Жаңалықтар

Астанада «Bir tolqynda» би сайысы өтеді

ашық дереккөзі

Астанада «Bir tolqynda» би сайысы өтеді

«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ауқымды би сайысын өткізеді. «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты: «Жастар Рухы» жастар қанаты өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, есірткіге қарсы күресуге үндейді 2023 жылы 11 тамызда Астанадағы Триатлон саябағында «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионаты өтеді. Оны «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырады. Баспасөз мәслихатында «Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаев іс-шараға дайындық барысы туралы айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында және Ұлттық құрылтайда жас ұрпақтың денсаулығына зиян келтіретін есірткі заттарының таралуына тосқауыл қоюды тапсырды. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда психоактивті заттарды қолданған 108 мың адам есепте тұр. Оның ішінде, алкогольге тәуелді – 90 мың, есірткіге тәуелді – 18 мың адам бар. Синтетикалық есірткі – ұлт денсаулығына үлкен қауіп. «Жастар Рухының» пікірінше, есірткіні өндіру мен таратуға қарсы күресті күшейту қажет. Осы орайда, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында салауатты өмір салтын насихаттауды қолға алып, «Bir Tolqynda» заманауи би чемпионатын өткізетінін хабарлайды. Іс-шара аясында талантты жас бишілер мен белсенді өмір салтын ұстанатын 5-35 жас аралығындағы барлық ниет білдірушілер бас қоса алады. «Жастар Рухының» төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жастар қанатының маңызды міндеті – өскелең ұрпаққа салауатты өмір салтын ұстануды, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды насихаттау, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуге ұмтылу және оларды спортқа баулу үшін қолайлы жағдай жасау. «Осынау қызықты да серпінді чемпионат «Есірткіге жол жоқ!» жобасының қағидаттары мен құндылықтарын насихаттай отырып, есірткіге қарсы күрес кезіндегі басты оқиғаның біріне айналады. Біз қоғам назарын есірткінің таралуы мәселесіне аударып, отандастарымызды жастарға барынша қолдау көрсетуге шақырамыз. Бидің қуаты мен күш-жігері жастарды жат әдеттен аулақ болуға үндейді. Бұл сайыс – тек бәсеке ғана емес, есірткіге қарсы күрестің қарымды қадамы. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады. Чемпионатқа қатысуға 150-ден астам өтінім келіп түсті», – деді ол. Чемпионат 6 негізгі номинация бойынша өтеді: Hip-Hop 3x3 Hip-Hop new players 1x1 Krump 1x1 Breaking 2x2 Breaking & House 2x2 All styles 2b4 («All Styles» номинациясы Алматы қаласында өтетін Red Bull dance Your Style ұлттық финалына іріктеу кезеңі саналады). Онлайн тіркелу https://jastarruhy.kz сайтында 2023 жылы 10 тамызда сағат 20:00-де аяқталады. Чемпионат Астана қаласындағы Триатлон саябағында биыл 11 тамызда сағат 10:00-21:00 аралығында өтеді. Үздік бишілерді қазылар алқасының мүшелері таңдайды. Олардың арасында брейкингтен түрлі чемпионаттардың финалисті B.Boy Yera, Орталық Азия аумағындағы көптеген фестивальдердің жеңімпазы Алик, Бельгиядан келген әлемдік деңгейдегі үздік биші CHARMANT және «Танцы» телеарна шоуының хореографы Anton Pashulia aka Slam бар. Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан Республикасы Спорттық би федерациялары қауымдастығының төрағасы Бауыржан Сейфуллин және әлемдік деңгейдегі бельгиялық биші, OG Legion X және The Cage халықаралық командасының мүшесі Thanh Long (CHARMANT) сөз сөйледі. Айта кетейік, «Есірткіге жол жоқ!» жобасы аясында жыл басынан бері «Жастар Рухы» белсенділері есірткі граффитиі мен трафареттерін бояп, үнемі рейдтерге шығып тұрды. Еліміздің барлық 20 өңірінде осындай 4 мыңнан астам «хабарландыру» жойылды. Сонымен қатар, түрлі оқу орындарында есірткі заттарының зияны туралы дәрістер өткізіледі. Сараптамалық алаңдар ұйымдастырылып, онда жастар қауымы танымал тұлғалармен, депутаттармен кездеседі. Бұған дейін «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің мүшелері жасөспірімдер мен жастардың денсаулығына зиян келтіретін электронды темекінің, алкогольдік ішімдіктердің, есірткінің таралуы мен заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдату мақсатында заңнамаға түзетулер енгізуді ұсынды.