Ресейге асқан бекіре
Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиевтің айтуынша, облыста өндірілетін балық өнімінің 85 пайызы Ресейге экспортталып жатыр. «Өткен жылы Украина, Өзбекстан, Грузия мемлекеттеріне 1376,4 тонна балық өнімі сатылды. Германия, Франция, Англия, Шотландия, Польша, Латвия елдеріне «Аманкелді» өндірістік кооперативі 251,4 тонна балық өнімін сатты», – дейді Сырым Рысқалиев. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, облыстағы балық шаруашылығы мекемелері 4 топқа бөлінеді. Бірінші топқа дамыған техникалық базасы және білікті мамандары бар көшбасшы мекемелер енген. Олардың қатарында «Аманкелді» өндірістік кооперативі, «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі, және «Тілекші», «Жемчужина», «Ақтау-Балық» ЖШС бар. Қалған 3 топқа мұздатылған, салқындатылған және кептірілген балық өнімдерін өндіретін кооперативтер топтастырылған. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесу барысында балық өнімдерін Ресейге шикізат түрінде сату өз несібеңді өзгеге өз қолыңмен бергенмен бірдей дегенді қадап айтып: «Ресейліктер біздің өнімді терең өндеп, бірнеше есе бағамен Мәскеудің үлкен сауда орталықтарына шығарып жатыр. Біз мұның алдын алу үшін облыс экономикасын әртараптандырып, экспортқа өз өнімімізді өзіміз өңдеп ұсынуымыз керек», – деп көпке ой салған болатын. Ал кәсіпкер, «Құралай» корпорациясының президенті Әбдібек Бисенов: «Ресейдің нарығын бағындырудың талабы қатаң. Оған ену үшін біраз тер төгуге тура келеді. Біздің елімізде балыққа сұраныс аз, сондықтан оның құны қымбат. Бүгінде балықтың бәсекелесі – тауық. Оны сақтау оңай, бағасы да арзан. Ал балық өнімдері тез бұзылады. Оны сақтаудың машақаты көп»,– дегенді айтады. Алайда балықты шикізат түрінде сатып, пайдаға кенеліп жатқандар неге оны қолдан өсіру жағына көңіл бөлмейді? Елбасы Н.Назарбаевтың Каспий бекіресінің табиғи қорын сақтау жөнінде міндет қойғанын қалайша жоққа шығарамыз?! Бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіруге не кедергі? Бүгінде Атырау облысында шабақ өсірумен айналысатын 2 зауыт жыл сайын 7 млн шабақ өсіріп, Каспий теңізіне жібереді. Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, балықты тоғанда өсіру үшін облыста 6 инвестициялық жоба қолға алынған. Атырау қаласында сумен қамтудың тұйық жүйесінде бекіре тұқымдас балықты қолдан өсіру және азықтық уылдырық алу бойынша балық өсіру кешенін құру жобасы аясында «CaspianRoyalFish» ЖШС өткен жылы 20,5 тонна бекіре тұқымдас балық өсіріп, алғашқы уылдырығын экспортқа шығарып үлгерді. Ал биыл «Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау облысындағы Жайық өзенінде бекіре балығын өсіру бойынша шарбақтық шаруашылық құрылысы жобасы бойынша 25 тонна бекіре балығын өсіріп, нарыққа шығаруды жолға қойған көрінеді. Қазақстанда өндірілген балық өнімдерінің сапасын жоғары бағалаған елдің бірі – Қытай xалқы. Себебі Қазақстан Қытайға жылына 2 мың тонна балық өнімін экспорттауды жоспарлауда. Ал қазір балық өңдейтін 24 қазақстандық кәсіпорын өз өнімдерін Қытайға экспорттай алатын тауар өндірушілердің тізіміне кірген. Бұдан былай жыл сайын 2 мың тонна балық өнімі Қытай нарығына экспортталады. Алайда несібемізді Каспий мен Жайық-Қиғаш өзенін торуылдаған ресейлік браконьерлерге бергенше, экспорттан түсетін пайданы ойлағанымыз жөн емес пе?