Эфирде бейәдеп сөз айтқан Щучинск әкіміне қатаң сөгіс жарияланды
Эфирде бейәдеп сөз айтқан Щучинск әкіміне қатаң сөгіс жарияланды
Instagram желісінде халық алдында есеп беріп болғаннан кейін балағат сөз айтқан Щучинск қаласының әкімі қатаң сөгіс алды. Бұл туралы Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Нұрмағамбетовтың этикаға жат әрекеті көпшіліктің наразылығын тудырды. Әрине, қызметтік тексеріс жүргізіліп, аталған ақпараттың шындыққа жанасатыны анықталды. Оның үстіне ол қателігін мойындады. Оған тәртіптік жаза, яғни, қатаң сөгіс жарияланды», - деді Ақмола облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Айнагүл Жанәділова.
2 тамызда Олжас Нұрмағамбетовтың жүргізген тікелей эфирі үлкен дау-дамайға айналды. Қала әкіміне сұрақтары және ұсыныстарымен жүгінген Щучье қаласының ондаған тұрғыны сол күйі ешқандай жауап ала алмады. Қала басшысы қойылған сұрақтарға жауап берудің орнына қоштасып, тікелей эфирден шығып кеткен. Бірақ микрофон сол күйі қосулы қалған болып шықты. Кадрдан тыс әкім қала тұрғындарына қатысты дөрекі сөз айтқаны белгілі болды.
Көптеген сыннан кейін Нұрмағамбетов тағы да ел алдына шығып, болған оқиғаны теріске шығарып үндеу жасады. Ол эфир барысында да, одан кейін де «Щучье қаласының атына жағымсыз, тіпті жаман сөздер де айтылмағанын» мәлімдеді. Ал Бурабай ауданының әкімдігі аудитория тарапынан мүлде сұрақтар түспегенін айтып ақталды. Соған қарамастан ведомство қала әкіміне қатысты қызметтік тергеу басталғанын атап өтті.
Айта кетейік, қызметтік тексеріс басталғанда мемлекеттік қызметкер түсініктеме жазып, бейәдеп сөздерді халыққа емес, жергілікті ақпараттық порталдың тілшісіне қаратып айтқанын мәлімдеген. Олжас Нұрмағамбетовтың әкім қызметіне келгеніне 1 жыл ғана болған.
6 тамызда даулы баяндаманың толық нұсқасын Олжас Нұрмағамбетов Instagram-дағы парақшасында бөлісті.