Жаңалықтар

Астанада 600-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды

ашық дереккөзі

Астанада 600-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды

Бүгін Астана қаласында «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Жастар» сарайында кезекті жалпықалалық «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастырды, деп хабарлады turkystan.kz. Жәрмеңкеде қала аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы тұрақты және уақытша жұмыс орындарына бос жұмыс орындары ұсынылды. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек болатын бұл жәрмеңкенің жастарға берері мол. Жұмыс іздеп келгендер арасында  оқу орындарының түлектері көп. Олар құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы салалардағы жұмыс берушілермен кездесті. Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ «Сарыарқа» Мансап орталығының басшысы айтуынша, келесі жәрмеңке 24 тамызға жоспарлап отыр. «Бос орындар жәрмеңкесіне жастар өте белсенді келіп, жұмыс берушілердің ұсыныстарын қарастырып, қосымша кеңес алуда. Жалпы Астана қаласының «Еңбек мобильділігі орталығы» жыл басынан бері 18 шағын және 2 ірі бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Осы аралықта 286 жұмыс беруші 3 мыңға жуық бос жұмыс орнымен қатысты. Бүгін 75-тен астам жұмыс беруші мекеме қатысып, келушілерге 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Мәселен, Полиция департаментіне 100 қызметкер, «Жасыл аймақ» ұйымына 30-40 жүргізуші қажет. Одан бөлек, Халық банкі, Хоум Кредит банкі, «БАЗИС-А» құрылыс компаниясы, «Центрказэнергмонтаж» АҚ, «Магнум» сауда желісі, «Мечта» дүкені, «SMEU Astana» ЖШС және басқа да көптеген жұмыс беруші компаниялар қатысты. Ал жыл соңына дейін әлі 5 жәрмеңке өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, қазір елордада жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрайды. Соңғы 7 айда 8 мың адам жұмыспен қамтылды. Біз осындай жәрмеңкелерде қойылған сауалдарға жауап беріп, түсініксіз тұстарын кеңінен айтып береміз», - деді Бағила Орымбетова. Мұндай іс-шара жұмыс беруші мен жұмыс іздеп жүрген адамға үлкен мүмкіндік береді. Қажетті жұмыс іздеп жүрген адам өзінің түйіндемесін бірнеше жұмыс берушіге ұсынса, жұмыс беруші де жәрмеңке кезінде өздеріне қажетті мамандарын тез табады. Сондай-ақ, іс-шара аясында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалар кәсіптік оқыту және «enbek.kz» порталымен жұмыс істеу жөнінде Мансап орталықтары мамандарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.