Жаңалықтар

AMANAT: Ақтөбенің мектебінде орын тапшылығы мәселесі жойылады

ашық дереккөзі

AMANAT: Ақтөбенің мектебінде орын тапшылығы мәселесі жойылады

Ақтөбе облысында 428 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның алтауы үш ауысымда жұмыс істейді. Партияның сайлауалды бағдарламасында апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешу көзделген. Биыл қаладағы  №12 мектепте орын тапшылығы жойылады. Ал Мұғалжар ауданы, Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ақтөбедегі №12 мектепте орын тапшылығы мәселесі 7 жылдан бері шешілмей келген. 280 орындық ғимаратта 736 оқушы үш ауысымда оқыған. Бұл мәселе сайлауалды бағдарламаға енгеннен кейін мектепке жапсарлас қосымша ғимарат салына бастады. Оған бюджеттен 540 млн теңге бөлінді. Мердігері «Элитстройсервис-Актобе» ЖШС-нің директоры Жүсіп Өміровтің айтуынша, материалдар қымбаттаса да, сметаны өзгертпей, құрылысты уақытында аяқтауға көңіл бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. Тек мектепке құрал-жабдықтар орналастырылуда.  Жаңа оқу жылынан бастап балалар кең жерде оқитын болады. Сондай-ақ биыл Мұғалжар ауданы, Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ауыл балалары қыстан бері кең, жарық, жылы жерде білім алуда. Партия бағдарламасы аясында ауданда бұдан басқа да көптеген білім ошақтары салынып жатыр. Ашысай, Алтынды, Теміркөпір, Талдысай ауылдарында және Ембі, Қандыағаш қалаларында жаңа мектептер бой көтеріп келеді.