Жаңалықтар

Несиелендірудің жаңартылған бағдарламасы таныстырылды

ашық дереккөзі

Несиелендірудің жаңартылған бағдарламасы таныстырылды

Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамаловтың төрағалығымен   2017 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендірудің жаңартылған бағдарламаларын таныстыру мақсатында арнайы жиын өтті. Шараға аудан басшыларының орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген 100-ге жуық кәсіпкер қатысты.

Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына республикалық бюджет қаражатынан 60 млрд теңге бөлініп отыр. «Аграрлық несие корпорациясының»  тікелей қарыз алушылары үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 3 пайызды құрайды. Яғни пайыздық мөлшерлеме былтыр 5 пайыз болса, биыл ол 2 пайызға төмендетілген. 

«Егер несие екінші деңгейлі банктер арқылы берілсе, соңғы қарыз алушы үшін несие мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды. Ал егер қаржыландыру кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы үлестірілсе, несие мөлшерлемесі 8 пайыздан жоғары болмайды»,- деді «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ өңірлік даму департаментінің басқарушы директоры Айжан Кенжебаева.

Бұл қомақты қаржы үш бағытта жұмсалады. Бірінші бағыт - екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен Аграрлық несие корпорациясынан 40 млрд теңге бөлінеді.  Екінші бағыт – фермерлерді екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру. Бұл бағытқа 15 млрд теңге бағытталып отыр. Үшінші бағыт – несиелік серіктестер және микроқаржылық ұйымдар арқылы қаржыландыру.

         Сондай-ақ биыл басым дақылдарға да несие белгіленіп отыр. Бар қаражаттың 20 пайызға жуығы майлы дақылдарға, шамамен 5 пайызы арпаға және 75 пайызы басқа дақылдарға бағытталуы тиіс.

Басымдық берілген дақылдар бойынша көктемгі егіс жұмыстарын несиелендіру 1 сәуірге дейін созылады,  одан әрі қарай   қалғандары қаржыландырылатын болады. 

Еске сала кетейік, осы жылдан бастап көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді несиелендіру мәселелерімен, инвестициялық жобаларды қаржыландырумен «Аграрлық несие корпорациясы»  АҚ айналысатын болады.

Сонымен, өтініш қабылдау басталды. Қазақстанның барлық облысы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын несиелендірудің жаңартылған бағдарламасын таныстыру 22 ақпанға дейін жалғасады.