Кәсіпкерлер Ресей импортына бақылау жүргізуді талап етті
Кәсіпкерлер Ресей импортына бақылау жүргізуді талап етті
«AMANAT» партиясының Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдары жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөнінде өңірлік кеңес өтті, деп хабарлады turkystan.kz.
Қостанай облыстық партия филиалының өкілі Данияр Нұрпейісов Ауыл шаруашылығы шикізатының импортына бақылау жүргізілмейтін айтып шағымданды. «Геосаяси жағдайдың шиеленісуіне және Ресей өнімі үшін экспорттық нарықтардың жабылуына байланысты Қазақстан аумағына тауар, азық-түлік, оның ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын әкелу едәуір ұлғайды. Мысалы, біздің сүт өндіретін зауыттар отандық жеткізушілерден шикізат сатып алудан бас тартуда. Себебі сүт бағасы айтарлықтай арзан. Осы жағдайды назарға алуларыңызды сұраймын!» - деді ол. Өз кезегінде Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің өкілі Шәймерден Ахметов кез келген өнімнің импортына тыйым салу үшін негіздеме болу керек дейді. «Елмізге Ресейден арзан өнімдер үлкен көлемде келіп жатқаны рас. Біз бұл тұрғыда шектеу әрекеттері үшін тиісті шараларды қолданатын боламыз. Алайда, бидай тасымалдауына қатысты шектеу енгізер алдында, оған нақты негіздемелер болды. Мәселен, Ресейден көлікке тиеліп, ел аумағына кіргізілген бидай үшін ешқандай салық, транзит тарифі төленбей келді. Сосын Қазақстандық элеваторлардан шыққан астық үшінші елдерге арзан бағамен экспортталды. Ал жергілікті диқандардың өнімі қымбат әрі өтімсіз болып қалды. Сәуірде осы кәсіпкерлердің талабымен Ресейден көлікпен бидай тасымалдауға жарты жылға тыйым салынды. Осы жағдайдан кейін барлығы сүт, қант өнімдеріне де көлікпен тасымалдауға тыйым салуды талап етіп жатыр. Егер сүт өнімінің импорты бойынша да нақты деректерді, мәселені фактілермен көрсетіп, жолдасаңыз, заң жүзінде реттейтін боламыз», - деді Ш. Ахметов. Ақмола облысында ауыл тұрғындары өздерінің елді мекендерін «Ауыл Аманаты» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына қосуды сұрады. Өйткені басқа қолданыстағы бағдарламалар шарттары бойынша тиімсіз. Бұл - Көкшетау, Степногорск, Қосшы маңында орналасқан ауылдар. Барлығы 140 мың адамнан тұратын 14 елді мекен. Мысалы, Көкшетауға Красный Яр ауылы жатады, ол қаладан небәрі жеті шақырым жерде орналасқан. Бірақ бұл елді мекен облыс орталығына жақын орналасқандықтан, ол бағдарлама шарттарына сәйкес келмейді. Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп іске асыратын «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Олар жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген қарыз алуға, кооперативтер құруға және техниканы лизингке рәсімдеуге көмек ала алады. Сонымен қатар, жиында бидайдың төмен нарықтық бағасы, жүк тасымалы, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жетіспеушілігі, битум тапшылығы, газдандыру қажеттілігі және т.б. мәселелері көтерілді. Қатысушылар жүйелі тәсілді қажет ететін мәселелерді одан әрі қарастыратынын айтты. Жалпы, аталмыш талқылау «AMANAT» партиясының алаңында шағын және орта бизнесті дамытудың неғұрлым өзекті мәселелерін талқылау және шешу, салалық бизнес-қауымдастықтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты күшейту, өткір проблемалық мәселелерді жедел шешуге бағытталған.