ЖЫР  МАРЖАНЫ – МҰҚАҒАЛИ  МҰРАСЫ

ЖЫР  МАРЖАНЫ – МҰҚАҒАЛИ  МҰРАСЫ

ЖЫР  МАРЖАНЫ – МҰҚАҒАЛИ  МҰРАСЫ
ашық дереккөзі
Өткен жылы халқымыздың ардақты ақыны Мұқағали Мақатавтың 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, соның қорытындысы іспеттес – жыл соңына қарай «ҚАЗақпарат» баспасынан «Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясы жарық көрді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы бойынша жарық көріп отырған бұл кітап – Қазақстанда шығып отырған жеке тұлғаға арналған екінші энциклопедия. Бұндай алғашқы тұлғалық энциклопедия – «Абай» энциклопедиясы 1995 жылы қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен 150 жылдық мерейтойы тұсында «Атамұра» баспасынан басылып шыққан болатын. Көлемі 90 баспа табақ бұл көлемді еңбекті әзірлеуге Т.Рсаев (топ жетекшісі), С.Арынғазин, Е.Ахметкерімұлы, Б.Бекеева, С.Бекмұратұлы, С.Елікбай, А.Еркебай, Т.Жақып, Ғ.Жандыбай, Е.Деңісұлы, Ә.Күлімбетов, Ө.Күмісбаев, Қ.Құрманғали, А.Нысаналин, С.Оспан, Ә.Оспан, А.Өмірзақ, Б.Сарбалаев, Н.Түсіпжан, Б.Ұзақ секілді қаламгерлер қатысқан. Энциклопедияның беташары ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Мұқағали туралы пікірлері, қазақтың көрнекті ақындары Әбділдә Тәжібаевтың «Шынайы талант», Фариза Оңғарсынованың «Мәңгілік жырлары», Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Нұрлан Оразалиннің «Құдіретті жырдың құндағы» атты мақалалары берілген. Көлемі 90 баспа табақтан асатын тұлғалық энциклопедияда Мұқағали Мақатаевтың мыңнан аса шығармаларына талдау жасалып, ақын туралы жазған және шығармашылық жағынан қатысы бар тұлғалардың суреттері мен өмірбаяндық деректері орын алған. Бұдан тысқары ақынның отбасы, ұрпақтары туралы толық мәліметтер бар. Энциклопедияны парақтай отырып ақын Мұқағалиға қатысты көптеген қызғылықты деректерді оқисыз: мысалы, М.Мақатаев шығармаларын талдау негізінде бірнеше ғалым кандидаттық диссертация қорғаған. Атап айтар болсақ, ғалымдар Күрленбай Хамидуллаев «Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі» (1993 ж), Айнагүл Қазанбаева «Мұқағали Мақатаев поэмаларындағы көркемдеуіш тәсілдердің қолданысы» (1999),  Бибіжан Бегманова «Мұқағали Мақатаев лирикасындағы ұлттық сипат» (2006 ж), Ұлжан Тұрбекова «Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы психологизм» (2010) тақырыбында зерттеулер жүргізіп, ғылыми дәреже алған. Мұқағали бейнесі театр және кинода бейнеленген. 2004 жылы Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрда «Мұқағали» атты поэтикалық драманың тұсаукесері болса (қоюшы режиссер – Болат Ұзақов), 2011 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мұқағали шындығы» атты фильм-әңгімесін түсірді (сценари авторы – С.Жанболат, режиссері – С.Ибраим). Ақынның есімін ардақтаудың тағы бір үлгісі – 1985 жылы Қазақстан жазушылар одағының шешімімен Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың тағайындалуы болды. 1990 жылға дейін ол жас қаламгерлердің үздік шығармалары үшін беріліп, оған Несіпбек Айтов («Күміс күйме» кітабы үшін), Жүрсін Ерман («Арайлы таң, армысың» атты өлеңдер жинағы үшін), Ерік Асқаров («Көгілдір» өлеңдер жинағы үшін), Аманхан Әлім («Жанымның жапырағы» кітабы үшін), Бауыржан Жақып («Көзімнің нұры» кітабы үшін), Жаңабек Шағатай («Көкөзек шақ» кітабы үшін) секілді белгілі қаламгерлер ие болды. Сол сияқты 2011 жылы аталмыш сыйлыққа М.Мақатаев атындағы қордың атынан жазушы Ә.Кекілбай, мемлекет және қоғам қайраткерлері М.Жолдасбеков, Ш.Беркімбаева, мектеп мұғалімі Г.Есетова; 2016 жылы сыншы-ғалым, композитор Т.Шапай, Алматыдағы М.Мақатаев атындағы гимназия директоры С.Тілеубай ие болды. Ал байқау негізінде мектеп оқушыларына тағайындалған «Мұқағали стипендианты» атты сыйлық 1992 жылдан беріліп келеді.  Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Албан асан Бармақұлы атындағы мектеп-гимназиясындағы тағайындаған өңірлік сыйлық бүгінге дейін 140 оқушыға берілген. Ақынның өмірі мен шығармашылық жолын тыңғылықты зерттеп, елімізде мұқағалитану ғылымын қалыптастыруға зор ықпал етіп келе жатқан «Мұқағали» атты журнал бар. Оның тұңғыш нөмірі 2005 жылдың тамызында Райымбек батырдың 300 жылдық мерейтойына орай шығарылған. 2006 жылдан алғашқы бес жылды көлемі 60 бет болып айына бір рет, одан соңғы жылдарда көлемі 120 бет болып, екі айда бір рет үзіліссіз шығып келеді. Бұдан басқа ақын туралы жарық көрген бірнеше зерттеу, естелік кітаптар, ақын өлеңдеріне жазылған жүздеген әндер, ақын бейнелеген көптеген портреттер, республиканың көптеген елді мекендерінде М.Мақатаев атындағы көшелер бар. Алматыдағы М.Мақатаев атындағы көшеге ескерткіші орнатылған. Жалпы, ұлт ақыны Мұқағали туралы осындай деректер мен дәйектер мол қамтылған «Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясы қазақ үшін құнды кітаптардың қатарына қосылған толымды еңбек. ...Әрине, суық қайғы,                     суық қайғы, Көңілін халқың бірақ                     суытпайды. Егерде халқың өзін ұмытпаса, Бақыл бол, халқың сені                     ұмытпайды. Кеңсайдағы ұлы ақынның зиратында қызыл гранитке қашап жазылған осы бір шумақ жырындағы ой бүгінде ақиқатқа айналып, халқым деп көкірегін кере жырлаған ақын рухына бүгінде халқы да зор құрмет көрсетіп жатыр. Соның нақты бір көрінісі «Мұқағали Мақатаев» энциклопедиясы болса керек.