Жаңалықтар

Блогер Әсел Асқарды соққыға жыққан спортшы қамалды (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

Блогер Әсел Асқарды соққыға жыққан спортшы қамалды (ВИДЕО)

Алматы қалалық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлады turkystan.kz. Сот биыл тамыз айында қаладағы фитнес клубта азамат М. жанжал шығарып, сондағы клиент А.-ға құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтқанын, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғанын анықтады. Сот отырысында М. іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өз кінәсін мойындады. Сот қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, бұған дейін блогер Әсел Асқар Алматының Instagram парақшасында жаттығу залдарының бірінде грек-рим күресі балуанынан бірнеше соққы алғанын жазды. Оның айтуынша, ер азамат мобилографтың оны түсіргеніне наразылық білдірген. «Мен оған сізді ешкім түсіріп жатқан жоқ деп түсіндірдім. Ол менің ашумен айтқан сөзімді көтере алмай қасыма келіп, бірнеше рет соққы жасады. Сол жерде тұрған 3 қызға қоқан-лоққы көрсетіп, қорқытты. Ол кәсіби спортшы болғандықтан, мен алған соққыдан зардап шектім. Кейін оқиға орнына анам келді. Ол анамды да менсінбей, «сөйлесетін еркек жоқ па?» деп біздің жеке басымызға өтіп, балағат сөздерді айтты», - деді  Әсел Асқар. Блогер атағандай, болған оқиғадан кейін ол жедел жәрдем көлігін шақыртып, кейін Медеу аудандық полиция департаментіне барып арыз жазған. Әселдің айтуынша, кәсіби спортшы өте ауқатты және жазадан сытылып кетуі де мүмкін. «Ол баратын жаттығу залда VIP клиент, яғни 3 млн теңге төлеп отыр. Астындағы көлігі де қымбат. Сол үшін де ешкімнен қорықпайды. Тіпті, менен кешірім де сұрамады. Ол осыған дейін «бұзақылық» бойынша істі болғаны да анықталды. Қыруар ақшасы болғандықтан, жазадан құтылып кететініне сенімді болып отыр. Мен заң аясында оның жазаланғанын қалаймын», - дейді блогер.