«Төменгі айлық – 85 мың теңге»: кітапханашылардың жалақысы қашан өседі?
«Төменгі айлық – 85 мың теңге»: кітапханашылардың жалақысы қашан өседі?
Бүгін «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мәдениет және мұрағат саласы қызметкерлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту, оның ішінде кітапханашылардың айлық жалақысын көтеру, әлеуметтік кепілдемелерін арттыру мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
«Осы орайда, біз шілде айында кітапханашылармен кездестік. Білім саласындағы кітапханашылардың, оның ішінде мектептер саласындағы кітапханашылардың жалақысын өсіру жайлы көп мәселе көтерілді. Жыл сайын мәдениет саласындағы кітапханашылардың айлық жалақысы көтерілген кезде білім саласындағы кітапханашылар тыс қалады. Бұл – 7 500 мектеп пен 124-тен астам жоғары оқу орындарының кітапханаларына қатысты мәселе. Аталмыш мәселені көтеруге 5 министрліктің өкілін жинап отырмыз. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін мұғалімдердің еңбекақысы да, мәртебесі де өсті. Енді мектеп саласындағы кітапханашыларға осындай жалақы беру керек пе, олардың есебі қандай болады деген сұрақтар туындап отыр», - деді депутат.
Депутаттың ақпаратынша, балалардың кітап оқуға деген құштарлығы 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға төмендеп кеткен.
«Бұған дейін бастауыш сынып оқушыларының арасында мұндай көрсеткіш болмаған. Бұл соңғы 6 жылдағы тенденция. 2013 жылы стандартты ауыстырған кезде кітапханашылардың жұмысына көңіл бөлуіміз қажет пе еді. Арада 10 жыл өтті. Қазір бұл кезек күттірмейтін мәселе. 2021 жылдан бастап кітапханашылардың жалақысы 15%, 20%, 30% болып, кезең-кезеңімен көтеріліп келген. Бірақ бұл білім, мектеп саласындағы кітапханашыларды қамтымаған. Ол мәдениет және білім саласындағы кітапханашылар арасындағы теңсіздікке алып келіп отыр. Бұған біз жол бере алмаймыз», - деді ол.
Сүлейменова кітапхана саласында кадр жетіспеушілігі де бар екенін атап өтті.
«Алдағы 3 жылда бізде 6 мыңға жуық кітапханашы тапшы болуы мүмкін. Сәйкесінше, біз гранттың санын 30 пайызға көбейтуді ұсындық. Биыл грант бөлу кезінде біз көтерген бастама қолдау тапты.
Сонымен қатар, кітапханашы маманыдығының мазмұнына өзгерістер енгізу мәселесін көтердік. Педагог-кітапханашы немесе кітапханашы-педагог мамандығын беру Скандинавия және Сингапур елдерінде бар тәжірибе. Күзде бюджет қайта қаралады. Оның аясында кітапханашы мамандығының жалақысына жетіспеген бюджетті көтергіміз келеді», - деді ол.
Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаевтың айтуынша, кітапханашылар мен архив ісін бөлуге болмайды.
«Ол жердің 100 жылдан кейін де ұрпаққа қор болуына сала мамандары жауапты. Кітапхана ісіне мықты мамандарды тартып, саланы көркейту үшін кітапханашылардың әлеуметтік жағдайы үлкен рөл ойнайды. Елордадағы бас кітапхана – Ұлттық академиялық кітапхана. Бірақ 25 жылдық еңбек өтілімен кітапханашы 172 мың жалақы алады. Ол – басшылардың блогы. Бізде С блогы бар. Ол жердегі айлық – 94 мың.
Мемлекет басшысы кітапхана туралы мәселе көтеріп, тапсырма беріп жатыр. 2022 жылдан бері 2025 жылға дейін жыл сайын қаңтар айында кітапханашылардың жалақысына 20 пайыз қосылып жатыр. Бірақ бағаның өсімі мен әлеуметтік тұрмыс қажеттілігіне орай 20 пайыз түк емес болып қалады. Төменгі блоктағы базалық айлыққа 890 теңге қосылады екен. Осы мәселе шешімін табады деп ойлаймыз», - деді Нұрғалиева.
Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сайдембаеваның айтуынша, білім беру ұйымдарында қызмет ететін кітапханашылардың ең төменгі жалақысы 85 мың теңге.
«Оқу-ағарту министрлігінде білім беру ұйымдарында қызмет ететін кітапханашылардың айлығы 25 жыл еңбек өтілімен 130 мың теңге алады. Ал қолына алатыны 110 мың теңге. Ең төменгі айлық – 85 мың теңге», - деді ол.
Оның сөзінше, қазір елімізде аталмыш салада 8 300 кітапханашы қызмет атқарады.
«Оның 5 900-і жоғары білімді мамандар, қалғаны орта білімді. Жалақы өте төмен. 2016 жылдан бері маман тапшылығы бар. Мектеп кітапханаларында көбіне зейнет жасындағы кітапханашылар жұмыс істейді. Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын кітапханашылардың айлығынан мектеп кітапханашыларының айлығы 50-60 мың теңгеге төмен», - деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев азаматтық қызметшілер елдегі жұмыс күшінің 13 пайызын құрайды деді.