Жаңалықтар

«Гүл әкеліп, аңдып жүрген»: қайғылы жағдайда көз жұмған медбикеге қатысты тың дерек шықты

ашық дереккөзі

«Гүл әкеліп, аңдып жүрген»: қайғылы жағдайда көз жұмған медбикеге қатысты тың дерек шықты

Алматы облысында Қарасай ауданы ауруханасында пышақтап кеткен медбикеге қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлады turkystan.kz Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап. Ауруханадағы әріптестері марқұмның Қарасай ауданына қарасты Қошмамбет ауылында пәтер жалдап тұрғанын айтады. Айтуларынша, ауылда ер адаммен тұрған болуы мүмкін. «Бірақ сол ер адам ұрып-соғып маза бермепті. Қошмамбеттегі жалдамалы пәтерінен бір апта бұрын көшіп кетіпті», - дейді олар. Марқұм медбике Қарасай аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде жұмыс істеген екен. «Өте қарапайым, ешкіммен қақ-соғы жоқ, жақсы маман болатын. Қайғылы оқиға болған күні ер адам қызметтік есіктен кіріп, пышақтаған соң сол есіктен шығып кеткен. Ал аурухананың орталық есігінде күзетші болды, бірақ күдікті ол есіктен кірмеген», - дейді аурухана басшылығы. Дәрігерлердің сөзінше, қылмыстық оқиға болардан бұрын күдікті гүл әкеліп, аурухана маңында бір күн аңдып жүрген. «Оқиға болардан 4 күн бұрын сол ер адам қолында шоқ гүлі бар, аурухана маңын торуылдап жүрді. Медбике Қаскелеңде пәтер жалдап тұрды. Екі бойжеткен қызы бар, екеуі де жоғары білімді. Күйеуімен ажырасып кеткен, оның бөлек отбасы бар. Медбикенің басы бос болған», - дейді дәрігерлер.