Жаңалықтар

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында жүк тасымалы артады

ашық дереккөзі

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында жүк тасымалы артады

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағында жүк тасымалы артады. 2020 жылға қарай мұнда жылына 5,5 миллион тонна жүк тасымалданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұлы Жібек жолына қайта қан жүгірткен ірі жоба нәтижесінде Орталық Азия және Еуропа елдеріне тауарлар жылдам жеткізілуде. Контейнерлік пойыздар қозғалысы қарқынды дамуда. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Маржан Мұрат мәлім етті. «Өздеріңізге белгілі, Алматы облысының Қытай елімен шектесетін үш шекарасы бар. 700 шақырым жерді алып жатыр. Ол Қалжат, Достық және Қорғас. Елбасы дәстүрлі Жолдауында екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайту жөнінде нақты тапсырмалар беріп келеді. Ірі жобалар жүзеге асуда. Мәселен, «Қорғас» экономикалық аймағының инфрақұрылымы толықтай дайын деуге болады. Қазір екі ел арасындағы көліктік-логистикалық бағытты дамытуға арналған ірі жоба жүзеге асырылуда», деді Маржан Мұрат. Одан өзге басқарма басшысы өткен жылы Алматы облысында 72 жаңа нысан іске қосылғанын атап өтті. Сондай ақ 34 өнеркәсіп өз өндірістерін кеңейткен. Нәтижесінде 2526 адам жұмыспен қамтамасыз етілді.