Жаңалықтар

Қандастар «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қатысуды үлкен мәртебе санайды

ашық дереккөзі

Қандастар «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне қатысуды үлкен мәртебе санайды

Бүгін Алматыдағы Медеу мұз айдынында аты аңызға айналған «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің шымылдығы түріледі. Ара­­ға жиырма жыл салып қайта өткелі тұрған бұл фестиваль биыл ерекше форматта өтпек. Фестивальдің екінші күнінде әйгілі Black Eyed Peas тобы өнер көрсетсе, ал үшінші күні Роза Рымбаева, «Ялла» тобы, Юлдуз Усманова, Secret Service және тағы басқа өнерпаздар ән шыр­қайды. Ал бірінші күні қазақстандық эстрада жұлдыздары мен «Жас қанат – 2023» байқауының жүлдегерлері сахнаға шығады. Бұл күні шетелде тұратын өнерпаз қандастар да Медеу төрінде өнер көрсетпек. Қандастар биылдан бастап «Отандастар қорының» бастамасымен кезінде Eurovision байқауынан асып түспесе, кем түс­пейтін деңгейде өткізілген «Азия фестиваліне» қатысу мүмкін­дігіне ие болды. Осы ретте қор өкілдері мен олар ұйымдастырған кастингте топ жарып шыққан үш қандастың пікірін білген едік. Гаухартас КОСМОНОВҚЫЗЫ, дәстүрлі әнші (Моңғолия):

«Азия дауысы» фестиваліне қатысасыз» деп хабарласқан кезде, төбем көкке бір елі жетпей қалды

– Мен үш жасымнан бастап ән айтамын. Кішкене кезімде «Әнші балапан» секілді бала­лар арасындағы жарыстарға жиі қатыс­қан­мын. Өнерге жақын болып өстім. Алғаш рет теледидардан Қарақат Әбілдинаның жетіген аспабымен орындаған әнін естіген кезде, «Мен де жетігеннің сүйемелдеуімен осылай ән орын­дасам ғой» деп армандаған едім. Сөйтіп, сол арманымды орындау үшін Көкшетаудағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Шынымды айтсам, Қазақстанға жетіген аспабын үйрену үшін келген едім. Алайда мен оқыған білім орда­сында жетіген үйірмесі өткізілмейтін болып шықты. Жалпы, жетігенде ойнайтын өнер­паздар аз ғой. Жетігенде ойнауды үйрете­тін оқулық та жоқ. Сөйтіп, жетігенді өз бетім­ше үй­рендім. Қарақат апаймен Көкшетауда оқып жүргенімде кездесіп, шүйіркелескенде, ол кісі маған қолдау білдіріп, ризашылығын білдірді. Содан соң ол кісінің шәкірттерімен бірге бір-екі концертке қатыстым. Айтпақшы, Көкшетаудың атынан Таразда өткен респуб­ли­калық пат­риоттық әндер байқауына қаты­сып, «Көрермендер көзайымы» деген сыйлық алған едім. Оны бітірген соң, Моңғолия аста­насы Ұлан Батыр қаласындағы Өнер акаде­мия­сында эстрада жә­не вокал мамандығы бойын­ша білім алдым. Бүгінде жетіген аспабы арқылы халық әнін на­сихаттап жүргеніме 6-7 жылдың жүзі болды. «Отандастар қорының» әлеуметтік желідегі парақшасынан кастинг туралы хабар­лан­дыруды көрген бір туысым «Дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген жанның бірісіз ғой. Сіз қатысуға тиіс бір кастинг болып жатыр екен. Қатысып көрсеңіз қайтеді?» деп ұсыныс айтты. Со­сын Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері Айған ағамыз домбырада, ұлты моңғол бір өнерпаз ятга деп аталатын моңғол аспабында, мен болсам, жетігенде ойнап, ән айтып, үшеу­леп видео түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдадық. Сол кезде өтер-өтпесімді білгім ке­ліп, нәтижесін асыға күттім. Шетелде тұратын мықты әншілер көп қой. Дегенмен іштей ол фестивальге қатысатындай сезініп жүрдім. Бір айдан соң «Кастингтен өттіңіз. «Азия дауысы» фестиваліне қатысасыз» деп хабарласқан кезде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Қатты қуандым. Әрі Моңғолиядан мен ғана емес, төл өнерімізді насихаттап жүрген «Күлтегін» этно-фольклорлық ансамблі қатысатынын естіген кезде тіпті қуандым. «Азия дауысы» фестивалін Моңғолия қазақтары жақсы біледі. Бала күнімізде тағат таппай, фестивальдің басталуын теледидар алдында күтіп отыратынбыз. Ол уақытта бала бол­сақ та, өнерге деген қызығушылығымыз зор болғандықтан, әншілердің әнді құйқылжыта орын­дауына тамсанып, «Неткен керемет!» деп таң-тамаша болып отыратын едік. Қыдырәлі Болманов, Медеу Арынбаев ағаларымыз берген сұхбаттарында «Азия дауысынан» жарып шыққанбыз» деп айтып жататыны есімде. Жалпы, сол кезде конкурсант болып қатысқан әпке-ағаларымыз кейін елге танымал болып, қазірге дейін халықтың сүйіспеншілігіне бөле­ніп жүр ғой. Ол кезде «Азия дауысының» конкурсанты» деген атақтың өзі мәртебелі еді ғой. Бүгінде сол қатарды біз де толықтырғалы тұрмыз. Керемет емей немене?! Қандастардан көме­гін аямайтын «Отандастар қоры» болмағанда, біз бұл фестивальге қатысар ма едік?! Сон­дықтан осы идеяны іске асырған мамандарға алғысым шексіз! Фестивальдің ашылуына Халық әртісі Бибігүл Төлегенова қатысады деп жоспарланып отыр. Мұны естігенде қатты қуандым. Неге десеңіз, менің атам жас кезінде Бибігүл Тө­ле­генованың орындауындағы «Гауһартас» әнін сүйсініп тыңдапты. Мен дүниеге келген кезде «Қы­зым әнші болсын» деп ырымдап, сол әннің құрметіне мені Гауһартас деп атапты. Атам теле­дидардан Бибігүл апамыздың «Гауһартас» әнін естіген сайын «Сенің есіміңді Гауһартас деп қоюыма осы ән себепші болған» деп айтады. Сондықтан Бибігүл апаммен Медеу мұз ай­дынында бетпе-бет кездесіп, есімімнің қою тарихын айтып беремін деп бекініп отырмын. Мұса МАРАТ, жас әнші (Өзбекстан):

