Білім гранты: сан мен сапа
Білім гранты: сан мен сапа
Білім гранты иегерлерінің тізімі шыққаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Сыни пікір айтатындардың
бір тобы грант санын көбейту білім сапасын жоғарылатпайтынын, керісінше төмендететінін алға тартады. Сондай-ақ гранттарды бөлуге қатысты наразылық білдірушілер көп болды. Олардың айтуынша, сұраныс аз мамандықтарға грант көп берілген. Желідегі екінші топ қымбатшылық жағдайында тегін білім алушылардың көбейгені жақсы, өйткені қазір көп ата-ананың баласын ақылы оқытуға жағдайы келмейді деген пікірде.
Мемлекет бөлген грант саны тым көп, бұл білім сапасын төмендетеді деп дабыл қаққандардың бірі – журналист Ерболат Мұхамеджанов. Ол грант тек жақсы оқитындарға, әділетті берілуі керек деп санайды.
– Бізде маман дайындайтын база болмаса да жылына мұнай-газ мамандығына 50 PhD оқытады. Өтірік маман дайындау не үшін қажет? Ол мамандардың еңбек нарығынан өз орнын табуы – одан кейінгі мәселе. Екіншіден, кеше ғана жабылған университеттер биыл қайтадан мемлекеттік грант алып жатыр. Шыны керек, біз бакалавр, магистратура, докторантура бойынша мамандардың сапасына кепілдік бере алмай отырмыз. Біздің ең басты мәселесіміз – жұмыссыздық емес, біліксіздік. Ал гранттың көп болуы біліксіз мамандарды көбейтеді. Өйткені түлектер кейбір мамандықтарға 60 балмен грантқа түсіп жатыр. Білімсіз түлектен мықты маман шықпайды. Мемлекет мектеп түлектерінің білім сапасымен емес, санмен айналысып отыр. Кейде маған грантты үйіп-төгіп беру мемлекеттегі жастарды 4 жыл тыныш ұстаудың жолы ма екен деген ой келеді, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.
Сарапшының айтуынша, министрлік статистиканы өзіне ыңғайлы етіп бұрып алып отыр. Мектеп бітірген 174 мың түлектің 94 мыңы конкурсқа қатысты. Қалған 80 мыңы конкурсқа қатыса алмады. Неге? Себебі олар шекті балл ала алмады. Оған себеп, мектептің сапалы білім бере алмауы. Сондықтан вице-министрдің 73 мың грантты аз деп, Қазақстанда түлектерді жоғары біліммен жалпы қамту Ресейден төмен екенін алға тартуы қисынсыз дейді қоғам белсендісі. Ол вице-министрдің Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу іздемей, елімізде қалуына және халықтың жоғары білім деңгейін арттыруға септігін тигізері сөзсіз деген пікірімен де келіспейтінін жеткізді. Ахметжанұлының айтуынша, мемлекеттік идеология мықты болса, жастардың шетелде оқуынан қорқудың қажеті жоқ. Жастардың шетелге оқуға кетуіне грант санының аздығы емес, ұлттық идеологияның әлсіздігі, жемқорлық пен әділетсіздік себеп болып отыр. Жастар Қазақстанда әділетті жолмен табысқа жетудің қиял-ғажайып екенін білгеннен кейін де шетелде қалғысы келеді.
Алайда елімізде мемлекеттік гранттың арқасында тегін оқып, еліне қызмет етіп жатқан мамандар да көп. Мемлекеттік грант, әсіресе, ауыл жастарына – үлкен мүмкіндік. Ауылдағы көп ата-ананың баласын ақылы оқытуға мүмкіндігі жоқ. Үкімет беретін тегін гранттың үлкен пайдасын көріп отырған ананың бірі – Айнұр Нағашыбайқызы.