«AMANAT» партиясында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды
«AMANAT» партиясында жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы уақыт қалды. Осы орайда, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте еліміздегі білім ошақтарының оқу жылына дайындығы мәселесі талқыланды.
Атап айтқанда, мектеп салу мен жөндеу жұмысының барысы, студенттердің жатақханадан орын алуына жағдай жасау, мұқтаж отбасы балаларын мектеп формасымен және оқу құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде орын алған төтенше жағдайлар мен оған қатысты білім беру ұйымдарының жауапкершілігі кең көлемде қаралды.
«Жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 134 мыңнан асып түспек. Бұл ретте ең көп қажеттілік Алматы қаласында – 60 мыңнан асады. Биыл жатақханалардағы орын тапшылығы 28 272-ні құрайды деген болжам бар. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық білім беру ұйымының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуді көздейтін «Білім туралы» Заңның жаңа редакциясы күшіне енеді. Осыған байланысты наурыз айынан бастап бүгінге дейін барлық ЖОО-мен тиісті нұсқаулық жұмысын жүргіздік. Оқу орындарының ақпараты бойынша, бүгінде студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге бағытталған қысқа мерзімді шаралар шеңберінде қонақүйлер мен хостелдердің меншік иелерімен 18 987 төсек-орындық 118 нысанды жалға алу бойынша жекелеген келісімшарттар жасалды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Себебі, жатақханаға сұраныс былтырғымен салыстырғанда едәуір көп», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Жиында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мектеп салу және жөндеу жұмысына қатысты бірқатар ақпар берді. Оның айтуынша, биыл республика бойынша 380 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Нәтижесінде мектепте білім алушылардың саны 3,9 млн-ға дейін өспек.
«Жалпы, қаражат көздері есебінен биыл 132 мың оқушы орнына арналған 154 мектепті іске қосу жоспарланған. Ал апатты және үшаусымды мектептер мәселесін жүйелі шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру басталды. Оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орынына арналған 369 мектеп салынады. Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында осы жылы шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 6 бағыт бойынша 1000 мектеп жаңғыртылуда», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол оқу жылына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – мұқтаж отбасы балаларына арналған көмекті ұйымдастыру екенін атап өтті. Бүгінде еліміз бойынша бұл санаттағы балалардың саны 450 мыңды құрап отыр. Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы берілетін қолдау қаражаты жетім, ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға, сондай-ақ, АӘК алатын және жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға арналған.
«Биыл осы қордан көмек көрсетуге жататын оқушылар үшін мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінді. Министрлік ата-аналар тарапынан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, қордан бөлінетін қаражаттың тікелей ата-аналардың шотына түсуін қамтамасыз ететін норманы қолданысқа енгізді. Енді ата-аналар балаларына қажетті мектеп формасын, оқу құралдарын, аяқ киімді өз таңдауымен сатып ала алады. Әрбір білім алушыға оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 467 теңге», - деді Е.Оспан.
Сонымен қатар, министрлік өкілі жазғы демалыс кезінде орын алған төтенше жағдайлар мен олқылықтарға қатысты арнайы мониторингтік топ құрылып, барлық лагерге тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі күні балаларға арналған демалыс орындарын ашу ешқандай мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Яғни, лицензияланбайды, мемлекеттік органдарға хабарланбайды. Бұл жеке лагерьлердің рұқсатсыз ашылуына себеп болып отыр. Балалардың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды. Сондықтан мұндай орталықтар өрт, санитарлық қауіпсіздік бойынша құжаттарды тапсырғаннан кейін ғана ашылатындай етіп қатаң тәртіп орнату керек деп есептейді Кеңес мүшелері.
Жиын соңында Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова көтерілген мәселелердің өзектілігін және барлық ұсыныстың тиісті ведомстволарға жолданатын атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрге айналған «Баланы мектепке даярлайық» акциясына аманаттықтар биыл да бір кісідей атсалысады.