Жаңалықтар

Алматыда табылған «маугли» балалар туралы жаңа дерек шықты

ашық дереккөзі

Алматыда табылған «маугли» балалар туралы жаңа дерек шықты

Алматыдағы пәтерлердің бірінен табылған үш «маугли» бала туралы көршілері айтып берді, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Кішкентай Тайру, Иманәлі мен Рамазанды ювеналды полиция қызметкерлері тауып алған. Бірақ пәтерге кіру үшін есікті бұзуға тура келіпті. Себебі тұрмысы нашар отбасы ретінде тіркелгендіктен, байланысқа шығуды доғарған. Көршісі Ринат Исламовтың айтуынша, аталмыш үй тұрып жатқан әйелдің әпкесіне тиесілі және жалға беріліп келген. «Есік алдынан қоқыс арылмайды. Мұнда тұратын әйел мен оның балаларын аптасына 1 рет көрсек көрдік, көрмесек ол да жоқ. Естігеніміз бойынша, күйеуімен ажырасып кеткен, жалғызбасты келіншек. Балалары арагідік кешкісін ғана кішкене ойнауға шығатын. Үсті-басына мән беріп қарамаппын. Бірақ, есік алдындағы қоқыстары үнемі жатады. Үйіне симағасын, сыртқа шығарып тастаған шығар деп ойлайтынбыз», - дейді көршісі Ринат Исламов. Қазір үш бала Алматыдағы «Қиын өмір жағдайындағы балаларды қорғау орталығына» орналастырылған. Үлкені 7 жастағы қыз. Ортаншысы 5 жастағы ұл. Ал 3 жастағы кішкентайды тексеру кезінде аутизммен ауыратыны анықталыпты. «Осы орталықта істеп жүріп, біз қиын өмір жағдайындағы балалардың ауыр тағдырын, олардың түр сипатын көріп жүрсек те, енді осы жолы түскен балалардың түрлері сондай қорқынышты. Аянышты. Мүлдем әлеуметтік салаға бейімделмеген балалар екені көрініп тұр. Ең алғашында олар адам баласынан қорқатын, өмірге бейімделмегендері, кішкентай баланың өзі қасықты ұстап, дұрыс тамақ іше алмайтын күйде болды», - деді «Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы» КММ директорының орынбасары Нұргүл Елібаева. Маманның айтуынша, балалардың жағдайы бүгінде жақсы. Олар орталықта алты айға дейін бола алады. Егер анасы ата-ана құқығынан айырылар болса, жетімдер үйіне өткізілуі мүмкін.