Жаңалықтар

Ескі көліктер енді жаңа зауытта өңделеді

ашық дереккөзі

Ескі көліктер енді жаңа зауытта өңделеді

Қарағанды қаласында ескі көліктерді өңдейтін жаңа зауыт салынады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, кенді шаһарда өткен инвесторлар кеңесінде екі тарап та ескі көліктерді өңдейтін жаңа зауыт салу жобасын жүзеге асыратын екіжақты келісімге қол қойды. Мамандардың сөзіне сенсек, мұндай зауыт әзірге еліміздің бірде-бір аймағында жоқ. Қол қойылған құжаттағы ережелерге сәйкес жаңа кәсіпорын үстіміздегі жылдың соңына дейін іске қосылуы қажет. Жаңадан бой көтеретін зауыт «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынатын болады. Жобаның жалпы құны  3 миллиард 400 миллион теңгені құрайды. Жаңа зауыттың құрылыс жұмыстарының арқасында шамамен 70 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жылдың басынан бері елімізде ескі көліктерді қабылдау жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Келешекте сол жинақталған ескі көліктердің барлығы осы зауытта өңделетін болады. «Қазіргі күні еліміздің 14 облысында ескі көліктерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Олардың барлығы брикеттеліп, Қарағандыға жеткізіледі. Сосын ол автобөлшектер «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы жаңа зауытта қайта өңделіп, одан шойын, болат, алюминий алынады», – дейді  «Сарыарқа» АЭА басқарма төрағасы міндетін атқарушы Шыңғыс Сыдықов.