Жаңалықтар

Ауыл балабақшасында балаларға бүлінген ет берілген

ашық дереккөзі

Ауыл балабақшасында балаларға бүлінген ет берілген

Жетісу облысының Қабанбай ауылындағы «Қуаныш 2» балабақшасынан шу шықты, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» арнасына сілтеме жасап. Ата-аналар мектепке дейінгі мекемедегі тамақтың сапасына шағымданған. Айтуларынша, онда балаларға мерзімі өтіп кеткен және иісі жағымсыз тартылған ет беріледі. Сондай-ақ терезе алдындағы шаң мен әжетханадағы тарақандар ата-аналардың жағасын ұстатты. Осыған орай, өңірдің санитарлық дәрігерлері онда жоспардан тыс тексеріс бастады. "Зертханалық зерттеулерге ас блогының 4 персоналынан бактерия тасымалдаушылыққа алынған сынамалардан теріс нәтиже анықталды. Дайын тамақ өнімдерінен алынған 4 сынама оң нәтиже көрсетіп, 20 шайындының 2 сынамасынан ішек тобы таяқшасы бактериялары анықталды. Зертханалық зерттеулерге дайын тамақ өнімдерінен микробиологиялық және санитарлық-гигиеналық зерттеуге сынама, микробиологиялық зерттеуге патогенді микрофлораға шайынды алынды. Тексеріс нәтижесі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады", – деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов.