1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы өседі

18 тамыз, 2023 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы өседі AMANAT партиясының 2023-2027 жылға дейінгі «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында 1 қыркүйектен бастап ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы мөлшері артады, деп хабарлады turkystan.kz. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды. Қаулыда белгіленген шәкіртақы мөлшері төмендегідей: - жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында даярлаудың педагогикалық және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша білім алатын студенттерге – 67 200 теңге; - даярлаудың педагогикалық бағыттары және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша білім алатын студенттерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 41 898 теңге; - техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмысшы біліктіліктері бойынша оқитын студенттерге – 32 681 теңге; - техникалық және кәсіптік (орта буын мамандарын даярлауды көздейтін), орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алатын студенттерге – 31 422 теңге. Қаулы 2023 жылғы 1 қыркүйектен қолданысқа енеді. Айта кетейік, сонымен қатар Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында келесі айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болады.