Жаңалықтар

Алматыдағы тауда турист өлі күйінде табылды

ашық дереккөзі

Алматыдағы тауда турист өлі күйінде табылды

Алматыда тауға шығып кеткен турист үш күн бойы іздестіріліп, өлі күйінде табылды, деп хабарлады turkystan.kz. 5 тамызда 39 жастағы турист жалғыз өзі Шымбұлақ - Талғар асуы (3163 метр) - Богданович мұздығы (3500 метр) - Абай шыңы (4010 метр) бағыты бойынша көтерілмек болған. Таныстарына ескертіп, сол күні кешкі 21:00-де қайтып келетінін айтқан, алайда содан кейін байланысқа шықпаған. «Ер адамды іздеуге дереу ТЖД қызметкерлері, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен кинологиялық есептоптары, құтқару қызметтері мен «Доброспас» волонтерлері жіберілді. Құтқарушылар түні бойы тауда туристі іздеді. 6 тамызда таңертең ТЖД қызметкерлері іздестіруге ұшқышсыз ұшу аппараттарын қосты. ТЖМ Қазавиақұтқару авиаборты да ұшуға дайын болды. Алайда, таулы аймақтағы ауа-райының нашарлауына және қатты жаңбырға байланысты ұшуға рұқсат берілмеді», - дейді ТЖМ өкілдері. Іздеу-құтқару операциясына Альпинизм федерациясының қызметкерлері де қосылды. Бір тәулік ішінде ТЖМ және ерікті құтқару қызметтерінің қызметкерлері жоғалған туристің тау бағыты бойынша барлық іздеу аймақтарын: Чертово шатқалы, Қарлытау шыңы, Хрищатый шыңы, Талғар асуы, Абай шыңы, Богданович мұздығын барынша қамтыды. Іздеу жұмыстары түнде де тоқтаған жоқ. «Бүгін де іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасады, ТЖД қызметкерлері таудағы ауа-райы жақсарғаннан кейін ұшқышсыз ұшу аппаратын іске қосты. Іздеу орнында ТЖД, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының отыздан астам қызметкері, ерікті құтқару қызметінің еріктілері, қалалық құтқару қызметінің құтқарушылары, Алматы қаласының Альпинизм федерациясының өкілдері, екі кинологиялық есептоп және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды», - делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.