Жаңалықтар

ЖАЗУ ҮСТЕЛІ БОС ТҰРМАУЫ ТИІС

ашық дереккөзі

ЖАЗУ ҮСТЕЛІ БОС ТҰРМАУЫ ТИІС

Таяуда Алматы қаласының Орталық мемлекеттік архивінде ұлт руханиятына еңбек сіңірген тұлға – Әшірбек Төребайұлы Сығайға арналған «Сұңқардай саңқылдаған Сығай!» атты еске алу кеші мен «Сені іздейміз біз енді мінберлерден» тақырыптық жеке қордан алынған фото және құжаттар көрмесі өтті. Зиялы қауым өкілдері, театр сыншысының көзін көріп, қоян-қолтық араласқан дос-жарандары қатысқан бұл басқосуда сағынышқа толы әңгімелер айтылды. Біз де өзімізге рухани әке тұтқан, ыстық ықыласын көрген, өзіміз қадір тұтатын сол бір мейірімді, қарапайым жанды жиі есімізге аламыз. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, жалпы қазақ руханиятына бар күш-жігерін, болмысын арнаған Әшағаңды – Әшірбек Сығайды көзі тірісінде төрімізге отырғызып, балаларымыздың қуаныш-жақсылықтарында адал ақ батасын алған, кешегі күндер бүгінде жүрек сыздатқан сағынышқа айналып бара жатыр. Сондықтан да, сол ұлы сағыныш санасын санға бөліп жүрген жары Күләш Сығаевамен сұхбаттасуды Аға алдындағы парыз-борышымыздай сезіндік.   – Күләш Дулатбекқызы, қалалық Орталық мемлекеттік архивтегі кездесуде, жазушы Дулат Исабековтің: «... менің өзімде мыңға жуық афиша бар еді, қазір соның көп болса қолымда 5-6-уы ғана бар, көбіне ұқыптылық жетіспей жатады...» дегені құлағымызда қалып қойды. Әшірбек Төребайұлы 2007 жылдың өзінде көптеген афиша, аудармалары, талай жазбаларын өз қолымен тапсырыпты. Оған не себеп болды екен? – Әшірбек өте ұқыпты, жинақылықты жаны сүйген, талғампаз жан еді. Өмірбақи жанымда жүретіндей қабылдаған қимасым жайлы өткен шақпен сөйлеу өте ауыр екенін енді-енді ғана сезініп жүрмін. Әлгі басқосуда телеарналарға бірауыз естелік сөз де айта алмадым. Жан-дүнием Әшекеңнің мәңгілікке кеткенін сезінсе де, жүрегім бой берер емес, – деп бір күрсініп алған Күләш ханым сәл үнсіздіктен кейін әңгімесін қайта жалғады. – Бойына біткен ұқыптылық болар, жазған-сызғандарына да шаң жуытпайтын-ды. Үйде жұмыс кабинетіндегі сөре-сөре кітаптарын күніне бірнеше рет сылап-сипап жүретін. Бірде қалың қағаз – құжаттардың арасында басы шарадай болып отыр екен. Не істейтінін сұрайын деп аузымды ашқанша: «Күләтай, осы дүниелердің біразын архивке өткізсем бе деп отырмын, сыймай барады. Барып көрдім, өте таза, әрі ұзақ сақтауға арналған құжаттар болғандықтан бөлмелері де соған лайықталып жасалған екен»,– деді. Әрине, «өзің білесің ғой» деп келістім. Одан кейін Райымбек, Баққожа, Асанәліні де үгіттеп жүріп, олардың да біраз құнды дүниелерін тапсыртқаны бар. Архив қызметкерлері де дән риза . Осылай үйде сақтау мүмкін болмай қалды да, ұқыптылығына көзі жеткен соң архивке өткізді біраз дүниелерін. Оның үстіне әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін ғой, бәлкім келешек ұрпаққа таза, бүтін жетсін деген де ойы болған шығар. Үйдегі температура бірқалыпты болмайды ғой, бірде жылы, бірде салқындау болуы мүмкін, арасына ауа кірмеген соң жазулар өшіп қалуы да ықтимал, ал