Жаңалықтар

ЕХРО көрмесінің бағдарламасы таныстырылды

ашық дереккөзі

ЕХРО көрмесінің бағдарламасы таныстырылды

Астана қаласында өтетін халықаралық мамандандырылған ЕХРО көрмесінің бағдарламасы таныстырылды, –  деп хабарлайды 24.kz арнасы. Халықаралық EXPO-2017 көрмесінің аясында Астана қаласында 3,5 мыңға жуық мәдени және спорттық шара өткізіледі. Туристер, астаналықтар мен қала қонақтары мәдени оқиғалардың болатын орнын, күнін «expo2017culture.kz» сайтынан біле алады. Бұл туралы ойын-сауық бағдарламасының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихатында белгілі болды. Түрлі жанрды қамтитын ЕХРО көрмесінің кешенді бағдарламасын жасауға 2 жыл уақыт жұмсалыпты. Мәдени іс-шаралар Қазақстанның көпұлтты халқының мәдениеті мен өнерінің жетістіктерін жан-жақты таныстыруды көздейді. Бағдарлама бойынша, бір ғана «Астана Опера» театры көрермендеріне 70 қойылым ұсынып отыр. Сонымен қатар,  «Ла Скала» мен «Мариин» театрлары арнайы гастрольдік сапармен келеді. EXPO-2017 көрмесінің аясында бірнеше халықаралық байқау ұйымдастырылады деген де жоспар бар. «Аталған кешенді бағдарлама түрлі жаңалықты қамтитын алдыңғы қатарлы қазақстандық және шетелдік шығармашылық ұжымдары мен спорт, өнер жұлдыздарының қатысуымен өтеді», – дейді  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Алмаз Нұразхан.