны­на қарасты Есет Көтібарұлы және Жаңа­қо­ныс ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жо­басына қатысып, тауарлық несие алып жат­қандардың белсенділігі жоғары. Есет Кө­тібарұлы ауылдық округі Байқадам ауылының тұрғыны Алтынбек Үмбетов биыл бағдарлама аясында «Нұралы» шаруа қожалығынан 15 бас сиыр алып, қазір төлін өсіріп отыр. Ол бір жылдан кейін ғана шаруашылыққа төлін беріп тұрады. Ал қалғанын өзі өсіріп, қора­сындағы мал санын көбейтпек. Міне, бұл жоба – Алтынбек сияқты қарапайым тұрғын­дарға үлкен қолдау. – «Ауыл аманаты» бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда облыста алда келе жат­қан аудандарды атап кетсеңіз. Сон­дай-ақ жоба аясында кооператив құру ісі қалай дамып жатыр? – Қазір жобаны жүзеге асыру көрсеткіші бойын­ша өңірде көш бастап тұрған аудандар — Мәртөк, Қарғалы және Алға ауданы. Өкі­ніш­ке қарай, ең төменгі орындарда Әйтеке би мен Байғанин аудандары тұр. Осыдан 5-6 жыл бұ­рын облыста дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытуға басымдық берілген болатын. Ал қазір ауылдарда қо­лың­нан келген кәсіпті бастауға барлық мүмкіндік бері­ліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл ама­наты» тұрғындар үшін жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашуда. Биыл облыста бағдарламаға қатысу­шы­лар­ға кооператив құру міндеті қойылды. Жал­­­пы, кооператив құрудағы негізгі міндет – тұр­ғындардың уақытында жерін жыртуына, ма­лына бақташы шығаруына, жем-шөбін жи­­науына көмектесу, қолдау шараларын ұйым­дастыру. Кооператив құрудағы басым­дық­тарға тоқталсақ, біріншіден, оның құра­мын­дағы адамдар үшін өнімнің де, қызметтің де бағасы төмен болады. Екіншіден, коопе­ра­тивтер бағдарлама аясында ауыл шаруашылы­ғы техникаларын сатып алса, оған мемлекет тарапынан 50 пайызға дейін субсидия төле­неді. Үшіншіден, әр шаруаның өндірген өні­мін кооператив жинап алып, бір жерге тап­сыра алады, яғни, ауыл шаруашылығы өнім­­­дерін өткізуде ешқандай проблема бол­майды. Сондай-ақ кооператив өз кезегінде ветеринарлық, агрономиялық, есеп қызметін жасап отыруы керек. Ережеге сәйкес, мұндай бірлестік құрамында ең кемі үш адам болуға тиіс. Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша елді мекендерде 50-ден астам кооператив құрыл­ды. Қазір олар өз жұмысын бастап кетті. – «Ауыл аманатына» қатысушылар өн­дірген өнімдерін қайда өткізіп жатыр? Бұл бағытта сіздің басқарма тарапынан қандай қолдау шаралары жүргізіледі? – Бүгінде облыста «Ауыл аманаты» жоба­сына қатысушыларға Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарынан арнайы сө­релер бөлінді. Сол жерде апта сайын елді ме­кеннен келген шаруалар өз өнімдерін сата ала­ды. Сондай-ақ қазір біз базар аумағынан жұ­мыртқа, сүт өнімдерін сатуға да арнайы орын­дар бөліп жатырмыз. Жалпы, бұл баста­ма — бағдарламаға қатысушыларға үлкен де­меу. Себебі бұл сөрелердің барлығы тұрғын­дарға тегін беріледі. Екіншіден, шаруалар өндірген өнімдер аудандағы дүкендер мен кәсіпорындардан де ауысып жатқан жоқ. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ая­сын­да Хромтау ауданында ашылған екі нау­бай­хана ауыл халқын нан өнімдерімен қам­­тып отыр. Бұл аудандағы бір бөлке нан­ның бағасы – 160 теңге. Қазір бұл наубай­ха­на­лар аудандағы «Восход-ORIEL» компания­сымен өзара келісімшартқа қол қойып, өз өнімдерін кәсіпорынға өткізуді жоспарлап отыр. Тағы бір мысал, биыл маусым айының аяғында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда көшбасшы атанған Мәртөк ауданына қарасты Тәңірберген ауылдық округі Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» шағын ауданынан ар­найы павильон ашты. Қазір бұл жерден ақ­төбеліктер қолжетімді бағамен жаңа және сапалы сүт өнімдерін, тары, жент, ірімшік, кұрт және тағы басқа өнімдерді сатып ала ала­ды. Бір таңғаларлығы, осы жобаның арқа­сында Тәңірберген ауылдық округінде жұ­мыс­сыздық толығымен жойылған. Осы округ­тен 70-ке жуық адам несие алып, жеке кә­сіп бастады. Сондай-ақ қазір облыс тұрғындары өз­дері өсірген бау-бақша өнімдерін «Табыс» ком­муналдық базарына көтерме бағамен тап­сырып жатыр. Бұл екі жаққа да тиімді. Ал қа­ла тұрғындары ауылдың таза, табиғи өнім­дерін осы жерден қолжетімді бағамен сатып алуда. Жалпы, бұл бағдарламаның артық­шылығы сол, бүгінде облыстағы барлық елді ме­кендерде жұмыссыздар мен атаулы әлеу­меттік көмек алатындардың саны азайды, кә­сіп ашып, табыс тауып жатқандар қатары арт­ты, тіпті, бірқатар азаматтар қаладан ауыл­ға қоныс аударып жатыр. Ауылдардың жағ­дайы жақсарып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. – Ақтөбе облысында жыл сайын та­мыз айының ортасында жиын-терін нау­қаны басталады. Қазір өңірде егінге орақ түсті ме? – Қазір бірқатар аудандарда егін ору жұ­мыстары басталып кетті. Биыл облыс бойын­ша ауыл шаруашылығы дақылдары 747 мың гек­тар жерге егілді. Оның ішінде дәнді дақыл­дардың егіс алқабы – 439 мың гектар. Қазір осы дәнді дақылдарды жинау басталды. Бү­гінге дейін өңірде 14 мың гектар егіс алқабы­нан арпа, бидай, тары өнімдері жиналды. Әзірге аудандардағы шаруалар гектарына 8,4 центнер өнім алып жатыр. Алдын ала болжам бойынша биыл ор­таша өнім көлемі жылдағыдай болмақ. Қазір Хром­тау ауданында дәнді дақылдардан гекта­рына 14 центнерден, Алға ауданында 11,7 центнерден өнім жиналып жатыр. Нақты нәти­желер жаппай ору жұмыстары жүргізіл­ген кезде белгілі болады. Әзірге нәтиже осын­дай. Ал мал азығына келсек, биыл Мұғалжар, Қарғалы, Темір, Алға, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Әй­теке би аудандарында бұл бағыттағы жұ­мыстар қарқынды түрде жүргізілді. Биылғы егістің шығымы жаман емес, нақты көрсет-кіш күзде белгілі болады. Биыл Ақтөбе облысына егіс жинау жұ­мыс­тарына 14 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның 3 мың тоннасы өткен айда өңірге әкелінді. Қазір дизельдің бағасы – литріне 235 теңге. Жуырда Үкімет отырысында Премьер-Министр жиын-те­рінге байланысты дизель отынының бағасын төмендету туралы тапсырма берді. Соның салдарынан тамыз айында баға арзандауы мүмкін. Жем-шөп жинау науқанына келсек, биыл өңір­де Байғанин, Шалқар аудандарынан басқа елді мекендерде ешқандай қиындықтар жоқ. Бұл екі ауданда шаруалар бұрын шабыл­маған жерлерді шауып алып жатыр. Былтыр­ғыға қарағанда бұл аудандарда шөптің шы­ғы­мы аздау, дегенмен тұрғындарға жеткілікті мөлшерде үлестірілетін болады. Сөз соңында айтарым, Ақтөбе облысында ауыл­дардың жағдайын жақсарту, ауыл шаруа­шылығы, кәсіпкерлік салаларын дамыту бағы­тындағы жұмыстар жолға қойылған. Жыл сайын өңірде жаңа кәсіп ашқан, мал, құс, өсімдік шаруашылықтарын дамытып жат­қандар саны артып келеді. Бұл халықтың та­бысы артып жатқанын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, тұрмысы түзелгенін көр­сетеді. Жалпы, бүгінде облысымызда тір­лігі жарасқан, бірлігі берік, қаймағы бұзыл­маған ауылдар көп. Оларда өте еңбекқор, ауыз­­­­біршілігі мықты азаматтар тұрады. Лайым, халқымыздың бірлігі мәңгі, еңбекке деген құлшынысы зор болсын! Еліміз аман бол­сын! – Әңгімеңізге рақмет!

Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы