Жаңалықтар

Көкшетауда 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды

ашық дереккөзі

Көкшетауда 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын жоғары оқу орындарында да қарбаласқан қызу тірлік басталып кеткен. Әсіресе, елдің әрбір оқу орындары өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуі басты назарға алынады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті БАҚ өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстарын көрсетті. Ректордың айтуынша, университетте студенттердің өзін-өзі басқаруына баса мән беріледі. Оқу орнында түрлі ұжымдық клубтар мен ұйымдар құрылған. Студенттердің шығармашылығын дамыту мақсатында «Шаңырақ» домбыра үйірмесі, «Impulse» би студиясы, «Жауқазын» жастар театры мен «New voice» вокалдық студиялары сәтті жұмыс жүргізіп келеді. Студенттердің өзін-өзі басқару өкілеттілігін кеңейту мақсатында университеттің комиссиялары мен кеңестеріне қатынасуына, оқу процесінің сапасын бағалау, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары мен оқуы, құқықтық тәртіпті бақылау шараларына қатысуына мүмкіндік берілген. Университет бүгінге дейін 962 студентті бірінші курсқа қабылдап үлгерген.  Оқу орнында үш студент үйі мен екі жатақхана бар. Мұнымен қоса, университет жатақхана тапшылығын азайту үшін өз қаржысына 500 орындық жатақхана салуды қолға алған. Сондай-ақ «Көкшетау» мейманханасымен келісімшарт жасасып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілген. Университеттің жатақханалары мен салынып жатқан нысандарына экскурсия жасалды.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