онда бірқалыпты ұсталады екен. Кейін өзім де талай рет бірге барып жүріп көріп, қуанып қалғаным бар. Қайтыс болған күні-ақ архив қызметкерлері үйге келіп, Әшекеңнің сақтаулы құжаттарының тізімі деп таныстырып, тағы да құжаттарын тапсыруыңызға болады деп кетті. Екі жылға дейін жүрек дауаламай, жазғандарына көз тоқтата алмай жүрдім де, кейін кабинетіне кіріп, жазу үстеліндегі қағаздарын қарап, реттеп, тағы да біраз құжаттарын өткіздім. Жазылып бітпеген, орта жолдан үзілген дүниелері бірталай екен. Өткізбегенде не істеймін, оны ешкім де дәл өзіндей аяқтай алмайды, жаза алмайды. Сөренің екі қабаты толған құжаттары қаз-қалпында тұр. Көріп, ішім жылап тұрса да, архив қызметкерлеріне риза болдым. Кез келген уақытта барып көріп тұруға болады. Талай талантты жастар өсіп келе жатыр, өзінің де шәкірттері баршылық, егер Әшекеңнің шығармаларынан ғылыми атақ қорғаймыз деп жатса, біздің рұқсатымызбен ғана босатылады екен. Ал бәрін дерлік өткізіп тастауға болмайды, үйдегі жазу үстелі бос тұрмауы керек. Жұмыс кабинеті бос болмауы керек. Артында өсіп-өніп келе атқан ұрпағы – балалары мен немерелері иісін сезініп, қабылдап өсуі керек. Онсыз да қатты толқып отырған Күләш ханымның ойын сонау жастық шаққа, алғашқы кездесулерге бұрғымыз келіп, Әшірбек ағамен қалай танысқандары жайлы сұрадық. – Талдықорған облысынан Алматыға оқу іздеп келдік. Студент атандық. Еліміздің әр өңірінен келген жастардың көбі, тіпті көбі емес, барлығы дерлік өмірлік қосақтарын осы қаладан тауып жатады. Ол бұрыннан келе жатқан әдет, үрдіс тәрізді. Сол көп жастар сияқты мен де Алматы педагогика институтына келіп түстім. Жатақханаға орналастым. Бәріміз бір үйдің балаларындай болып шыға келдік. Тез тіл табысып, бауыр басып қаласың ғой. Ол кезде ру-ру, ата-ата болып емес, облыс болып, жерлестер деп іздеп, ортамыз толып жататын-ды. Қалтамыз жұқарып, азық-түлігіміз ортая бастаған кезде бөлме-бөлме болып «қарын тойдыру» шәйін ұйымдастырамыз. Курстас жігіттің бөлмесіндегі сондай шәй үстіне Әшекең бастап жерлес жігіттері кіріп келді. Кіріп келді де арқа-жарқа болып отырған бізге, әсіресе, Әшекең маған қадала қарап тұрып қалды. Кісінің бетіне, оның ішінде ер-азаматқа тіктеліп қарау қазақи тәлім-тәрбие көрген қазақ қыздары үшін ұят, әдепсіздік екенін білеміз ғой. Біраз уақыт көз алмай тұрған оның бұл қылығын студенттер де байқап қойды. Қарадай қысылып, қызарып кеткен болуым керек, қасымдағы қыздың тасасына қарай тығылып, жүзімді жасырдым. Осылай басталған таныстық сыйластыққа, достыққа, одан сүйіспеншілікке ұласты. Әкеміз ерте қайтыс болып кетті де, ағамыз екеуміз анамыздың тәрбиесінде өстік. Күн демей, түн демей жұмыс істеп, оқу оқысын, қатарынан қалмасын, жоғары білім алсын деген анамның ақ ниетін ақтауым керек деген мақсатпен өстім. Жігіт деген, жігітпен достасу, қыдыру деген басыма кіріп-шықпайды. Есіл-дертім институт бітіріп, екі-үш жыл жұмыс істеп, анама қолғабысымды тигізу. Басқа ой жоқ. Сондықтан да Әшекең қанша қиылып шақырса да, қыдыруға шықпаймын. Сабақ, тек