Жаңалықтар

«Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты қорытындыланды

ашық дереккөзі

«Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты қорытындыланды

Халықаралық Жастар күні қарсаңында «Жастар Рухы» жастар қанаты «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионатын өткізді, деп хабарлады turkystan.kz. Қазақстанда алғаш рет «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты өтті. Оған әр түрлі жастағы 300-ден астам адам қатысты. Сайысты «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мен ҚР спорттық би федерацияларының қауымдастығы ұйымдастырды. Жарыс «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында қолға алынды. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеп, бос уақытын пайдалы әрі белсенді өткізуге, нашақорлықтан аулақ болуға шақыру. «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Bir Tolqynda» чемпионаты тек би мерекесі ғана емес, жастарды қоғам денсаулығы мен әл-ауқаты үшін күресуге белсенді қатыстыруға бағытталған сенімді серпін екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында және Ұлттық құрылтайда жастар арасында есірткі заттарының таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырған еді. Біз «Есірткіге жол жоқ!» жобасын қолға алдық. Соның аясында, жастарды спортқа, өнерге және білімге баулып, түрлі іс-шара өткізіп келеміз. Бүгінгі чемпионат – есірткіге қарсы тұра білудің жарқын үлгісі. Сондай-ақ, бұл байқау жастардың салауатты, белсенді өмірге ұмтылуына мүмкіндік береді», – деді ол. Осылайша, 6 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Яғни: Hip-Hop 3x3 – Айдос, Хьюго, Саня; Hip-Hop new players 1x1 – Nursaya; Krump 1x1 – Saint Sinner; Breaking 2x2 – Simple System; Breaking & House 2x2 – Маня & Линара; All styles 2b4 – Big Out, Twin Out, Кося, Лука. Жеңімпаздарға арнайы ақшалай сертификаттар табысталды. Ал биші Twinn Оut арнайы Red Bull Wild Card номинациясында жеңіске жетті және енді ол Алматы қаласындағы Red Bull dance Your Style ұлттық финалына қатыса алады. Айта кетейік, жыл басынан бері «Жастар Рухының» белсенділері есірткі граффитиін бояп, үнемі рейдтерге шығып келеді. Еліміздің барлық 20 өңірінде осындай 4 мыңнан астам «хабарландыру» жойылды.