Қазақы тазылар әйгілі әлемдік турнирге қатысады
Қазақы тазылар әйгілі әлемдік турнирге қатысады
21-23 тамыз күндері Женевада Қазақы тазы тұқымы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) Бас Ассамблеясының отырысы өтеді. Оның аясында өтетін «World Dog Show-2023» чемпионатына Қазақстаннан екі тазы қатысады.
Қазақы тазылар мұндай дүниежүізілік чемпионатқа тарихта тұңғыш рет қатысқалы отырғанын атап өткен жөн. Оған еліміздің төлтума ит тұқымдарын халықаралық аренаға таныту жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп келе жатқан Қазақстан кинологтары одағы мұрындық болды.
Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін қарастыра келіп, тазыны Женевада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ит тұқымдарының тізіміне қосты.
Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оны төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын. Бұл мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, мәселені жүйелі түрде шешу үшін мемлекеттік органдар жұмысын үйлестірумен айналысты. Президент тапсырмасы бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде айқындалды.
Қазақы тазы мен төбет тұқымдарын халықаралық аренада таныту үшін штаб-пәтері Бельгияда орналасқан Халықаралық кинологиялық федерацияға өтініш жіберілді. Басты талап – еліміздің кинологиялық қауымдастығын осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тіркету. Еліміздің атынан FCI-мен арада Қазақстан кинологтары одағы қарым-қатынас жүргізеді.