Жаңалықтар

Эльдар Жұмағазиев: отандық өндірушілер арзан импорттан қорған болмай отырғанына қынжылады

ашық дереккөзі

Эльдар Жұмағазиев: отандық өндірушілер арзан импорттан қорған болмай отырғанына қынжылады

«AMANAT» партиясы Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық филиалдарының жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту жөніндегі аймақтық кеңестердің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында кәсіпкерлік саласына қатысты өңірлерде қордаланып қалған түйінді мәселелер талқыланды. Басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаттары, салалық ведомстволардың вице-министрлері, «Атамекен» ҰКП өкілі және бизнес қауымдастықтардың басшылары қатысты. Ал өңір азаматтары отырысқа бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды. Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Ресейден жеткізілетін импорттық тауарлардың саны күн санап артып бара жатқанын алға тартты. Атап айтқанда, биылғы сәуір-тамыз аралығында арпа, кебек, зығыр, күнбағыс, жұмыртқа, қант, өсімдік майы елімізге көптеп жеткізілді. Алайда, импорт тауарлардың орташа өзіндік құны да айтарлықтай төмендегені байқалады. «Бұған ресейлік тауарлар үшін сыртқы нарықтың тарылуы мен рубль бағамының теңгеге теңгерімінде төмендеуі себеп болып отырғаны анық. Бұл, өз кезегінде, ресейлік тауарларға деген сұраныстың арта түсуіне себеп болды. Ал біздің елімізде азық-түлік тауарларын өндіруге қажет құрамдас бөліктердің құны өсуде. Яғни, қарыз мөлшерінің, электр қуатының, жанар-жағармайдың, тұқымның, ауыл шаруашылығы техникасының құны, өсімдіктерді қорғау амалдарының шығыны, жем-шөп бағасы аталған елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Отандық өндірушілер арзан импорттан қорған болмай отырғанына қынжылады. Түптеп келгенде, мұның бәрі бәсекелестікке де кері әсер етуде», – деді Эльдар Жұмағазиев. Қазақстан нарығындағы Ресей өнімі отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреп тұрғаны анық байқалады. Мәселен, Қостанай облыстық партия филиалының өкілі Данияр Нұрпейісовтің айтуынша, еліміздегі сүт зауыттары қазақстандық кәсіпкерлердің өнімін сатып алудан бас тартып жатыр.