Отыз жыл бұрын «Азия дауысы» фестиваліне ұстазым қатысқан

– «Азия дауысы» қайта жаңғырады, «Отандастар қоры» кастинг ұйым­дас­тырады» дегенді естігелі бері сол кон­курсқа қайтсем де қатысуым керек деп ал­дыма мақсат қойдым. Бастапқыда мен бұл фестиваль бұрынғыдай байқау фор­матында өтетін болар деп тың­ғы­лық­ты дайындалдым. Бірақ биыл тари­хы бай бұл фестиваль жиырма жылдан соң қайта ұйымдастырылып жатқандықтан, жылы әрі естелік концерт форматында өте­ді екен. Әлбетте, бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Сөйте тұра, бұл – үлкен тебіреніс. Бойым­да толқу бар. Өйткені мен Алматыға бірінші рет келіп тұрмын. Көркіне көз той­майтын қаланың әдемі жерлерін аралап, ерекше сезімде жүрмін. Дәл қазір қандай күй­де тұрғанымды сөзбен сипаттай алмаймын. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Нөкіс қаласындағы Мәдениет және көркем өнер колледжінің эстрада вокал бөліміне оқуға түстім. Сол сәттен бастап қазірге дейін маған бар білгенін үйретіп жүрген Қарақалпақстан Республикасының Халық әртісі, қандас әпкеміз әрі менің ұстазым Гүлнара Мүнтеева өнердегі жолы қалай басталғанын баяндап, әңгімелеп беретін. Сол кезде «Қазақстанда әйгілі «Азия дауысы» деген фес­тиваль өтетін. Бұл жай ғана фестиваль емес, әлемдік деңгейдегі ірі конкурс. Мен сол фес­тивальге 1992 жылы Қарақалпақстанның атынан қатысқанмын» деп айтқаны есім­де. Содан соң үйге келіп, интернеттен «Азия дауысы» фестивалі» деп теріп іздеп, оның қашан өтетінін білгім келген еді. Сөйтсем, «Азия дауысы» фестивалі бұдан былай өтпейтін болыпты. Екі ай бұрын қайта ұйымдастырылатынын, кастингке қатысып жат­қанымды ұстазыма айтқанымда, ол кісі қатты қуанды. Өткенде кастингтен өтке­німді айтып, хабарласқанымда «Отыз жылдан соң енді сен қатысатын болдың!» деп қатты қуанып, жылы лебізін білдірді. Ол кісі теледидарға «Кезінде мен барған едім. Енді менің шәкіртім әрі балам барғалы жатыр» деп сұхбат беріп үлгеріпті (күліп). Жүр­ген жерінде де айтып жүрсе керек. Аймақта көпшілік мені Гүлнара ұстазымның бала­сы деп ойлайды екен. Сондықтан қазір айналамда «Гүлнараның баласы «Азия дауы­сы» атты фестивальге қатысқалы жатыр екен. Қазақстанға барады екен» деп гу-гу әңгі­ме жүріп жатыр. Бұл да бір белгі іспетті. Қазақ «Ат тұяғын тай басар» деп бекер айтпаса керек. «Азия дауысы» фестивалінің режиссерлері хабарласып «Құстар әнін» жанды дауыста орындап берсеңіз қайтеді? Концертмейстер фортепианода ойнайды. Қазақстанда бұл әнді білмейтін адам жоқ. Бұл әнді орындаған кезде қонақтар мен көрермендер ерекше күйге бөленіп, біраз жылы естелікті еске түсіретіні анық» деп ұсыныс айтқан еді. Мен бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдадым. «Құстар әнін» бұған дейін бір рет орын­дағанмын. Алайда үлкен сахнада бірінші рет орындайын деп тұрмын. Мені ерекше қуан­татын тағы бір жайт – шағын ауылда теледидардан бақылайтын, өзім сүйіп тыңдайтын көп әншімен бірге сахнаға шығамын деп кім ойлаған? Кішкене күнімде теледидардың алдында ауызым ашылып, тамсанып, тыңдап отырған кезде біреу «Бұйырса, сен осы әншілермен бірге бір сахнада өнер көрсетесің» десе, сенбес едім. Ақыл­ға қонбайтын секілді көрінетін. Ал бүгін мұның мүмкін екенін, еш сандырақ емес еке­нін дәлелдегелі тұрмын. Десе де, Медеудегі әйгілі сахнаға көтерілмейінше, бұған еш сен­бейтін секілдімін (күліп). «Отандастар қоры» ұйымдастырған кастингтен өтіп жатқан кезде мұның маңызын жете түсініп қоймаппын. Енді сезіліп жатыр. Қазақстанда өткен бір-екі конкурста жүлделі орын алған едім. Сол кезде танысып, достасқан өнерлі жастар өткенде «Жас қанат» байқауында топ жарды. Мені афишадан көр­ген олар «Уау, Мұса, сенде қатысады екенсің ғой! Бізге бір сөз айтпай келе жатқаның не?!» деп таңғалады. Мен оларға «Сендерге тосын сый жасау үшін келе жатырмын» деп қалжыңдаймын. Сондықтан осындай тосынсый, осындай ерекше сезім үшін «Отандастар қорының» қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін!