Жаңалықтар

АҚШ соты Мұхтар Әблязовтің БТА банктен қаржы жымқырғанын растады

ашық дереккөзі

АҚШ соты Мұхтар Әблязовтің БТА банктен қаржы жымқырғанын растады

АҚШ соты Мұхтар Әблязовтің БТА банктен ақша жымқырғанын анықтады. Бұл туралы БТА банктің баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz. 2023 жылдың 31 шілдесінде Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша АҚШ аудандық сотының судьясы Джон Г.Кельтл «БТА банкі» АҚ-ның Triadou SPV S.A.-ға қарсы ісі бойынша шешім шығарды. Іс бойынша 193 миллион доллардан астам сомаға қатысты шешім АҚ пайдасына шығарылды. Сот шешімі 2022 жылдың желтоқсанында алқабилердің үкімімен бірдей болды. Үкімге сай Triadou компаниясы бөтеннің мүлкін иемденгені және заңсыз байығаны үшін жауапқа тартылған. Алқабилердің үкімінен кейін судья іс материалдарын қарап, өз шешімінің негізін баяндады. «Нәтижесінде, сот БТА-ның Triadou-ға қатысты сенімгерлік меншікке және БТА қаражатын пайдалану арқылы алынған кез келген пайдаға қатысты талабын қанағаттандырды. Сондай-ақ БТА-ның Triadou-дың бірқатар активіне қатысты талап-арызын қабылдады», – делінген ақпаратта. Сот Triadou SPV Мұхтар Әблязовтің күйеу баласы Ильяс Храпунов құрған және басқаратын жалған компания екенін растады. Бұл компания БТА-дан ұрланған 70 млн доллардан астам қаражатты алып, оны Нью-Йоркте және АҚШ-тың басқа да жерінде жылжымайтын мүлікке инвестициялаған. «Сот қорытындысында «сотта келтірілген дәлелдер Америка Құрама Штаттарындағы Triadou атынан салынған қаражат Әблязовтің БТА-дан басқа жалған компания арқылы ұрлаған 115,3 миллион долларымен тікелей байланысты екенін көрсетеді» деп жазылған», – деп хабарлады БТА банкі. Ильяс Храпунов Triadou SPV-ді басқа адамға сатқанын айтқанымен, сот «Филипп Глатцтің сатып алғаны жалған деп танып, сот процесі басталған кезде де Ильяс Храпунов Triadou SPV-ді бақылап отырды» деген қорытындыға келген. «Сот пен алқабилер куәгерлерді, соның ішінде Мұхтар Әблязов пен оның сыбайластарын, сондай-ақ БТА-ға қатысты жасалған ірі алаяқтықтың құрылымын түсіндірген сарапшы куәгерлерді тыңдады. Сот БТА ұсынған Әблязовтің «оффшорлық компанияларға жалған несиелер» арқылы миллиардтаған долларды ұрлау үшін БТА корпоративтік бизнес кеңсесін пайдаланғаны туралы дәлелдері толық деп шешті», – деп жазылған банк хабарламасында. Сот «Банктің клиенттері» болған оффшорлық компаниялар Әблязовқа тиесілі болған немесе соның бақылауында болған, ал оларға берілген «несиелер»  экономикалық мазмұнға ие емес деген қорытындыға келді. Тәуелсіз тараптар арасындағы мәміле орнына, «несиелер» Әблязовтің БТА банкінен қаражатты заңсыз иемденуіне арналған» деген қорытынды шығарды.