Жаңалықтар

Әйгерім Әлімжан: Басты мақсатымыз – ақпараттық сауаттылықты үйрету

ашық дереккөзі

Әйгерім Әлімжан: Басты мақсатымыз – ақпараттық сауаттылықты үйрету

Өткен аптада Алматы облысы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық саябағындағы «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті «Медиасфера» гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік радио күніне арналған «Дата журналистика матрицасы ретінде Цифрлық сауаттылықтың жаңа мүмкіндіктері» атты IV Халықаралық журналистика және коммуникация Қысқы мектебі өтті. Бірнеше жылдан бері медиа саласының мамандары үшін тәжірибе алмасу алаңына айналған шараның биылғы мақсат-міндетін, нәтижелерін білу үшін медиа мектеп үйлестірушісі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, PhD докторант Әйгерім Әлімжанмен тілдескен едік. – Қысқы медиа мектептің бұған дейін 3 мәрте ұйымдастырылғанын білеміз? Бұл жолғысы несімен ерекшеленді? – Биылғы Халықаралық журналистика және коммуникация Қысқы мектебінің жұмысы Бүкіл-әлемдік радио күніне арналды. Алматыдағы ЮНЕСКО кластерлік бюросы мен ҚР БҰҰ Ақпараттық бюросы қолдау көрсетті. Қатысушылардың масштабы кеңейіп, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия елдерінен қонақтар келді. Сонымен қатар, еліміздің Атырау, Павлодар, Семей, Қарағанды, Астана, Қызылорда қалаларынан студенттер мен БАҚ мамандары қатысты. Дәрістер үш тілде өтуімен ерекшеленді десек болады. – Қандай тақырыптар қаузалды? Ақпараттық қоғамның өзекті мәселелеріне шешім болар қандай келелі ұсыныстар айтылды? – Негізінен «Data journalism: цифрлық деректерден – сапалы конттентерге», «Факторгафия. Визуализация. Трансформация триадасы және метажурналистика», «Дата журналистиканың коммуникациялық моделі және технологиясы» т.б. ауқымды әрі жаңа заманауи тақырыптар аясында шеберлік сағаттары өтті. Ақпаратты тез әрі жылдам тарату, сауатты контент жасау мәселелері қарастырылды. Негізгі ұсыныстар ақпараттық сауаттылықты арттыру үшін әр аймақта медиа семинарлар өткізуге байланысты болды. Қазақстанда журналистика саласында оқитын студенттердің бірегей пікір алмасатын платформасын қалыптастыру, үздіксіз тәжірибе алмасатын журналистік білім беру порталын ашу туралы ұсыныстар айтылды. – Жалпы, медиа мектеп өткізу идеясы кімдікі? Қай елдің тәжірибесі басшылыққа алынған? Мұндай шаралардың медиа мамандары үшін тиімділігі дәлелденген бе? – Медиа мектеп өткізу идеясының әрі жобаның авторы – журналистика факультетінің профессоры, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы. Дәл осындай жазғы мектеп жыл сайын Ыстықкөлде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар өткен жылы көктемде Шымкент, Түркістан аймағында қасиетті орындарды аралай жүріп, «Медиа керуен» ұйымдастырғанбыз. Бұл аймақтық БАҚ-тың даму барысымен жақын таныстырды. Болашақта да басқа аймақтарда өткізу жоспарлануда. Жалпы әлем елдерінде медиа мектептер, құрылтайлар өтіп отырады. Өткен жылдары Гонконгқа арнайы барып, осындай медиа мектепке қатысқан болатынбыз. Мұндай шаралардың медиа саласының мамандарына берері мол. Бұл – ең әуелі, коммуникация алаңы. Онлайнда жүйрік, бірақ оффлайнда екі сөздің басын құрай алмайтындарды байқағанбыз. Жүзбе-жүз кездесіп, пікір алмасу, білімді дамыту әлдеқайда тиімді. Екіншіден, білікті мамандардан дәріс тыңдау арқылы биік мақсаттарға қол жеткізуге болады. Жас журналистерге бүгінгі таңда ізденіс жетіспей жатады. Келесі медиа мектептерде де заманның маңызды мәселелеріне мән беріледі. Жастарға жаңа медианы өндіріске енгізуді үйрету, мультимедиалық веб-редакциялар құрып, онда жұмыс істей алатын білікті мамандар дайындау бағытындағы ізденістер жалғасын таппақ. Әлемдік медиа саласындағы оң өзгерістерді дер кезінде таныстыру, білім беру стандарттарының тиімді жақтарын пайдалануды көздейміз. Ақпараттық сауаттылықты үйрету арқылы интеллектуалды ойлайтын жас журналистерді тәрбиелеу – басты мақсатымыз. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА