Жаңалықтар

Астанада осы аптада қандай мәдени іс-шаралар өтеді?

ашық дереккөзі

Астанада осы аптада қандай мәдени іс-шаралар өтеді?

Осы аптада елорданың мәдениет мекемелері қала тұрғындары мен қонақтарына арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отыр. Бұл күндері концерттер, көрмелер, фестивальдер өтеді, деп хабарлады turkystan.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап. 7-13 тамыз күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін Сәкен Сейфуллин мұражайында Абай күніне және Ш.Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған «Абай және Шәкәрім» көрмесі өтеді. 8 тамыз күні сағат 15:00-де №15 бұқаралық кітапхана «Ата Заң – ардағым» сұрақ-жауап сағатын өткізеді. 9-13 тамыз аралығында Елордалық цирк манежінде «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі өтеді. Қойылым уақыты: сағат 16:00-ден 18:30-ға дейін. 9 тамыз күні кешкі сағат 19:00-де Астана Опера «Музыкалық демалыс» концертіне шақырады. 10 тамыз күні таңғы сағат 10-да Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Сонымен қатар №5 балалар кітапханасында «Абай Құнанбайұлының қуғын-сүргінге ұшыраған туыстары мен ұрпақтары» атты көрме ашылады. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі сағат 11:00-де «Абай – жүрек қалауы даналық белгісі» әдеби-театрландырылған қойылымына шақырады. Ал №9 кітапханада сағат 16:30-да «Сұлтан Бейбарыс – ұлы мәмлүк» тарих сабағы өтеді. 11 тамыз күні таңғы сағат 11:00-де «Атамекен «Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені халықаралық Жастар күніне орай «Жастар – ел болашағы» атты дәріс өткізеді. Сонымен қатар №5 балалар кітапханасында «Біз есірткіге қарсымыз» дәрісіне қатысуға болады. 11 тамызда сағат 12:00-де Астана Опера сахнасында «Қар ханшайымы» музыкалық ертегісі көрсетіледі. Сағат 19:00-де мұнда «Марица» опереттасы көрсетіледі. Сонымен қатар, Бейбітшілік және келісім сарайында Данияр Жұмаділов стенд-ап концертімен өнер көрсетеді. 12-13 тамыз күндері сағат 11-де Demalys Promenade аллеясынан «Қазақстан күні» монументіне дейін «Армандар орындалатын қала» иммерсивті театры ашылады. Сағат 12:00-де Астана гольф клубының алаңында Satisfaction Fest фестивалі өтеді. Сондай-ақ осы сенбі және жексенбі күндері сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін қалалық алаңда және Орталық жағалауда Creative summer бағдарламасы, ал Нұр Әлем сферасы алдындағы ЭКСПО алаңында сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін Шәмші Қалдаяқов әндерінің фестивалі, сол сияқты классикалық және ұлттық қазақ музыкасының концерті жұмыс істейтін болады. 12 тамызда кешкі сағат 18:00-де Астана Операсында «Собака на Сене» музыкалық комедиясы ұсынылады. 13 тамызда сол сахнада сағат 12:00-де «Бременские музыканты» музыкалық ертегісі, Ал сағат 18:00-де «Летучая мышь» опереттасы көрсетіледі.