Жаңалықтар

Бағасы – 100 мың: түркістандық отбасы тандыр пеш жасауды кәсіпке айналдырды

ашық дереккөзі

Бағасы – 100 мың: түркістандық отбасы тандыр пеш жасауды кәсіпке айналдырды

Түркістан облысы Келес ауданындағы Абай ауылының тұрғындары, ерлі-зайыпты Тимур Хашимов пен Бибігүл Абдуллаева бүгінде наубайхана ашып, күніне 200-ден аса нан пісіріп, ауылды ас атасымен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлады turkystan.kz. Бүгінде төрт адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер нан пісіру кәсібін бастағанына небәрі төрт ай болса, тандыр жасаумен 2021 жылдан бері айналысып келеді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, ендігі кезекте кәсіпкер отбасы 2,5 пайыздық несие алып, екінші наубайхана ашуға ниетті. Отанасы Бибігүл тандыр пеш жасауды өзінің ата кәсібі деп біледі. Келін болып түскен кезде қайынатасы тандыр жасаумен айналысып, соны күнкөрісіне айналдырған екен. Ол 2021 жылы наурыз айында «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алып, отбасылық кәсібін бастаған. Қазір шаруаны үйіндегі отағасы мен балалары атқарады. Оның айтуынша, тандыр пеш жасаудың да өзіндік қыр-сыры, қиыншылығы бар. Бір күнде 10-нан аса тандыр қалыбын әбден илеуі қанған лайдан жасайды. Оның толық кебуіне 5-6 күн кетеді. Бір айда 360 тандыр жасап саудалайды. Сапалы тандыр жасау үшін сары, қызыл топырақ керек. Бір тандыр пештің бағасы 6 мың теңгеден. Сапасына қарай бағасы 100 мың теңгеге дейін жоғарылай береді. Қазір кәсіпкер отбасының қолынан шыққан тандырларын тек Келес ауданындағы елдімекендер ғана емес, сонау Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаштан келіп алып кетеді.