қана сабақ! Жатақхана – кітапхана – оқу залы, осы бағытпен ғана жүремін. Сөйтіп жүргенде Әшекең оқуын бітіріп, консерваторияда қалды. Жиі келіп тұрады. Бөлмедегі қыздар да асыға күтетін. Әшекең әңгімешіл ғой, әдемі сөйлейді, орнықты сөйлейді. Сол мінезіне қызыққан бөлмелестерім: «Бұдан артық саған қандай жігіт керек»,– деп ұрысатын болды. Театрға билет алып келеді, кейде әдейі алатын болуы керек, екеуміз бөлек отырамыз да, қыздарға басқа қатардан тиіп жатады. Бір күні ауылдан жеңгем келді. Анам төре тұқымынан еді, «біреуі бар ма, болмаса немере інімнің баласы бар, сүйек жаңғыртамыз» дегенді айтып жіберіпті. Ойланып қалдым. Әшекеңді қимайтын сияқтымын, жақсы жігіт, адал азамат екенін бір кісідей біліп жүрмін. Өте мәдениетті. Тәрбиесі, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнерінен тектілігі сезіліп тұрады. Құрбыларыма да ұнайды. Жеңгеме де ұнады. Сонымен, 1970 жылы қосылдық. Той ауылда да, осында да болды. Сосын Кентаудан ата-енемді көшіріп алдық. 45 жыл бірге тұрып, әдепсіз сөйлеп, не болмаса артық-ауыс мінез көрсеткен емес. Балажан болды. Мейірімді болды. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Жалғыз әпкесі бар, ата-анадан жалғыз екеуі ғана. Ата-енемнің аузына қарап отырған жалғыз ұлы болғандықтан, қалада тұрақты үй-жайымыз болмаса да көшіп келді. Ол кісілер де Әшекеңді қалай көрсе, мені де солай қабылдады. Көрегенді кісілер еді, жарықтықтар. Әшекең қызметте, жолсапарларға жиі шығады. «Е-е, Күләтай қасымызда ғой, бабымызды табар, жолың болсын»,– деп шығарып сап, күтіп алып отыратынбыз. Әшекең керемет еңбекқор еді. Алғашқы жылдары ол – аспирант, мен баламен үйде отырмын. Қарттарымыз бар, келімді-кетімді қонағымыз тағы бар, қаражат тапшы, қиналған кездеріміз де болды. Сонда еңбекқорлығы сонша, түнімен аудармамен айналысады. Пьесалар аударады. Бірақ ешқайда ұсынбайды. Бірде радиодан «Бұлбұлдар түнін» аударғанын естіп, Талғат Теменов іздепті. Сөйтіп, алғашқы пьесалары сахналана бастады. Өзі – аспирант, сабағы, бала-шағасы бар, сөйтіп жүріп бәріне үлгереді. Кейін ректор болды, мәдениет министрінің бірінші орынбасары болып, лауазымды қызметтерде жүрсе де қолынан қаламы түспейтін. Өте қарапайым. Елдің бәрін өзіне жақын тұтатын, алалауды білмей өтті өмірден. Үлкенге де, кішіге де сыйластығын жоғалтпады. Кішіге жақсы аға, үлкенге ізетті іні бола білді. Өмірінің соңына дейін еркелетіп өтті. Алғашқы жылдары оңтүстікке келін болу дегеннің, ата-ененің алдындағы міндетіңнің қандай екенін түсіне алмай, басқа орамал салып, сиыр сауып, сүт пісіріп, таң алакеуімнен есік алдын сыпыруың керек пе» деген үрейден елге баруға жүрексінетінмін. Ата-енеміз қолымызда болса да, ағайын-туыс, қалың елі бар ғой. Қалай болар екен деп қашқақтап, түрлі сылтау айта бастаймын. Сонда Әшекең: «Күләтай, елде сенен де басқа келіндер бар ғой, сен қонақсың, еш саспа»,– деп жылы жымиып қоюшы еді. Шынында да, жаңа түскен келін болсам да қонақ боп барып, қонақ болып қайтатынмын. Өте бақытты әйел, адал жар болдым.