Қызылордада су қоймасы салынбақ

Қызылордада су қоймасы салынбақ

Қызылордада су қоймасы салынбақ
ашық дереккөзі
Қызылорда облысының әкімі  Қырымбек Көшербаев халық алдында есеп берді. Әкімнің есеп беруі барысында, Қызылордада сыйымдылығы 600 миллион текше метрді құрайтын су қоймасы салынатындығы белгілі болды, –  деп хабарлайды 24.kz арнасы. Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Күміскеткен шатқалына орын тебетін гидронысан іске қосылғанда Қызылорда қаласы мен Сырдария Жалағаш және Қармақшы аудандарының шаруалары су тапшылығынан құтылатын болады. Қазіргі уақытта аграрлы аймақта суармалы 60 мың гектардай жер пайдаланылмай, бос жатыр. Елбасы жолдауындағы агроміндеттерге сәйкес жылдар бойы тыңайтылмай, тоз-тозы шыққан алқаптарды қайта айналымға енгізу шаралары жасалады. «Жалағаш ауданындағы 15 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарлануда. Сонымен бірге ирригациялық және дренаждық жүйені жетілдіру жөніндегі жобаның үшінші фазасына облысымыздан тағы 144 мың гектар жерді қосу мәселесін көтерудеміз. Сондай-ақ 29 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жөніндегі жобаны жүзеге асыру үшін Ислам даму банкімен жұмыс жүргізудеміз», – деп атап өтті облыс басшысы Қырымбек Көшербаев. Өңір басшысының есепті кездесуінде айтылған тағы бір жағымды жаңалық – Жосалы кентіне газ қосылатындығы. Ағымдағы жылы Жосалы кенті газға қосылады. Жалпы бүгінде өңірдің 265 елді мекені көгілдір отын игілігін көріп отыр. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Енді көп ұзамай Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарына газ жеткізу жұмыстары қарқын алады. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, биыл республикалық бюджеттен қосымша 500 миллион теңге Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралінен Жосалыға дейін газ құбырын салуға бөлінеді. Өндірістік саланы өркендетуге ден қойған өңірде Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған 27 жобаның бүгінде 21-і тұрақты өнім өндіріп тұр. Бұл жақсы көрсеткіш. Жаңа кәсіпорындарда мыңнан аса адам еңбек етеді. Ал ағымдағы жылы шыны зауыты іске қосылып, тампонажды цемент және кальцилендірілген сода шығаратын өндіріс ошағының құрылысы қарқын алады деп жоспарланып отыр.