Елімізде сұранысқа ие мамандардың жалақысы 50 пайызға көтеріледі
Елімізде сұранысқа ие мамандардың жалақысы 50 пайызға көтеріледі
Ауылдарда сұранысқа ие мамандар жалақысына 50 пайыз үстемеақы енгізілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлады turkystan.kz.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін осы жылы наурызда Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы (Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысымен бекітілген) қабылданды. Онда шекара маңындағы аумақтарды дамыту іс-шаралары көзделген. Атап айтқанда, жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округтерінде жұмыс істеу үшін бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жалақыға 50 пайыз ауылдық үстемеақы енгізу мәселесі пысықталатын болады", - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Ә.Смайыловтың айтуынша, табиғи-климаттық жағдайлары ерекше (жылыту маусымы 9 ай) шекара маңындағы шалғай ауылдық округтердегі бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек қызметін жүзеге асыратын тұрғындар үшін оларды әлеуметтік және еңбекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі қаралатын болады.
«Қаулыда ҚХР-мен шектесетін шекаралас аудандардың (Катонқарағай, Большенарым, Күршім, Марқакөл, Мақаншы және басқалары) әкімшілік-аумақтық маңыздылығын арттыруға ерекше назар аударылды. Осылайша, аталған қолдау шаралары шекара маңындағы аумақтардың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін болады», - деді Премьер-министр.